Мағжан ақын: – Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен, – деп текке жырламаған болар. Ақын жырға қосқан Түркістанның да облыс орталығы болғанына үш жылға жуықтады. 2018 жылдың 19 маусымында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл оқиға Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы ең маңызды, тарихи-рухани мәні зор оқиғалардың бірі еді.
Елбасының: «Екі-үш жыл ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады» деген сөзі шындыққа айналғандай. Бүгінде бұл өңір қарқынды дамудың жолына түскендей. Түркістан күн сайын түлеп, түрленіп келеді. Түркі төріне алғаш келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын сезінеді. Қалада құрылыс қарқын алып, ерекше нысандар бой көтеріп жатыр. Аз уақыт ішінде жаңа шағынаудан салынып, көне шаһар көркейіп, абаттандырылған. Облыс орталығының дамуы аудандарға оң ықпалын тигізді. Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты. Елбасы Жарлығы екі бірдей қаланың қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Жалпы, түркістандықтар Елбасы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтып, мұсылман әлемі қадір тұтатын Түркістанның екінші тынысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға сапарында тұрғындармен кездесіп: «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді» деген болатын. Елбасы Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салған тарихи сәтке арнап орнатылған ескерткіш белгіге «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп жазды. Елбасы айтқандай, бүгінде Түркістан шырайлы шаһарға айнала бастады.Түркістан – еліміздің алтын бесігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең алғашқы сапарын Түркістаннан бастағаны ел есінде. «Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды», – деген еді Президент. Түркістан облысы Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Өңір аумағы – 116,1 мың км2. Облыста облыстық маңызы бар 3 қала, 13 аудан, 836 елді мекен, 117 кент және ауылдық округтер бар. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметтер бойынша облыста 2 миллионнан астам халық тұрады. Президент Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуымыз керек деген еді. «Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті. Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруалар бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды», – деген еді Президент. Түркістан облысы көптеген шетелдік инвесторлар үшін де тартымды аймақ. Оның басты артықшылығы – адам капиталы және еңбекақы төлеуде шығындардың төмен болуы, АӨК және туризмнің дамуының жоғары әлеуеті. Түркістан облысының аумағында дайын инфрақұрылымы мен инвестициялық артықшылықтар беру мүмкіндігі зор алаңдар бар. Олар – «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы және аудандардағы индустриялық аймақтар. Әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екіншіден, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшіншіден, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы төрт бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынады. Оның бірқатары кейінгі екі жыл ішінде атқарылды десек те болады.Түркістандағы жаңа аудан
Өткен жылы Түркістанда жаңа халықаралық әуежай ашылған. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында халықаралық әуежайдың және өзге де ғимараттардың ашылу салтанатына қатысты. Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған. Оның құрылысына 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Жалпы ауданы 905 гектар болатын халықаралық әуежай жылына шамамен 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Елбасы сол жолы жаңа «Түркістан-Арена» стадионына ат басын бұрып, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған жаңа спорт нысанын аралап көрген еді. Тұңғыш Президент аралаған тағы бір нысан – «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залы. Жаңа ғимаратта мың орындық көрермен залы, төрт дайындық бөлмесі, әкімшілік кеңселер және балаларға арналған ойын бөлмесі орналасқан. Көпшілік жаңа нысандардың ерекше сипатына мән беріп, ризашылық сезімін білдірген. Осы жылдың ерекше жаңалығы – Сауран ауданының құрылуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгерту туралы тиісті Жарлыққа қол қойған. Сауранның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы. Жаңа ауданға Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіреді. Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Қазір бұл елді мекенде 12 мың адам тұрады. Ал бүкіл халық саны 100 мың адамнан асады. 12 ауылдық округтен тұратын Сауран ауданының жалпы ауданы – шамамен 650 мың гектар. Жаңа ауданды құруға байланысты барлық іс-шараларды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылды. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт: «Түркілер төрі Түркістан күйінде терең түсінбекке тағылымдайтын, ұлылығын ұждан ұнасымдарымен ұғындыратын әлеміңіз – Әзірет Сұлтан, яки Ясауи кесенесі. Аруағынан айналайын Ахмет бабамыз тұтас туындыларын түркі тілінде жазған. Ізгілік ілімдерін, адамдық қадір-қасиет хақындағы хикметтерін хұсни хаттардайын құнарландырып, қайткенде түркі жұртының көзін ашамын, көкірегін оятамын деп, ұйқы көрмеген көрегеніміз. Түркістанды түбегейлі түрде түлету тірлігіндегі тұлғаларымыз тұжырымды түрін түйген. Әуелден-ақ Әзірет Сұлтан мавзолейі маңайындағы құрылыстар одан биік болмауы қажет екені қағидаланған. Киелі кесенеден күншығысқа қараңызшы. Араласаңыз, абат ажарға абзалданасыз. Қанатты қағидалар текті түрде сақталған», – деп сүйсінеді. Түркістанда көз тартатын ғимараттар көп-ақ. Облыс әкімдігі мен қос қапталындағы басқармалар мен департаменттер ғимараттары да өзгеше күйде. Ұлттық ұлағаттағы ою-өрнектермен, ақбоз түсті айшықтармен ажарланған. Бұл – үш жылдың бедерінде жасалған дүниелер. Әлі де талай-талай озық дүниелердің куәсі болатынымыз айқын. Бүгінде түрленген Түркістанға күллі түркі жұрты қызыға көз тігеді. Түркі дүниесінің төріне айналған Түркістанның тыныш-тіршілігі әрдайым Елбасының, Президенттің назарында. Ендеше, түлей бер, түрлене бер, Түркістан!Айым БЕКТҰР