Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуірде еліміз үшін мұнай-газ саласының орны ерек болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл саланың ел дамуы үшін айрықша орны бар екенін білді. Әрі алғашқы инвесторларды мұнай-газ саласына тартуға тырысты. Білікті кадрларды да алдымен сол салаға бағыттады. Н.Назарбаевтың бұл ұстанымы арада көп уақыт өтпей-ақ өз нәтижесін берді. Тіпті, есімдері тұтастай бір саланың дамуымен бірге аталатын қайраткерлер өсіп шықты.
Ел экономикасының күретамыры – мұнай өндірісінің тарихы осы салаға ғұмырын арнаған аймаңдай азаматтардың тағдырымен тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің қалыптасу кезеңінде тұңғыш мұнай-газ министрі болған, 1997-1999 жылдары Премьер-Министр лауазымын атқарған Нұрлан Балғымбаевтың қарымды қайраткерлік қыры, ұлт мүддесін қорғаудағы батыл ұстанымдары халықтың, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сенімін ақтады. Тәуелсіздік байрағы қолға тиген сәтте Елбасы білімі мен біліктілігі жоғары азаматтарды іздеді. Тұңғыш Президентіміздің көзіне іліккен КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінде мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының Орталық Азия мен Қазақстан бойынша орынбасары болып қызмет істеген, Американың атышулы Массачусетс университетінде білімін жетілдірген Нұрлан Балғымбаев болды. Жоғары оқу орнын аяқтаса да моторшының және бұрғылаушының көмекшісі ретінде 17 жасында қара жұмысқа араласып, еңбек жолын бастаған Нұрлан Балғымбаевтың еңбек тәжірибесі тәуелсіз болып, тәй-тәй басқан Қазақстанның экономикасын мұнай-газ саласы арқылы дамытуға серпін берді. 1994 жылы қазанда Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалған ол өз жұмысын білгір мамандарды іріктеуден бастады. Өзге республикалармен бұрынғы байланыстардың үзілгелі тұрған күретамырына қайтадан қан жүгіртті. Өйткені елдегі өндірістерге қажет құрал-жабдықтар жасайтын Қазақстанда зауыт болған емес. Олардың барлығы енді басқа мемлекет болып кеткен елдердің аумағында қалды. КСРО деп аталатын кезіндегі алып державаның мұнай-газ өнеркәсібінің басында қызмет істеп, бұл саланы бес саусағындай білген, мұнай десе алпауыттығын алға тартатын Американың саясаты мен өндіріс тәжірибесінен түсінігі мол егемен елдің тұңғыш министрі өзінің алғырлығын, беделін, адамдармен тіл табысудағы мүмкіндіктерін көрсете білді. Осындай біліктіліктің нәтижесінде «МаңғыстауМұнайГаз», «ӨзенМұнайгаз», «ЕмбіМұнайГаз», «АқтөбеМұнайГаз», «ЖайықМұнай» бірлестіктері жаңа екпінмен өнім бере бастады. Тәуелсіз елді экономикалық тығырықтан шығару мұнай-газ саласының әлеуетін арттыру арқылы ғана мүмкін боларын тұңғыш мұнай министрі анық білді. Соған лайықты жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде бірер жылда мұнай-газ өндіру көрсеткіші 25 миллионға жетіп, шетелдерге шығару мүмкіндігі туды. Терең білім мен кәсіби интуиция, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі, мұнай саласының ішкі жүйесін білуі, содан соң АҚШ-та алған білімі және әрі қарай «Шеврон» корпорациясында өткен тәжірибесі оған Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі ірі жобалар бойынша шетелдік инвесторлармен ең алғашқы келіссөздерді тең дәрежеде жүргізуге және елге ең ірі инвестицияларды әкелуге мүмкіндік берді. Осы жылдардан бастап шетелдік инвесторларды қазақ елінің мұнай өндірісі қызықтыра бастады. Қазақстанға тұңғыш қазығын қаққан инвестор – «Шеврон» компаниясының Теңіз кенішіндегі мұнай өндіру көрсеткішінің артуына тұңғыш мұнай-газ министрі Н.Балғымбаевтың болашақты болжаған батыл көзқарасы өз үлесін қосты. Ел экономикасын арттыру мақсатында мұнай-газ министрі шетелдердегі «Мобил», «Шельф», «Аджип» секілді компаниялардың қазақ мұнайын игеруге атсалысуын қамтамасыз етті. Дүниежүзі елдерінің қазақ елімен серіктес болуға сенімі орнықты. Мұнайшылар династиясының өкілі Нұрлан Балғымбаевтың мұнай саласының тұңғыш министрі лауазымын атқарып, елімізді экономикалық тәуелсіздікке жеткізудегі алғашқы қадамдары осылай басталған болатын. Елбасының сенімін адал ісімен ақтаған азаматты алда талай күрделі шешімдер қабылдайтын уақыт сынағы күтті. 1997 жылғы наурызда «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ басшысы болды. Бұл қызметте де абыройлы болып, елге тынымсыз еңбек еткен Н.Балғымбаевқа тағы да сенім жүгі артылды. 1997 жылғы қазанда Президенттің Жарлығымен Н.Балғымбаев Қазақстанның Премьер-Министрі болып тағайындалды және екі жыл бойы Қазақстан Үкіметіне басшылық жасады. Нұрлан Балғымбаев ең қиын экономикалық кезеңдерде елдің Премьер-Министрі болып еңбек еткен жылдары өзін кеңінен жан-жақты ойлай білетін сауатты басқарушы ретінде көрсете білді және Қазақстан экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Мемлекеттік жауапты қызметте болған тұлғаларды айтпағанда, жалпы халық оның Үкіметті басқарған жылдардың әлемдік дағдарыспен тұспа-тұс келгенін, елдің ахуалын басты назарда ұстап, қиындықтан алып шыққанын мақтанышпен айтып жүр. Ақиқатында Н.Балғымбаевтың Үкіметі қайта құру кезеңінің бүкіл ауыртпалығын арқалады. Халықаралық қаржы дағдарысы елімізді жанап өте шықпады. Теңге құнсызданды. Мұнайдың бағасы құлдырады. Елімізде жалақы уақытылы берілмей, жұмысшылар талап еткен митингілерге өзі барып, жағдайды түсіндіріп, оңалатынына сендірді. Халық сенді. Елбасы сенді. Елбасы жанұшырып жүріп, барлық елмен тең құқылы әріптес болуға күш салды. Ел экономикасын көтеруді мақсат еткен Үкімет талай қиын, жұрттың ойынан шыға бермейтін шаралар жасауға мәжбүр болды. Мемлекеттік бюджетті бірнеше рет қысқартуға тура келді. Бірақ Үкімет басшысы Н.Балғымбаев салықтан түскен қаржыны ұтымды ұйымдастырды. – Мен Премьер-Министр лауазымын қанша уақыт атқаратынымды білмеймін. Бірақ өмір бойына мұнайшы болатыныма сөз беремін және нақты айтамын. Мұнай, мұнай саласы – менің өмірім! – деген еді Н.Балғымбаев Премьер-Министр болып тұрған кезде берген сұхбаттарының бірінде. «Ел сенімі – ең қымбатың» деп өмірінің мәнін халыққа адал қызмет етумен байланыстырған Нұрлан Балғымбаев – Отанының, қазақ елінің Тұңғыш Президентінің сенімінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткері.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы