Әкімдіктің бұрынғы қызметкері әйелін пышақтап өлтірді
Әкімдіктің бұрынғы қызметкері әйелін пышақтап өлтірді
165
оқылды

Оқиға Орал қаласында болған. Әйелін пышақтаған ер адам ұсталды, – деп жазады Sputnik Қазақстан.

Кеше зауыт маңайынан шалажансар халде жатқан 30 жастағы әйел табылды.

«Пышақ жарақатын алған әйелді полицейлер ауруханаға жеткізген. Бірақ әйелдің қайтыс болып кеткені анықталды», – дейді дәрігерлер.

Кешкі сағат 17:00-дер шамасында күдікті ұсталды. 30 жастағы күдікті марқұмның күйеуі екені белгілі болды. Ол қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істейді деген ақпарат тарады.

Бірақ бөлім басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, күдікті өткен аптада жұмыстан шыққан.

«Өзім еңбек демалысынан бүгін жұмысқа шықтым. Таңертең жұмыс бабымен оған хабарластым. Сөйтсем, ол жұма күні жұмыстан шығып кетіпті», – дейді Жандос Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, қылмыс жасаған ер адамның мінезі сабырлы болған. Жаман әдеттерден аулақ, спортпен айналысқан екен.

«Ол волейбол құрамасында ойнайды. Жуырда жарысқа қатыстық. Бізде бір айдан бері жұмыс істейді. Бас маманның орнына конкурс жарияланғанда сол кісі өтті. Өзін тек жақсы жағынан ғана танимыз», – дейді Дүйсенғалиев.

Ерлі-зайыптының артында кәмелет жасына толмаған балалары қалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.