Атырау облысындағы Ресей мен Қазақстан шекарасына қойылған қоршау алынды
Атырау облысындағы Ресей мен Қазақстан шекарасына қойылған қоршау алынды
158
оқылды

Атырау облысы Көптоғай ауылы маңындағы шекара қоршауы бұзылды. Бұл туралы Құрманғазы облысының әкімі Марат Мурзиев мәлімдеді.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, облыс әкімі тұрғындардың наразылығын тудырған Қиғаш өзені бойындағы шекара белгілері алып тасталғанын айтқан.
"13 және 16 сәуірде жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір өзенге мал суару және егінге су алу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл үшін ешқандай кедергі жоқ", - деді Марат Мурзиев.
Басылым таратқан видеода шекара қоршауының 18 сәуірде бұзылып жатқаны айтылған. Ондағы азаматтың айтуынша, қоршауды бұзып жатқан әскерилерге сондай бұйрық келген. Айта кетейік, 14 сәуірде Қазақстан мен Ресей шекарасында Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында жаңа шекара қоршауын салу жұмыстары басталған еді. Тұрғындар қоршауға наразы болды. Тengrinews.kz мәліметінше, мәселе Қиғаш өзені бойындағы ұзындығы 1500 метр және ені 10-нан 70 метрге дейінгі учаскеге байланысты туған. Каналға су тек көктемде толып, жазда кеуіп қалады. Мұнда жергілікті тұрғындар ондаған жыл бойы мал бағып келген. ҚР ҰҚК шекара қызметі бұл жағдайға түсініктеме беріп, жұмыс екі ел арасында 2005 жылы болған келісімдерге сәйкес демаркация жұмыстары аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. "Сол кезде нақты шекара белгіленген. Дәл сол кезде шекара тіректерін орнату жұмыстарында қате жіберілген", - делінген хабарламасында. Кейін желіде Атырау облысы Көптоғай ауылы маңында жерге байланысты "қақтығыс" болып жатыр деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоққа шығарды. Комитеттің хабарлауынша, онда «Қалқан-2021» оқу-жаттығуларында түсірілген кадрлар көрсетілген.