Атырауда бір апта бойы шекарашылар мен тұрғындар арасында түсініспеушілік туса да, жергілікті атқарушы биліктен мәселенің мәнін пайымдайтындар табылмады. Ауыл тұрғындары Қиғаш өзенін қоршап жүрген шекарашыларды айналшықтап, олар өздеріне берілген тапсырманы орындап, әуре болғаны бар. Ал жексенбі күні шекарашылар қоршауды қайта жинап алып кетті.
Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылы Ресеймен шектесіп жатыр. Қиғаш өзенінің бойына орналасқан екі елді бөліп тұратын шекаралық белгіге байланысты тұрғындардың Қиғаш өзенін жағалап, өзен жағасына қоршау орнатуға қарсылық білдіруі қоғам назарына ілікті. Әлқисса, сонымен сенбі күні кешке Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат таратты. Ол ақпараттан түсінгеніміз, 14 сәуірде Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталған. Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ұзындығы 1 800 метр қоршауларды тұрғызу үшін инженерлік жұмыстар Көптоғай ауылында жүргізілуі керек. Оған себеп, 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісім. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталмаған болып шықты. Сол күні Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев «Бұл жұмыстар қазір емес, ертерек басталуы тиіс еді, бірақ әртүрлі себеппен жүргізілмей келді. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстарды түсіндірді» десе, ауыл тұрғындары мәселенің мәнісін толық түсінбегендерін айтумен болды. Жергілікті атқарушы билік пен шекарашылардың айтуынан мәселе мәнісін түсінбей жүрген тұрғындардың наразылығы жайлы әлдекімдер әлеуметтік желілер арқылы бейнежазба тарата бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. «Бұл «Қалқан-2021» оқу-жаттығуларынан әлеуметтік желілерде таратылған бейнематериал» деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі. Сайып келгенде, бейнематериалдың Көктоғайдағы жағдайға қатысы жоғын тұрғындар да айтып отыр. Көктоғайдағы жағдайға байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді мекеніндегі қалыптасқан жағдайды сараптап шықтым. Кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болған. Шекараны айқындаған кезде ішкері еніп кеткен. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан Үкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы қажет. Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірибесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескеріп, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал. Одан кейін Ресеймен шекараның басқа да периметрлерін тағы да тексеріп шығу маңызды. Халықтың мал-жанын бағатын, ауызсуын алатын жағдайды ескеру басты мақсат болуы тиіс. Осы мәселе төңірегінде Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі ретінде Үкіметке, Шекара қызметіне хат дайындаймын» деген пікірін жеткізді.Шекара қоршауын жылжыту уақытша тоқтатылды
Ал жексенбі күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Ардақ Әмірғалиев «Каспиан лайф» сайтына берген сұхбатында Ресейге жер беріліп жатқан жоқ, Көптоғайдағы шекара қоршауын жылжыту уақытша тоқтатылады деп мәлімдеді. Шекара қызметінің мәлімдеуінше, Қиғаш жағалауында 1995-1996 жылы уақытша тұрғызылған шекаралық қоршауды ығыстыру мәселесі жергілікті тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырған. Әңгіме 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісіміне» байланысты туындап отыр. «Демаркация – бір жылда бітпейтін ұзақмерзімді процесс, қазір ол жұмыстар аяқталған жоқ. Демаркация кезінде өткен жылы қазақстандық және ресейлік жұмыс тобы 1995-1996 жылы уақытша тұрғызылған шекаралық қоршаудың Ресей Федерациясына тиесілі территорияда орналасқанын анықтаған еді. Қоршаудың шамамен ұзындығы 1 500 метр, тереңдігі 10-70 метр аралығында (түбек іспетті). 2005 жылғы 18 қаңтардағы екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қоршау тиесілі орында орнатылуы үшін оны қазақстандық территорияға қарай ығыстыру қажет. Қазақстандық шекарашылар күні бүгінге дейін осы мәселемен айналысып келді. Алайда жергілікті тұрғындар жағдайды басқаша қабылдап, шекарашылар орнатып жатқан қоршауға қарсылық білдіріп отыр. Ардақ Әмірғалиев «Мәселе екі мемлекет арасында келісілген нормативтік құжатта көрсетілген қоршауға байланысты болып отыр. Және қоршау ұзындығы 1 500 метр учаскеге байланысты. Бұл жерде қазақстандық территорияны Ресейге беру деген мәселе жоқ» деп нақтылады. Дүйсенбі күні Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков пен мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев, аудан әкімі М.Мұрзиевтер Көптоғай ауылы тұрғындарымен кездесті. Олар тұрғындардың талабын құзыретті органдарға жеткізуге сөз берген. Осы кездесуге келген Көптоғай ауылының тұрғыны Дамир Аймашев: «Өткен аптадағы қазық қағылар шаққа дейін шекаралық қоршау Қиғаш өзенінің саласы «Отыз бес» деп аталатын өзектің арғы тұсында болатын. Бұл өзек ауылға жақын орналасқан. Енді келіп ол қоршауды өзектің бергі жағына шығарып, ауылдың іргесіне жеткізді. Ауыл халқы тек малмен күнелтеді. Ауызсу сағатпен беріледі. Біз сол өзектің суын ауызсу ретінде де, малға да пайдаланатынбыз. Бұл шекаралық белгіні неге жылжытты? Біз енді қалай күнелтеміз, ауызсуды қайдан тасимыз, мал қайдан су ішеді? Малға да сенім жоқ, шекарадан өтіп кетсе, шекараны бұзу болып табыла ма?», – дейді. Әрі бұл сұрақтар тұрғындар үшін ашық тұрғанын айтты. Сайып келгенде, Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев: «19 сәуірден бастап Көптоғай селосындағы учаскеде қоршауды ығыстыру жұмыстары жағдай реттелгенге дейін уақытша тоқтатылады. Қиғаш өзенінің бойына орнатылған шекара белгілері алынып тасталды. 13 және 16 сәуірде жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір мал су ішіп, егін суару үшін өзенге шығу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл үшін кедергі жоқ», – деді.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы