Алаш арысы ардақталды

Алаш арысы ардақталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек»  деген болатын. Жуырда Қарағанды техникалық университеті ұжымының ұйымдастыруымен осы бостандық жолында қудалауға ұшыраған Ә.Ермековтің 130 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақ­стандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-прак­тикалық онлайн конференция өтті.

Конференцияны Қарағанды техни­калық университеті ұжымының ұйым­дастыруы да заңдылық. Өйткені «Алаш­орда» үкіметінің мүшесі, математикадан қазақтан шыққан тұңғыш  профессоры, алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығының авторы Әлімхан Ермеков 1955 жылдан бастап 1961 жылға дейін Қарағанды политехникалық инсти­тутында (қазіргі Қарағанды техникалық универ­ситеті) Жоғары математика кафедрасында жұмыс істеді. Шараға облыс және Қарағанды қала­сы әкімдіктерінің, мемлекеттік орган­дардың өкілдері, Парламент Мәжілісінің де­путаттары, шетелдік (АҚШ, Ұлы­британия, Германия, Қытай, Ресей, Болгария, Словения, Словакия) және қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми орталықтардың, мұ­ра­ғаттар мен музейлердің өкілдері, ҚарТУ про­фес­сорлық-оқытушылар құрамы, студенттері, магистранттары мен док­торанттары қа­тысты. Конференцияда Әлімхан Ермековтің немересі, MARY ADI EDUCATION (Ұлы­­британия) компаниясының басшы­сы, экономика ғылымдарының канди­даты Олег Ермеков: «Атам өте кішіпейіл болды. Жас кезімде сол кісілердің үйіне барғанда, осы қасиетіне көз жеткіздім. Жолдастары, замандастары, қаладан да, ауылдан да атамды іздеп келушілер көп болды. Еш­кімді алаламайтын, айтқан­дарын тыңдап, мәселелері болса, қолы­нан келгенше шешуге тырысатын» деп еске алды. Техника ғылымының кандидаты, профессор Савет Сағынтаев баяндама­сында Әлімхан Ермековтің өзіне қолдау білдіргені туралы айтты. «Әлімхан аға­мыз математик, әрі ұлағатты ұстаз бола білді. Ол кісінің маған жасаған қамқор­лығын ұмытпаймын. «Артымнан ерген әріптесім» деп маған үлкен баға беріп, зор сенім артты», – дейді Савет Сағын­тайұлы. Ал Әлімхан Ермековтің Семей қала­сын­дағы өткен өмір жолдары туралы осы қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы педа­гогикалық колледж директоры Жаңагүл Жанаева: «Іргетасы сонау 1903 жылы қаланған, 118 жылдық тарихы бар оқу орнына  Әлімхан Ермеков 14 жасында түсіп, 21 жасында бітіріп шықты. Сонымен қатар Орынборда 1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-і ара­лығын­да өткен Екінші жалпықазақ құрылтайы­ның қаулысында Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы Алашорда халық кеңесінің орнатылатын жері бо­лып жарияланды. Нақты айтқанда, Алаш үкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағасындағы Жаңа Семейде орналасқан», – дейді. Томбы мемориалдық мұражайының басшысы, М.Шатилов атын­дағы ТОӨМ жанындағы тарихи жадты зерттеу орта­лығының аға ғылыми қыз­мет­кері Васи­лий Ханевич қудалауға түс­кен арыстарымыз жазасын өтеген  «След­ственная тюрма НКВД» туралы айтып берді. Томбы политехникалық университеті музей­лер кешенінің экспозициялық және көрме жұмысы жөніндегі маманы Вадим Лобанов Әлімхан Ермековтің Томбыда  оқығаны туралы тарихи деректерді алға тартты. Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағаты­ның басшысы Жанагүл Тұрсы­нова қорда сақталған Әлімхан Ермековке қатысты құ­жаттар туралы сөз қозғады. Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференцияға қатысушылар: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі мемлекеттік бағдар­ламаны әзірлеу және қабылдау шеңберінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ә.Ермековтің 130 жылды­ғына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалып­тасуы» атты халық­аралық ғылыми-прак­тика­лық онлайн кон­ференцияның арнайы қарарын қа­былдады. Онда Білім және ғылым ми­нистрлігіне жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктері үшін жас ға­лымдарға Ә.Ермеков атын­дағы стипендия, Қарағанды техникалық университетінің директорлар кеңесіне жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар сала­сындағы жетістіктері, сондай-ақ үздік үлгерімі үшін ҚарТУ студенттеріне атаулы стипендия та­ғайын­дау туралы ұсыныс айтылды.   Қарарға Қарағанды техникалық университетінің базасында тұңғыш қазақ математигі және профессоры – Әлімхан Ермековтің туған күніне орай гимназия, мектеп, ли­цей, колледждер мен жоғары оқу орын­дары­ның оқушылары арасында мате­матика (жоғары математика) бойынша жыл сайынғы республикалық олимпиада өткізу ұсынысы да енгізілді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ