«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өтемен сұхбат
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өтемен сұхбат
1. Бүгінгі білімнің өлшемі не?  Білімнің өлшемі - оқушының алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуі, алдына қойған мақсатты немесе кез келген мәселені білімі арқылы шешімін таба білуі. 2. Қазір балалардың ата-анаға қоятын шарты... Әр бала ерекше. Сондықтан әр баланың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі уақытта ата-аналар осы ерекшеліктермен санасуы шарт. Көп ата-ананың ең үлкен қателігі - әр ата-ананың баласы арманы болып есептеледі де, өзінің кезінде бәлкім істей алмай кеткен дүниелерін баласына істетуге тырысады. Осы - үлкен қателік. Өйткені ол сол кездегі уақыт емес, заман емес, қазіргі заман басқа, бала басқа. 3. Жаңа министр – жаңа реформа деген оймен келісесіз бе? Жоқ, келіспеймін. Себебі Елбасымыз қойған стратегиялық бағытымыз нақты белгілі. Сол стратегиялық міндеттерді әр министр өз кезегінде дамытып жатыр. 4. Онлайн білім беру біраз кемшілікті көрсетті. Мәселен... Мәселен, жалпы білім саласының онлайн білім берудегі инфрақұрылымының толық дайын еместігін тек Қазақстан емес, бүкіл әлем осы проблемаға тап болды. Онлайн білім берудің әдіснамалық түрлері бар. Осы жағынан мұғалімдердің дайын еместігі белгілі болды. 5. 25 жыл мектеп директоры болып, түйгенім.... Білім өте маңызды, тәрбие өте маңызды. Дұрыс берілген сапалы білім мен саналы тәрбиенің арқасында бір ұлт үлкен бәсекеге қабілетті ұлтқа айналады. 6. Бүгін ұстазға қойылатын талап... Ол - баланың ерекшеліктерімен санасатын, тек білім беріп қана қоймай, рухани араласа білетін, тең қарым-қатынас орната алатын ұстаз болуы керек. 7. Заманауи толық адам деген...  Ол ең бірінші - Абай атамыздың "жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат". Сонымен қоса, санасы ашық, жаңалыққа, өзгеріске ашық адам. 8. Үздік шәкіртті іріктеудің жолы... Әр шәкіртті үздік деп қарау керек. Егер сіз сол шәкірттің ерекшелігін дұрыс біліп, оның қабілеттерін, ішкі қабілеттерін оятып, дамыта алсаңыз, әр шәкіртті үздік деп есептеуіміз керек. 9. Баланы бірнеше үйірмеге қатар апару.... Бірнеше үйірмеге апару маңызды. Өйткені бала өзін таба білуі үшін, ішкі шабытын түсіне білуі үшін, ертең кім болатынын ұғына білуі үшін осындай әртүрлі тәжірибелерді көруі шарт. Әр саланы көруі керек, істеп, қолымен ұстап көруі керек. Сондықтан бірнеше үйірмеге апару керек. 10. Білім элитарлы болуы керек пе?  Білім белгілі бір жағдайда элитарлы болуы керек. Өйткені дарынды балалармен жұмыс істеу, оларды жалпы халықтың келешегі үшін дайындау маңызды. 11. Шәкірттің шамшырағын жаға алмау... Әр оқушыға жеке тәсілмен, оның ерекшелігімен санаспай, соны қызықтыратын дүниелерді балаға беру арқылы, баланың кілтін табу арқылы берілмеген білім шәкірттің шамшырағын жаға алмау деп есептеледі. 12. Ұрпақтар қақтығысы дегеніміз... Бұл теорияны 90-жылдары америкалық ғалым жазды. Онда бір ғасырдың ішінде бес ұрпақ өмір сүріп жатқаны айтылды. Бес ұрпақтың өзіндік ұстанымдары, көзқарастары бар. Соның қақтығысы - ұрпақтар қақтығысы 13. Ұжым басқаруда басшылар жиі жіберетін қателік... Бізде ең үлкен қателік, ол - деректива, яғни әміршіл, әкімшіл көзқарас. 14. Мен жиі жіберетін қателік... Мен жиі жіберетін қателік, ол - қойылған жоспарға кейде мойынсынбау. Сол ең қатты қиын мәселе маған. 15. Балаға дауыс, қол көтеру... Қазіргі Z ұрпағына, балаға дауыс, қол көтеруге тыйым салу керек. Өйткені қазіргі балалар оны түсінбейді, көтере алмайды. Балаларға еркін тәрбие беру керек. 16. 10 жылдан соң оқушыға қойылатын талап... Ең басты талап - бейімділік. Көп жағдайға дайын болу керек, өзгеріске дайын болуы керек. 10 жылдан кейін бейімділік өте маңызды қабілет болады. 17. Білімді адам сапалы маман ба? Сапалы маман болу үшін тек білім жетпейді. Білім - сапалы маман болудың бір қыры десек болады. Сонымен қатар адамдармен қарым-қатынас құра білу, ішкі құндылықтардың мықты болуы, төзімділік, табандылық сияқты жеке қабілеттердің де маңызы өте зор. Соның барлығы болса, сапалы маман деп айта аламыз. 18. Мен үлгі тұтатын ұстаз... Химия пәнінен ұстазым. Лицейде сол кісіден көп нәрсе үйрендім. 19. Ұстаз болу арманым еді. Себебі... Себебі, елімізге пайдалы болу, ол шәкірт тәрбиелеуден өтетіндіктен, соған сенгендіктен ұстаз болу менің басты арманым болды.