Оны полиция ауылдан небәрі 10 шақырым жерден тапты. Марқұмның туыстары Бұқар жырау аудандық полиция басқармасын күдіктіні дер кезінде ұстамады деп кінәлайды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Жоғалып кеткен келіншекті іздеуге атсалысқан ауыл адамдары мен марқұмның жақындары көп жиналғандықтан ол жерге арнайы жасақ шақыруға тура келген. Марқұм келіншек былтыр қыркүйектің 22-сі күні Теміртау қаласынан Тоғызқұдық ауылында тұратын күйеуі мен ата-енесінің үйіндегі кішкентай қызын алып келу үшін кетіп, сол күйі оралмаған. Ертеңіне күйеуі қайынжұртына барып, қыздарының жоғалып кеткенін айтқан. Келіншек отбасылық ұрыс-керістен шаршап, соңғы жарты жылда төркінінде тұрған. Жақындары із-түзсіз кеткен әйелді полициямен бірге іздеген. Полицияның мәліметінше, күйеуі 4 ай бұрын әйелін өлтіргенін мойындаған, артынша өзіне өзі қол жұмсаған. Ал марқұмның туыстары «мәйіттің сол мезетте табылмауына полицияның салғырттығы себеп болды» дейді. Оның үстіне күдікті қылмысын мойындар алдында 3 баласынан бас тартып, өзінің әпкесінің атына жаздырып кеткен. Нағашылары енді жиендерін де көре алмай отыр.Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров: «15 желтоқсанда жауап алу кезінде ол әйелін өлтіргенін мойындады. Бірақ қызметкерлерде оны қамауға алуға нақты негіз және дәлел болған жоқ. Оның сөздерін растайтын мәйіт те, куәгерлер де болған жоқ. Азаматшаның мәйіті табылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – дейді.Марқұмның әпкесі Сайран Балбиқызы: «2020 жылы 15 желтоқсанда Жаманбаев Саят Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына барып, қылмысын толық мойындады. Қылмысын мойындап тұрған адамды таңғы сағат 8-де келіп, көмген жеріңді көрсет», – деп үйіне қайтарып жіберген. Осы қылмыс 7 ай емес, 7 сағатта ашылатын қылмыс. Бұқар жырау аудандық заң қызметкерлері өз жұмысын адал атқарған жоқ», – дейді.