Ұзын бойлы жігіт әскерде кереуетке сыймай жүр – видео
Ұзын бойлы жігіт әскерде кереуетке сыймай жүр – видео
162
оқылды

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде борышын өтеп жатқан жігіт ұзын бойдың қиындығын да тартып жүр екен. Сап түзеп тұрған сарбаздар арасынан Әсет Абулғапаровты бірден байқауға болады. Әскерге Алматы қаласынан шақырылған сарбаз туралы Еуразия бірінші арнасы арнайы сюжет түсірді. Қазір Жуалы ауданындағы тау-қорықшылар батальонында борышын өтеп жүр. Оның бойы мектеп қабырғасынан бері жылдам өсе бастаған. «Менің бойым үнемі қатарластарымнан ұзын болатын. Мектепте де, университетте де барлығынан жоғары көрінетінмін. Әрине, бойдың ұзын болғаны жақсы, мәселен, іс-қимыл мүмкіндігі өзгелерге қарағанда көбірек. Бірақ мұны мен басқа адамдардан артықпын, қандай да бір шешуші фактор деп есептемеймін, – дейді қатардағы жауынгер Әсет Абулғапаров. Әсетке кез келген кереует сай келе бермейді. Қазірдің өзінде 2 метрлік әскери төсектен сарбаздың аяқтарының ұшы шығып жатады. Ал өзіне шақ келетін аяқ-киім табу тіпті мұң. Биыл Әсеттің жасы 21 де. Әскери бөлімшеге алғаш аяқ басқан сәтте оның бойын өлшеуге тырысқан медбикелер біраз қиналыпты. Алайда қазір амалын тауып, медициналық тексеру барысында мамандар орындықтың көмегіне жүгінеді. Қатарластары арасында Әсеттің көмегіне жүгінетіндер көп. Әсіресе, аласа бойлы адамдар қолы жете алмайтын жердің бәріне Абулғапаровты жәрдемге шақырады. Бойшаң сарбазды командирлері де бағалайды. Әсет бала кезден баскетболмен айналысқан, спортқа жақындығы әскерде көп көмегін тигізіп жатыр екен. Сонымен қатар ол гитарада ойнап, ән де салады.