Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасын орындаудың әрбір кезеңін партияның Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері бақылайды. Облыстық мәслихат депутаттарымен бірге үкіметтік емес ұйымның мүшелері, азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын кеңестердің құрамы, облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысумен өткен Саяси кеңесі Бюросының отырысында бекітілді. Аталған жиыннан соң қоғамдық кеңестің жетекшілері де партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың барысына, қоғамдық бақылау жүргізудің маңызды міндеттеріне кірісті. Олардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова жетекшілік жасайтын экологиялық қоғамдық кеңес те бар. Кеңес төрайымымен болған сұхбатымызда жаңадан құрылған қоғамдық институттың мақсат-міндеті мен жоспары әңгіме арқауына айналды.
– Фарида Амансарықызы, сіз жетекшілік жасайтын экологиялық кеңестің негізгі бағыты қандай? – Кеңес өз жұмысында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Ұқыпты қоғам – таза экология» аталатын басымдығына баса мән береді. Облыс бойынша сайлауалды бағдарламада өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуды мақсат еткен бірнеше индикаторлық көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, партияның ықпалымен 2022 жылы Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынбақ. Сондай-ақ өңірдегі 158 ұйымдастырылған қоқыс үйіндісі мен полигонын экологиялық талаптарға сай ету жоспарланған. Тараз қаласы мен аудандардағы елді мекендердің және өндіріс ошақтарының аумағында жасыл белдеулер құруға назар аударылады. Бұл бағытта Тараз қаласының маңындағы мемлекеттік орман қорын жыл сайын 53 гектарға ұлғайту міндеті тұр. Сонымен қатар барлық ауылдарда қоқыстарды сұрыптап жинауға арналған контейнер қойылады. Жыл соңына дейін осында 439 дана қоқыс жәшігі облыстың түпкір-түпкіріндегі ауылдарға орнатылады. Өз кезегінде кеңес мүшелері осы жұмыстарды жүйелі, Жол картасында бектілген кестеге сай жүргізілуін бақылауда ұстайды. – Кеңестің құрамы қалай жасақталды? Кеңес мүшелерінің сандық-сапалық құрамы туралы не айта аласыз? – Экологиялық мәселелер салаға жауапты ұйымдардың басын қосып, жиын өткізумен ғана шешілмейді. Мұнда қарапайым халықтың ұсыныс-пікіріне, өзекті мәселелеріне назар аудару қажет. Бұл орайда, кеңес құрамы БАҚ өкілдері, блогерлер және үкіметтік емес ұйымның жетекшілерімен толықтырылған. Партия облыстық филиалы жанындағы өзге кеңестер сынды біздің жұмысшы органның сапалық құрамын жасақтауда оның мүшелігіне үкіметтік емес ұйымның жетекшілері мен азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тартуға басымдық берілді. Кеңес құрамында аталған санатқа жататын мүшелердің үлесі 33 пайызды құрайды. – Кеңестің жұмыс жоспары қандай? – Партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестер туралы ережеге сай біз кем дегенде тоқсанына 1 рет Жол картасындағы салалық индикаторлардың орындалуын талқылайтын боламыз. Мұндай басқосуларда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жұмыс істейтін ұйымдардың басшыларының партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдаймыз. Қажетіне қарай көшпелі отырыстар өткізіп, азаматтарға экология мәселесі бойынша қабылдау жүргізіп, мониторингтік зерделеу жұмыстары қолға алынбақ. Бір сөзбен айтқанда, партия филиалы жанындағы бұл кеңес өңір тұрғындары үшін ең өзекті мәселе саналатын экологиялық ахуалды жақсартуға қызмет етеді. Кеңес жұмысын жетілдіру бағытында біз әркез жамбылдықтардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асуға дайынбыз. – Әңгімеңізге рақмет.Сұхбаттасқан - Саятхан САТЫЛҒАН.