Елбасының көшбасшылығы мен даналығының арқасында халықтың ауызбіршілігі ажыраған емес. «Бірлік болмай – тірлік болмас» демекші, бүгінде бірлік Отанымыздың символына айналды. Қазақ халқы қай кезде болмасын бірліктің арқасында кез келген сынақты жеңе білді. Міне, бүгінде еліміз үшін осындай сындарлы сәт.
«Халық» қайырымдылық қоры осы жолы «Ел тірегі – Елбасы» деген акциясын бастады. Мұндағы басты мақсат – тұрмысы төмен, күн көрісі қиын отбасыларға, көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық қор бұл акцияны осы жылда бірнеше рет өткізбек. Наурыз айынан басталған көмектің арқасында қор 20 мыңдай отбасын азық-түлікпен қамтамассыз етті. Енді серіктестерінің көмегімен 100 мыңдай отбасын азық-түлік себетімен қамтымақ. Ал қазірдің өзінде 30 мыңдай отбасы азық-түлікпен қамтылды.Бір себеттің ішіне 5 келі күріш, 5 келі қарақұм, 10 келі ұн, 5 литр сұйық май, 1,6 келі бұқтырылған ет консервісі, 10 келі қант, 2 келі шәй, 2 келі кәмпит кіреді. Сонда 50,6 келі тұратын бір азық-түлік себеті 25 938 теңгеге шықты. Әр жиынтық үш қорапқа салынып, сырты «Ел тірегі – Елбасы» деген жапсырмамен қапталған.