Тұңғыш мұнай министрі
Тұңғыш мұнай министрі
103
оқылды

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуірде еліміз үшін мұнай-газ саласының орны ерек болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл саланың ел дамуы үшін айрықша орны бар екенін білді. Әрі алғашқы инвесторларды мұнай-газ саласына тартуға тырысты. Білікті кадрларды да алдымен сол салаға бағыттады. Н.Назарбаевтың бұл ұстанымы арада көп уақыт өтпей-ақ өз нәтижесін берді. Тіпті, есімдері тұтастай бір саланың дамуымен бірге аталатын қайраткерлер өсіп шықты.

Ел экономикасының күре­та­мыры – мұнай өндірісінің тарихы осы салаға ғұмырын арнаған ай­маңдай азаматтардың тағды­рымен тікелей байланысты. Тәуел­сіздік алған жас мемлекеттің қалыптасу кезеңінде тұңғыш мұнай-газ ми­нистрі болған, 1997-1999 жыл­дары Премьер-Министр лауазымын атқарған Нұрлан Балғымбаевтың қарымды қайрат­керлік қыры, ұлт мүддесін қорғаудағы батыл ұста­нымдары халықтың, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сенімін ақтады. Тәуелсіздік байрағы қолға ти­ген сәтте Елбасы білімі мен білік­тілігі жоғары азаматтарды іздеді. Тұңғыш Президентіміздің көзіне іліккен КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінде мұнай-газ өндіру басқармасы басты­­­­ғының Орталық Азия мен Қа­зақстан бойынша орынбасары болып қызмет істеген, Аме­ри­­­каның аты­шулы Массачусетс универси­те­тінде білімін жетіл­дірген Нұрлан Балғымбаев болды. Жоғары оқу орнын аяқтаса да моторшының және бұрғы­лау­­­­шының көмекшісі ретінде 17 жа­­сында қара жұмысқа араласып, еңбек жолын бастаған Нұрлан Балғымбаевтың еңбек тәжірибесі тәуелсіз болып, тәй-тәй басқан Қазақстанның эконо­ми­касын мұнай-газ саласы арқылы да­­­­­­­мытуға серпін берді. 1994 жылы қазанда Қазақ­станның Мұнай және газ өнер­кәсібі министрі болып тағайын­далған ол өз жұмысын білгір ма­ман­дарды іріктеуден бастады. Өзге респуб­ликалармен бұрынғы бай­ла­ныс­тардың үзілгелі тұрған күрета­мы­рына қайтадан қан жүгіртті. Өйт­кені елдегі өндіріс­терге қажет құ­рал-жабдықтар жасайтын Қа­зақстанда зауыт бол­­ған емес. Олардың барлығы енді басқа мемлекет болып кеткен ел­­­дердің аумағында қалды. КСРО деп аталатын кезіндегі алып дер­жа­ваның мұнай-газ өнер­кәсібінің басында қызмет істеп, бұл саланы бес саусағындай білген, мұнай десе ал­­пауыттығын алға тартатын Аме­­­­­риканың саясаты мен өндіріс тә­жірибесінен түсінігі мол егемен елдің тұңғыш министрі өзінің ал­­­ғырлығын, беделін, адамдармен тіл табысудағы мүмкіндіктерін көрсете білді. Осындай білік­ті­ліктің нә­тижесінде «Маңғыс­тау­Мұнай­Газ», «ӨзенМұнайгаз», «Ембі­Мұнай­Газ», «Ақтөбе­Мұ­найГаз», «Жайық­Мұнай» бір­­­лестіктері жаңа екпін­мен өнім бере бастады. Тәуелсіз елді эко­номикалық ты­ғырықтан шығару мұнай-газ са­ласының әлеуетін арттыру арқылы ғана мүмкін бо­ларын тұңғыш мұ­най министрі анық білді. Соған лайықты жос­парланған жұ­мыс­тардың нә­­ти­­жесінде бірер жылда мұнай-газ өндіру көрсеткіші 25 мил­­лионға жетіп, шетелдерге шығару мүм­кіндігі туды. Терең білім мен кәсіби ин­туиция, мемлекеттік қызметтегі тә­жірибесі, мұнай саласының ішкі жүйесін білуі, содан соң АҚШ-та алған білімі және әрі қарай «Шев­рон» корпорациясында өткен тәжірибесі оған Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі ірі жобалар бойынша шетелдік ин­весторлармен ең алғашқы келіс­сөздерді тең дәрежеде жүргізуге және елге ең ірі инвестицияларды әкелуге мүмкіндік берді. Осы жыл­дардан бастап шетелдік инвес­тор­ларды қазақ елінің мұнай өн­дірісі қызықтыра бастады. Қазақстанға тұңғыш қазығын қаққан инвестор –  «Шеврон» ком­паниясының Теңіз кенішіндегі мұнай өндіру көрсеткішінің ар­туына тұңғыш мұнай-газ министрі Н.Балғымбаевтың болашақты болжаған батыл көзқарасы өз үлесін қосты. Ел экономикасын арттыру мақсатында мұнай-газ министрі шетелдердегі «Мобил», «Шельф», «Аджип» секілді ком­паниялардың қазақ мұнайын иге­руге атсалысуын қамтамасыз етті. Дүниежүзі елдерінің қазақ елімен серіктес болуға сенімі орнықты. Мұнайшылар династиясының өкілі Нұрлан Балғымбаевтың мұнай саласының тұңғыш ми­­­­­­­нистрі лауазымын атқарып, елі­мізді эко­­­номикалық тәуел­сіздікке жеткі­зудегі алғашқы қадамдары осылай басталған болатын. Елба­сының сенімін адал ісімен ақтаған аза­матты алда талай күрделі ше­шімдер қабылдайтын уақыт сы­нағы күтті. 1997 жылғы наурызда «Қаза­қойл» ұлттық мұнай-газ компа­ниясы» ЖАҚ басшысы болды. Бұл қызметте де абыройлы болып, елге тынымсыз еңбек еткен Н.Балғым­баевқа тағы да сенім жүгі артылды. 1997 жылғы қазанда Пре­зи­дент­тің Жарлығымен Н.Балғым­баев Қазақстанның Премьер-Ми­нистрі болып тағайындалды және екі жыл бойы Қазақстан Үкіметіне басшылық жасады. Нұрлан Балғымбаев ең қиын экономикалық кезеңдерде елдің Премьер-Министрі болып еңбек еткен жылдары өзін кеңінен жан-жақты ойлай білетін сауатты бас­қарушы ретінде көрсете білді және Қазақстан экономикасын да­­­­­мытуға өлшеусіз үлес қосты. Мем­­лекеттік жауапты қызметте болған тұлға­ларды айтпағанда, жалпы халық оның Үкіметті бас­қарған жылдар­дың әлемдік дағ­дарыспен тұспа-тұс келгенін, ел­дің ахуалын басты назарда ұс­тап, қиындықтан алып шық­­қанын мақтанышпен айтып жүр. Ақи­қатында Н.Бал­­­­­ғым­баев­тың Үкі­­меті қайта құру кезеңінің бүкіл ауыртпалығын арқалады. Халық­аралық қаржы дағдарысы елімізді жанап өте шықпады. Теңге құн­­­сызданды. Мұнайдың бағасы құл­­­­дырады. Елімізде жалақы уақы­тылы бе­рілмей, жұмысшылар та­лап еткен митингілерге өзі ба­рып, жағ­дайды түсіндіріп, оңала­тынына сендірді. Халық сенді. Елбасы сен­ді. Елбасы жанұшырып жүріп, барлық елмен тең құқылы әріптес болуға күш салды. Ел экономи­­­ка­сын көтеруді мақсат еткен Үкімет талай қиын, жұрттың ойынан шы­ға бермейтін шаралар жасауға мәжбүр болды. Мем­лекеттік бюд­жетті бірнеше рет қысқартуға тура келді. Бірақ Үкімет басшысы Н.Бал­ғым­баев салықтан түскен қаржыны ұтымды ұйымдастырды. – Мен Премьер-Министр лауа­зымын қанша уақыт атқара­ты­нымды білмеймін. Бірақ өмір бойына мұнайшы болатыныма сөз беремін және нақты айтамын. Мұнай, мұнай саласы – менің өмі­рім! – деген еді Н.Балғымбаев Премьер-Министр болып тұрған кезде берген сұхбаттарының бі­рінде. «Ел сенімі – ең қымбатың» деп өмірінің мәнін халыққа адал қыз­мет етумен байланыстырған Нұр­лан Балғымбаев – Отанының, қа­зақ елінің Тұңғыш Президентінің сенімінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткері.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы