Жалғаннан Есенғали ақын көшті...
Жалғаннан Есенғали ақын көшті...

Жалғаннан Есенғали Раушанов та өтті. Қазақтың өлеңі де бөлек, бол­­мысы да бөлек дара ақын­дары­ның бірі еді.

Ол 1957 жылы Қара­қал­пақстанда Хожелы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Өз­бек­­­­­станның Жызақ облысы Мырза­шөл ауданындағы «Достық» газе­тінде әдеби қызметкер, бөлім мең­­герушісі болып бастаған. Кейін­­нен «Жалын» журналында бө­лім мең­геру­шісі, «Арай» журна­лын­да поэ­зия бөлімінің меңгеру­шісі, жауап­ты хатшы, «Зерде» журналы­ның бас редакторы, 1995 жылдан «Жазу­шы» баспасының директоры бол­ған. – Ұзын-ұзын көш келер, Ұзын шұбап бос келер. Тырналар-ай, Қиқу салып тарттыңдар қырға қарай. Сәл ертерек жетсеңдер қайтер еді, Мынау байғұс жүректі жұлмаламай. Тырналар-ай, уыз боп тұнған ән-ай. Мен аңғармай келемін жылда қалай, Аянышты мына өмір һәм аяулы, Талдан таяқ таянған «Бір баладай». Билей келсін бұл көктем тойлай келсін. Ертең тойды қояды ол, қоймай көрсін. Мәңгі бірге боламыз деп тұр қазір, Сенеді деп ойлайды, ә? Ойлай берсін. Көктеменің шын аты арман-елес. Кетеді ол да, қасымда қалмақ емес. Сүйем жалған екенін біле тұра, Не бар өзі дүниеде жалған емес. Бұл – Есенғали ақынның соңғы жыры. Шәкірті Шерхан Талаптың уатсап нөмірі­не жіберген екен. «Мына өлеңді осыдан бір ай бұрын жіберген еді. «Жаңа ғана бі­тір­­дім, оқып көрші. Бірақ ешқайда жа­рия­лама, ойыңды айтарсың» деді. Жаңа өлең жазса, оқып берер Аманхан досы да жоқ, осы бір сәтті бөлісер жан іздеген шығар деп топшылағам. Компьютерге теріп, су­рет­ке түсіріп жіберіпті. Кейіннен үстінен та­ғы бір қарайтынын да айтты», – деп жа­­­­зады Шерхан Талап.   Серік АҚСҰҢҚАР, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

ҚОШ БОЛ, АРДАҒЫМ!

– Күтпеген жерден Есенғали кетіп қал­ды... Оны да мына індет алып кетіпті?!. Қайы­рымсыз сұм ажал қазақ жырының бір қабырғасын суырып алды, көзімізді ба­қырайтып қойып! Адам Ата мен Хауа Анадан бері иісі қа­зақ­тан бұған дейін тумаған, енді қайта тумай­тын ақын келді де кетті! Оның орны ен­ді қазақ жырында ғана емес, күллі әлем­дік поэзияның төрінде мәңгі үңірейіп тұратын болады... Ұлы Мұхаңның (М. Мақатаев): «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын.  Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын. Туады, туады әлі нағыз ақын! Жыр сөздері жай болып атылғанда, Атылғанда, аспаннан оқылғанда, Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, Жанар пайда болады соқырларға!» – деген ақыны осы еді ғой?! Қош бол, ардағым! Арқасында ұлттық рухы шымырлаған қазақ баласының бәріне аза тұтып, көңіл айтамын!   Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Өзгеше мектеп қалыптастырған ақын еді

– Есенғали шайырдың қазасы – қа­зақтың руханиятына, мәдениетіне, көркем ой­лау әлеміне орны толмас қаза. Жалпы, Есенғали өзі энциклопедиялық білімге ие, үш тілді қатар меңгерген полиглот, қайрат­кер жігіт еді. Қалжыңдағанының өзінде әр сөзі мірдің оғындай, ондыққа тиіп жата­тын. Өте шешен еді. Сұм ажал арамыздан алып кетті. Қабырғамыз қайысады. Қай­ғыра­мыз. Көп жылдар бойы «Жазушы» баспасын басқара жүріп, жас таланттардың әде­биетке келуіне жағдай жасады. Сон­ы­мен бірге, оның тағы бір ерекшелігі – өз­ге­ше мектеп қалыптастырған ақын еді. Соң­ғы жылдары Жазушылар одағында бас­шылық қызмет атқарды. «Біреудің қа­засы – оттан, біреудің қазасы – судан» дей­ді қазақ. Есенғали бауырымыздың қа­за­сы дерттен болды деп естіп жатырмыз. Бар­ша туған-туыстарына, отбасына, әуле­тіне, сондай-ақ өнерді, әдебиетті жақсы кө­ре­тін жұрт­шылыққа қайғыра көңіл айтамын.   Светқали НҰРЖАН, ақын:

Кешіккен құстарыңның алдынан қарсы алуға аттандың ба?..

– Жалғаннан Есенғали ағам көшті! Ол дағы нар құлжадай аран кешті! Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген Жетектеп жүре берді тәмам көшті... Уа, көшті! Көшті деймін Есен ағам, Сумиып қала барды көсе-ғалам... Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде, Кісінеп: «Ием қайда?»  десе маған?.. Өткенде ең соңғы рет сөйлескенде «Сәуір­­дің ортасында Маңғыстауға жетем ғой» деп еді. Етегін жаба сала Құдайды жыр­лап келген шайырдың аузына Тәңір-Таға­ла салған екен ғой... Баяғы бозбала шағыңда сонау Сыр бойын­да жүріп «Анам маған айтады Маң­ғыс­тауын, 360 әулие күңіренген» деп жыр­лап едің, Маңғыстауың күңіреніп жатыр таң атқалы... Сен көктем сайын өлердей сағынып қауы­шатын құстар жетім қалды ғой, Аға-жа­ным-ау! Орныңды сипап қалды ғой, жан-көкем-ау! Таң атқалы аға-бауыр, қарындастарың еңі­реніп кетті, Ес-аға! Иран-Ғайып, Не­сіп­бек Дәутай, Ақсұңқарұлы көкелерің, Ты­ныштықбек, Шәкизада, Ертай, Ғалым Жай­лыбай замандастарың, Гүлнәр, Жанат, Гүлімай, Әлия, Бақыткүл қарындастарың, Сәр­сен, Бауыржан, Дәурен, Маралтай, Ауыт, Әнуар, Жанат, Ербол інілерің көз шо­лалары жасқа толып, көңіл-шарамды те­легей-теңіз қылды! Сол теңіздің үстінде ақ­қуша самғап сен ұшып барасың, Ес-аға! Кел­мей қойған көктемнің, кешіккен құс­та­рың­ның алдынан қарсы алуға аттандың ба?.. Бақұл бол! Атаң Бекеттің шапағатында бол! Не дейін басқа...