Сыр елінде серпінді істер көп
Сыр елінде серпінді істер көп

Соңғы жылдары облыс эко­номика­­сы­ның қарқын ала бастағаны барлық саладан айқын сезіледі. Өткен жылы Сыр өңірінде құрылыс ерекше қарқын алды. Жүзге жуық әлеуметтік нысан­ның құрылысы басталып, олардың басым бөлігі өңір тұрғындарының игілігіне берілді. 

Сыр еліндегі серпінді істер биыл да жалғасын тауып отыр. Өңірдегі бірқатар құрылыс, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралап көрген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі мен бірқатар мекеме басшысына нақты тапсырма жүктеді. Алдымен сол жағалау бойында жаңадан салынып жатқан 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысын бақылап көрді. Өңір басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамай­тынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және уақы­тылы аяқтау қажет екенін ескертті. Сондай-ақ облыс әкімі «КазАгроМир» жылыжай кешені мен ет өнімдерін шы­ғаратын «Танкаман» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2,2 гектар жерді алып жатқан жылыжай жылына 1 000 тонна қияр және қызанақ өндіреді. Ал «Танкаман» шаруа қожалығы жылқы өсіріп, оны бор­дақы­лаумен айналысады. Қосымша қымыз да өндіреді. Мұнда 15 азамат жұмыс істейді. Бұдан соң жалпы ауданы 41,1 мың шаршы метрді құрайтын СПМК-70 тұрғын ауда­нын­да болды. Жаңадан салынып жатқан 14 кредиттік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы саны 630 пәтерді құрайтын үйлерді салуға 8 млрд 245,7 млн теңге бөлін­ген. Құрылыс басында Гүлшара Әбдіқалы­қова қала әкімі Ғанибек Қазантаевқа тұрғын үй құрылысына қажетті түрлі заттың сапасына аса мән беруді және уақытылы аяқтауды міндеттеді. Одан кейін Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю Интернационал» химиялық реа­гент­­тер шығаратын зауытты және құрылыс­қа қажетті өнімдер ұсынып отырған «ВЕГА-ПРОМ», шұжық дайындайтын ЖК «Қалым­бетова», ет өнімдерін шығаратын «Аруана-Агролидер» цехтарына және Dalatex тігін фабрика­сына барды. Айта кету керек, «Хуа Ю Интернационал» химиялық реагенттер шығаратын зауыт жылына 1 000 тонна өнім өндірсе, шұжық шығару цехында 12 азамат тәулігіне 5 тонна шұжық дайындай алады. Ал «ВЕГА-ПРОМ» цехы тәулігіне 50 тонна құрылыс заттарын халыққа ұсынады. – Цех 2014 жылы құрылды. Құрылысқа қажетті желім ұнтақтары дайындалады. Облыстың 80 пайызын қамтып отырсақ, бұған қосымша Орал, Түркістан қалаларына біздің өнімдер жеткізілуде. Жалпы, қазір 8 түрлі желім дайындасақ, алда осы цехтың ауқымын кеңейту басты жоспарда тұр, –дейді «ВЕГА-ПРОМ» цехының басшысы Әбдіхалық Ділманов. Сондай-ақ құны 50 млн теңгелік «Ару­ана-Агролидер» цехы тәулігіне 800 тонна консервіленген ет өнімдерін әзірлейді. Ал Dalatex тігін фабрикасында 23 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кездесуде облыс әкімі шағын бизнес иелеріне жұмысты одан әрі жандандырып, көлемін арттырумен қоса, шығарылған өнімді сапалы әрі стандартқа сай етіп өндіруді тапсырды. Бұл жұмыстардың іске асырылу барысын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешовке жүктеді. Нысандарды аралау барысында өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Ғ.Мұратбаев көшесіндегі стадион аумағын абаттандыру және «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне жүргізілген жөндеу жұмысын да тексерді. Гүлшара Әбдіқалықова келесі бағытты бірнеше шағын өндіріс орындарына бұрды. Алдымен Талсуат ауылдық округіндегі «Сыр маржаны» ет комбинаты­ның құрылыс жұмысымен танысты. Комбинат ауысымы­на 5 тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны 250 бас ірі қара малы мен 1 000 бас ұсақ мал союға мүмкіндігі бар. Ша­ғын комбинаттағы өнімдердің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа жөнел­тіледі. Бүгінде ет комбинатының құрылысы 30%-ға аяқталған. Қажетті жабдықтар то­лық алынып болғаннан кейін нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұдан кейін облыс әкімі Ә.Қашаубаев көшесінің бойында орналасқан шыны зауытына барды. Өндіріс жылына 197 100 тонна табақша шыны шығара алады. Мұнда табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна мен ламинатталған шыны өндіреді. Қазір құрылыс алаңында жабдықтау жұмыстарына 91 жұмысшы тартылған. Бүгінде зауыт құрылысы 78%-ға аяқталып отыр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт толықтай іске қосылады. Айту керек, балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт және жылы режим жағдайы қажет. Шыны зауытындағы жұмыстарды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Нұрлан Тіле­шов­ке жабдықтау жұмыстарын нәтижелі аяқтап, зауыт жұмысын мерзімінде аяқтау­ды тапсырды. Аймақ басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамай­тынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыс­тарын сапалы орындау және уақытылы аяқтау қажетін қаперге салды. Өткен жылдары денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханаларды салу мәселесі шешімін тапты. Бюджет қаражаты есебінен 12 жаңа спорт нысаны салынды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 60 секцияға арналған спорттық-сауықтыру кешен­дері­нің құры­лысы бойынша 5 жоба жүзеге асырылды. Апатты жағдайдағы мектептерді жою бойынша жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Сондай-ақ осы жылы Қызылорда об­лысында 48,5 млрд теңгеге 4 ірі индус­триялық жоба қолға алынды. Бұл 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы