Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы З.М-ге қатысты тергеу амалдары аяқталды. Аты шулы оқиға бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы, делдал болған Тараз қалалық №5 емхананың дәрігері және пара берген мүгедек азамат сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айыппұл арқалап отыр.
Оқиғаны тарқатып айтсақ, облыс тұрғыны мүгедектік мерзімін ұзарту үшін департамент басшысының міндетін атқарушы З.М-ге 100 000 теңге көлемінде пара берген. Ал ауызбастырықты №5 қалалық емхананың дәрігері А.Р апарып берген. Тергеу амалдарынан кейін департамент басшысының міндетін атқарушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылып, оған параның жиырма бес еселенген мөлшерінде 2 500 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы