Ashyq-тың арқасында есіктер ашыла ма?
Ashyq-тың арқасында есіктер ашыла ма?
194
оқылды

Пандемия кәсіпкерлерге ауыр соққы болды. Бизнес субъектілеріне қатаң шектеу салынды, мүлдем жабылып қалғандары да жетерлік. Елімізде 13 мыңнан астам кә­сіпкерлік нысан әлі күнге дейін жұмысын қайта жандандыра алмай отыр. Енді осы шек­­теулерге балама ретінде, екінші жа­ғынан эпиде­мио­ло­гия­лық ахуалды жақсарту үшін Ashyq пилоттық жо­басы іске қо­­сылды. Ол нендей жоба, қалай жұмыс істейді, пайдасы қандай болмақ?

Нәтиже байқала бастады

Жуырда ғана Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Ashyq жобасы тура­лы жаңа қаулы шығарды. Ashyq қосымшасы не дерсіз? Бір сөзбен айтқанда, адам көп жүретін аумақ, қоғамдық орын мен мейрамхана секілді нысандарға келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кірер алдында арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетесіз. Ал ол код сіздің коро­­навирус бойынша статусыңызды шығарады. Сол арқылы адамдар қызыл, сары, көк, жасыл топтарға бөлінеді. Статусы бойынша қо­­­ғамдық орындарға кіруге мүм­кін­дік болады. Бас санитар дәрі­гердің жаңа қаулысы жария­лан­ғаннан кейін-ақ алғашқы а­п­тада әр ай­мақтан 60-тан астам қоғам­дық тамақтану орны Ashyq бағ­дар­ламасына қосылыпты. Бұдан әрі сервиске тағы 7 қаланың бар­лық кәсіпкері қосылуға ниетті екен. Ал 5 мамырдан бастап Ashyq қо­сымшасын банкет пен караоке залдарына қосу жоспарланып отыр. Яғни, соның арқасында кә­сіпкерлік нысандар жұмысы бір­шама үдей түсуі мүмкін. Кәсіпкерлер бұл бағдарламаға еліміздің қоғамдық тамақтану қауымдастығы арқылы қосы­­­­­­луы керек. Егер өңір эпидахуал бойын­­ша «қызыл аймақта» тұрса, онда Ashyq бағдарламасына қаты­сатын мекеме «сары аймақтың» ережесіне сәйкес сәл жеңілдікпен жұмыс істемек. Яғни, 50 адамға дейін қонақ қабылдай береді. Қала қалыпты секторда болған кез­­­де мейрамханалар мен кафе­­­лер үшін жасыл нормалар қолда­ны­лады. Бұл тәсіл қаншалықты тиімді дерсіз? Осыған ұқсас әдіс басқа елдерде де көп қолданылды. Нәтижелі болғанын да аңғардық. Мәселен, бүгінгі таңда QR-код­тарды қолдану тәжірибесі Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінде іске асты. Гонконг, Сингапур, Малай­зияда осы секілді бағдарламалар арқасында жеке кәсіпкерлік ны­сандары қайта ашылып, эпиде­миологиялық ахуал жеңілдеген. Еуропа елдерінде де мұндай ана­логтар бар. Былтыр Ресейдің Мәс­кеу қаласында да аталған әдіс қолданылды. Айтпақшы, Ashyq пилоттық жобасы бізде де нәтиже бере бас­таған. Қызығы сол, Қазақ­станның қоғамдық тамақтану қауым­дас­тығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың ай­туынша, Ashyq қосымшасының арқасында коронавирусқа шал­дығып, бірақ өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 347 адам анық­талыпты. Кәсіпкерлерге де өз жұ­­­­­­­­мы­­­­сын жалғастырудың жалғыз жолы әзірге Ashyq қосымшасы ғана. Мысалы, Рамазан айының уақытында кей өңірлерде мейрам­хана мен тамақтану орындары кешкі 8-ге дейін ашық. Ал ауыз­ашар осы уақыттан кейін баста­лады. Демек, кәсіпкерлер табыс­тан қағылып отыр. Мұның орнын толтыруға аталған қосымша сеп­тесуі мүмкін. – Қауымдастық арнайы чат құ­рады. «Атамекен» ҰКП өкілі, СЭС өкілі және әкімдік өкілі мен кә­сіпкерлер тізімі құрылады. Кә­­сіпкер өзінің деректерін көр­сетіп, толтырады. Бұл тізімдер тол­ты­рылған соң оларға екі-үш күн­нен кейін QR коды беріледі. QR-код бойынша кәсіпкерлер бір апта бойы пилоттық режимде оқып, жұмыстарын істейді. Бұл өздері үшін де тиімді, – дейді Қазақ­станның қоғамдық тамақтану қауым­­­дастығы төрағасының кеңес­­­шісі Вероника Нұрпейісова.

Иммунолог не дейді?

Жалпы, иммунолог мамандар Ashyq қосымшасына «денсаулық төлқұжаты» деген атау берген. Біз тілдескен иммунолог Нарқозы Қабдірахманұлы болса, әзірге вак­цинация толық аяқталмай тұрған кезеңде осындай қосымша ар­қылы адам денсаулығы мен эко­номиканы сақтай тұруымыз қажет екенін айтады. – Мұндай қосымшалардың енгізілгеніне толық келісемін. «Ден­саулық төлқұжатын» өзге елдерде пайдаланып жүргенінен хабарым бар. Бұл тұста жалпы екі жол шығады. Адамдарды оқшау­лаймыз десек, экономикаға, кә­­­сіпкерлерге зардабы тиеді. Ал барлығын еркіне жіберейін десек, адам саулығы зақым алады. Сон­дықтан бұл қосымша – әзірге оңтайлы амал. Қосымшада вак­цина алған адамдардың да ста­тусын көрсетіп тұрады. Деген­мен вакцина қауіпсіздігінің өзі тағы бір бөлек әңгіме. Вакцина алған адам қоғамға қауіпсіз. Алайда менің бақылауымша, вак­цина ко­ронавирустан қорға­ға­нымен, екпе алғандардың 30 пайы­­зында жүрек ұстамасы шы­ғып жатыр. Яғни, кәрі кісілерге солай әсер етіп отыр. Мұның ықтималдығын ДДСҰ да растаған. Екпеден кейін қанда тромб түзілу қаупі бар. Де­генмен бұл вак­ци­наны жоққа шығару емес, жана­ма әсер бола береді. Қорыта келгенде, вакци­нация толық аяқ­талмай тұрып, Ashyq секілді қосым­ша­лардың көмегіне жүгінуге тура келеді, – дейді маман. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы бүкіл ел аумағын қамтуы тиіс. Себебі тұралап қалған кәсіп­керлік үшін үлкен серпін әкелмек. Оның үстіне жұртшылық та көп тыйымнан шаршағаны белгілі. Пандемия кезінде бұл да бір тиімді амалдың бірі болса игі.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ