Көршіден қашанғы су сатып аламыз?
Көршіден қашанғы су сатып аламыз?
135
оқылды

Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның 2040 жылға қарай су тұтыну көлемі 56 пайызға арта түспек. Соның салдарынан жылына 12 км3 дейін су тапшылығы туындайды. Оның үстіне, Қытай, РФ және Орталық Азия елдері аумағынан келетін су қоры да айтарлықтай азаюы мүмкін.

Осыған орай  Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет сағатында 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдар­ламасының тұжырымдамасын ұсынды. Бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Оның бірі – мемлекетаралық ынтымақ­тастық. Мәселен, еліміздің негізгі су ағыстары Орал, Ертіс,Іле, Сырдария, Шу мен Талас өзендері болғандықтан, көршілес Орта Азия мемлекеттерімен су-энергетикалық ынтымақтастық ме­ханизмін жетілдіру. Сондай-ақ сумен жабдықтау саласына қатысты құқықтық базаны жаңғырту, институционалды реформалау және қолданыстағы су шаруашылығы инфра­құрылымын жетіл­діру мен қайта жасақтау жолдары қарас­тырылған.

Судың да сұрауы бар

 Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында XXI ғасырдың жаһандық он сын-қатерін атап өткен болатын. Оның бірі – соңғы алпыс жылда ға­лам­шарда ауызсуды тұтыну сегіз есеге ұлғаюына байланысты судың жетіс­пеу­шілігі. Соның нәтижесінде ғасырдың ор­та­сына қарай көптеген ел суды импорттап тасымалдап әкеліп ішуге мәжбүр болады. – Су ресурстары қашанда еліміздің маңыз­­ды стратегиялық қоры болып са­налады. Жылдар бойы жерүсті және жерас­ты сулары ауызсу және шаруашылық ба­­­ғытында қарқынды пайдаланылып ке­леді. Сарапшылар болжамы бойынша, 2030 жылға дейін еліміздегі жер үстіндегі су қоры 23,2 км³-ға азаяды. Бұл рес­пуб­ликаның бір жылдық тұтыну көлеміне тең. Осы жағдай түзелмесе халқымыз жақын арада ауызсудың тапшылығына ұрынуы әбден мүмкін, – деді  Парламент Мәжілі­сінің депутаты Сәлімжан Нақпаев. Оның үстіне республиканың 8 су-шаруа­шылық бассейнінің 7-еуі трансше­каралық екен, ал олардағы судың көлемі көрші мемлекеттердің ұстанған саясаты мен көңіл күйіне байланысты. Бұл жайт Қазақстанның су қауіпсіздігі жағдайын одан бетер ушықтыра түседі.

Су ресурстары мемлекеттік деңгейде қорғалуы тиіс

Қазақстандағы өзендердің жалпы су ре­сурсы – 101 км³, оның 57 км³ ел аума­ғын­­да түзіледі. Қалған көлем көрші мем­ле­кеттерден келеді: Ресейден – 8 км³, Қытайдан – 19 км³, Өзбекстаннан – 15 км³, Қырғыз Республикасынан – 3 км³. Сон­дықтан біздегі су ресурстары сырттан ке­летін өзен-көлдердің ағысына тәуелді. Сөй­те тұра, көрші мемлекеттермен арада­ғы су дауы ауық-ауық қозып тұратыны та­ғы жасырын емес. Еліміздің су қауіпсіздігін қорғау – мем­лекеттік деңгейде шешімін көптен күткен кө­кейтесті мәселелердің бірі. Мәселен, көр­ші елдердің Әмудария мен Сырдария­дан шамадан тыс су алуы Арал теңізінің түбін таяздатып, биоалуан тіршілігін тым жұтаңдатып жіберді. Оның экологиялық зардабы орасан. Егер теңіз сағаларынан су алу азаймаса, аталған проблема бұрын­ғы­дан бетер ушыға беретіні түсінікті. Алайда Арал бассейнінде орналасқан бұрынғы тө­рт советтер республикасының мемлекет­тері (Қазақстаннан басқа) теңізден ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін су алуды көбейтпесе, азайтуға құлықты емес. Ұзындығы жағынан Еуропаның үшін­ші өзені саналатын Жайықтың суы жыл өт­кен сайын тартылып барады. 2010 жыл­дан бері өзен деңгейі 2,5 метрге төмендеген. Қазір оның бойында 12 су бөгеті тұр. Олар­дың әрқайсысы көлемі 10 млн шаршы метр су жинайды. Ол аз десеңіз, Ресей Федерациясы Орынбор қаласын сумен қам­тамасыз етуді жақсарту мақсатында Жайық өзенінің бойына жаңадан тағы бір су бөгетін салуды жоспарлап отыр. Теріс­тіктегі көрші бөгет құрылысына 300 мил­лион рубль бөлген. Мұның бәрі алдағы уа­қытта экологиялық қиындықтармен қо­са, Қазақстанның су қауіпсіздігіне де үл­кен соққы болатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан об­лысы су ресурстары бойынша Ресейдің Сара­тов және Волгоград облыстарына тәуел­ді. Жыл сайын БҚО Саратовтан – 54 млн шаршы метр, Волгоградтан 28 млн шар­шы метр су алады. Бірақ бұл жеткі­лік­сіз. Батыс өңірін сумен толық қамтамасыз ету үшін қосымша 131 млн шаршы метр су қажет. Қазір Қазақстан Ресейден 1 шаршы метр суды 4,6 рубльге сатып алып келеді. Премьер-Министр орынбасары Р.Скляр Үкімет сағатында  Батыс Қазақ­стан облысына Ресейден 131 млн шаршы метр су сатып алуы үшін қажетті 3,5 млрд тең­ге 2021 жыл бюджетінің мүмкіндігіне қа­рай қарастырылатынын айтқан. 2019 жылы Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылық, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаны­бек Керімәлиев «Су туралы заңға өз­гер­тулер енгізілсе, Қырғыз Республика­сы көрші елдерден су үшін қаржы талап ете алады» деп мәлімдеген еді. Бұған дейін 2000 жылдары дәл осы мәселені Қырғыз Парламентінің депутаттары да көтерген болатын. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан қырғыз еліне сол жылы су алу үшін 119 мил­лион теңге төлепті. Бұл қаржы қырғыз же­рін­дегі су қоймаларын жөндеу үшін бе­ріліпті.

Қытай Ертіс пен Ілені иеленіп алды

Қазақстанның Қытаймен арадағы су жан­жалы Ресеймен және Қырғыз Респуб­ли­касымен салыстырғанда әлдеқайда күр­делі. Мәселен, бастауын Қытайдан ала­тын Іле мен Ертістің суына Нұр-Сұл­тан, Өскемен, Семей, Павлодар, Қара­ған­ды, Балқаш өңірлерінің тағдыры түгелдей тікелей тәуелді. Аспанасты елі осы екі өзен­ді арнасынан бұрып алу, олардың бойы­на бөгет салу, электр стансаларын ор­нату сияқты құйтырқылықтарды қым­сынбай-ақ істеп жатыр. Ресми Бейжің 2019 жылы Ертіс-Қара­май каналы арқылы Қара Ертістің 30 пайыз­ суын Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына бұрып алды. 2000 жылы Батыс Қы­тайды (Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданын) игеру бағдарламасын қабылдады. 2000-2002 жылдары бұл аймақтың эко­номикалық өсімі 8,2-8,7 пайыз көлемінде болды. 2006-2009 жылдары ол көрсеткіш 12 пайызға жетті. Бейжің Батыс Қытай хал­қының санын 2030 жылға қарай 20 мил­лионнан 100 миллионға жеткізуді жос­пар­лап қойған. Бұл дегеніміз алдағы уа­қытта Ертіс суын пайдалану бірнеше есеге артады деген сөз. Бұған қоса, Қытай Ертіс–Үрімжі кана­лы арқылы Қара Ертіс суының бір бөлігін Тарым су бассейніне айдауда. Ол жерден үл­кен көлемде мұнай мен газ табылған. Қа­зір Бейжің бұл жерді де белсенді түрде игеруде. Сондай-ақ Қытай Іле өзенінің бойына 15 су қоймасын және 59 суэлектр құрыл­ғы­сын орнатып, жыл сайын 15 шаршы ки­лометр өзен суын тартып жатыр. Эко­лог­тердің болжамынша, егер Бейжің Іле суын пайдалануды тағы 10 пайызға кө­бейтетін болса, онда Балқаш екіге бөлініп, Арал теңізінің кебін киюі мүмкін. Түйін.

Жоғарыда айтылған жайттардың бәрін қорытындылай келе, алдағы 15-20 жылда елімізді сумен жабдықтау мәсе­лесін қалай шешеді деп уайымдайсың. Сондай-ақ Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі билік қан­дай шаралар атқарып жатыр деп те алаң­дайсың.

Дәулет АСАУ