Апта басынан басталған «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдарының есеп-беру сайлау жиналыстары облыстың барлық аудандарында өз деңгейінде ұйымдастырылуда. Т.Рысқұлов аудандық филиалының «Каменка» бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында да партиялық құрылымның 2 жылда атқарылған жұмысы әңгіме өзегіне айналды. Бастауыш партия ұйымының есепті кезеңдегі жұмысы жайында ұйым төрағасы Мұратжан Мейманханов баяндама жасады.
– «Каменка» бастауыш партия ұйымында 350 мүше бар. Бүгінгі есеп беру-сайлау жиналысына ауылдық округтің әкімі мен ардагерлер ұйымының төрағасы, партияның аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшелері, бірқатар ауылдық мекеме, ауылдағы кәсіпорын, шаруа қожалықтары басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірге «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Зайтуна Оразалиева қатысып отыр. «Каменка» бастауыш партия ұйымы 2003 жылы құрылған. Содан бергі аралықта партиялық құрылым аймақтағы ауқымды шаралардың ұйымдастырушысына айналды. Ұйым мүшелері бектілген кесте бойынша азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайды. Сонымен қатар көшпелі қабылдаулар да тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Өз жұмысын ауылда жүргізіп отырғандықтан, «Каменка» бастауыш партия ұйымы «Ауыл – ел бесігі» жобасының өз деңгейінде жүзеге асырылуын бақылау алған. Есепті кезеңде аталмыш жоба аясында Каменка ауылының аумағы абаттандырылды. Гүлзарлар егіліп, тротуарлар тазартылды. Елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жетілдіруге бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында 2019-2020 оқу жылында Жалпақсаз елді мекеніне 48 орындық бастауыш мектеп пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. «Халыққа көмек» жобасы аясында партиялық ұйым азаматтардың өтініштерін қабылдауда заманауи байланыс құралдарына иек артады. Бізге азаматтар өз өтініштерін электронды пошта, WhatsApp мессенджері арқылы да жеткізе алады. Бұл тәжірибе оңтайлылығымен аз уақыттың ішінде ауыл тұрғындарының көңілінен шықты, – деді Мұратжан Құрманжанұлы.Бастауыш партия ұйымының 2 жылдық жұмысының қорытынды нәтижелері баяндалған баяндамадан соң ұйым мүшелері Мәдина Сәрсенова, Дастан Асқаров және Әсел Тоққұлиевалар жарыссөзге шығып, құрылымның есепті кезеңде атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Мұнан кейін күн тәртібіне сай «Каменка» бастауыш партия ұйымының Бюро мүшелері мен ұйымның төрағасы және «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясында делегаттардың кандитатурасы дауысқа салынды.