Шопанға да мұқтажбыз
Шопанға да мұқтажбыз
201
оқылды

«Жер – малды, мал – қа­зақты асырайды», – дейді ел даналығы. Алайда бүгінде төрт түлігін бағатын шопан таппай жүрген шаруалар аз емес. Малшылардың жа­­лақысын өсіріп, түрлі дең­гейдегі әлеуметтік пакеттерін ұйымдастырып беріп жатса да, шопан болуға көп адам құлықты емес. Мұндай жағ­дайда енді қайтпек керек? «Екі қолына бір күрек» таппай жүрген жандарды мал бағуға қалай үгіттейміз?

«Малшылар мектебі» мәселені шеше ала ма?

Жалпы, бұл мәселені 2019 жылы Жамбыл облысындағы «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Сайранбай Дөненбаев өзекті етіп көтерген болатын. – Бүгінде қожалықтарға жұмыс күші жетіспейді. Малшылардың жалақысы, тұрғын үйі, балаларын оқытатын интернат ашып берсек те, олар жұмыстан қашады. Жер­гілікті жердегі жастарды жұмысқа тартайын десең, олардың құлығы жоқ. Неге осы жастармен ауыл әкі­мі жұмыс істемейді? – деп С.Дө­­­ненбаев сол тұста малшы­­лардың тапшылығын айта отырып, әкім­дердің жұмысын сынға алған. Бұл байламды қожалықтардың дені қолдап отыр. Мәселен, «Жы­лыбұлақ-Меркі» ЖШС төрағасы Аманжол Әкетаевтың айтуынша, 3 отар қойын бағатын шопан табу қиынға соғып отыр екен. – Қазір қойымды бағып отыр­ған үш малшым бар. Алайда сақпан уақытында мал бағатын адам тап­пай қиналып қаламыз. Көп жағ­­­дайда малшы болуға жасы егде тартқан кісілер келісіп жа­тады. Ал қанша жағдайын жасасаң да шопан таяғын ұстауға жастар құлық та­­­­нытпайды. Сон­дықтан жастарды осы салаға қызықтыру үшін бір жүйе қажет сияқты. Бәл­кім, мем­лекеттік деңгейде малшыларды ынта­ландыратын бағдарлама жа­­­сап, малшылықтан да мол та­бысқа кенелуге бола­тынын көрсету керек пе деп ой­лаймын, – дейді шаруа. Мұндай бағдарламаны Байзақ ауданы «Жадыра» шаруа қожа­­­лығының төрайымы Гүлнар Дау­­­летбаева да ұсынып отыр. Оның айтуынша, ауданнан «Малшылар мектебін» ашу қажет екен. – Шаруа ғана емес, аудандық мәслихаттың депутаты бол­­­­ған­дықтан, «Малшылар мектебін» ашу мәселесін көтеріп отырмын. Бұл мектепте мал бағудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, мал шаруа­­шылығына қатысты ветеринария, осеменатор сияқты мамандықты да игертпекпіз. Сонымен қатар «Мал­­­­шылар мектебінен» тәлім алған әр шопанның құқығын қор­ғап, олар­дың жұмысқа тұруына да ықпал етеміз. Яғни, адамдарды оқуға қа­­был­­дамас бұрын, өңірдегі шаруа­­ларға қанша шопан қажет екенін анықтап, олармен келісімшарт жасаймыз. Ал біздің мектептің тү­легін шопан етіп алған қожалық оған жеңілдетілген пайызбен несие алуға, алдына мал салып беруге және оны қысқы жемшөппен қам­туға міндеттеледі. Тиісінше біздің шопан ол шаруашылықта кемі 3-5 жыл мал бағуы қажет болады. Қазір көп адамдар банктен несие алайын десе, оған кепілге қоятын дүние тап­пай қиналуда. Міне, «Мал­шы­лар мектебінің» қызметіне жү­гін­ген қожалықтар шопанның не­сие алуы үшін өзінің қора-жайын кепілге қойып береді. Ке­лісімшарт бойынша 5 жыл мал баққан адам осы уақыт ішінде өз төрт түлігінің де санын көбейтіп, кейін жеке-дара шаруашылық құра алады. Қазір осы бағдарламаны қожалықтарға ұсынып, жан-жақты пысықтап жатырмыз. Егер бұған мемлекеттік деңгейде қолдау болса, әр ауданнан «Малшылар мектебін» ашуға мүм­кіндік туар еді, – дейді Г.Дәулет­баева.

Қой терісін жамылған «қасқыр» көп

Негізі, шаруаның көтеріп отырған бастамасы қолдауға тұ­­рарлық. Себебі малшы таппай жүрген қожалықтар былай тұрсын, ұры шопандарға жем болып жат­қаны қаншама? Мәселен, былтыр шілде айында Қордай ауданындағы «Қалижан» шаруа қожалығының шопандары иесіне білдірмей малдарды біртін­деп ұрлаған. Бұл дерек бойынша 28-30 жас аралығындағы Аңырақай ауылының үш тұрғыны құрық­­­талды. Ұсталғандар осы шаруа қо­жалықтың шопандары болып шығып, көпшіліктің жа­ғасын ұстатты. Олар малдың жоқ екенін білдірмес үшін төрт түлікті бір­тіндеп барымталаған. Алдымен төрт ірі қараны, бірнеше күннен кейін тағы алтауын айдап әкеткен. Күдіктілер өз кінә­сін толық мойындап, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Ал биылғы наурыз айында Байзақ ауданында малшы қожалық иесінің 61 жылқысы мен 169 қойын сатып жіберіп, тұр­­ғындардың төбе шашын тік тұр­­­­ғызды. 2020 жылғы қараша айынан бастап шопан болып келе жатқан азамат осы мерзім ішінде шаруаға 36 миллион 680 мың теңге шығын келтіріп, оңай олжаға кенеліп келген. Об­лыстық Полиция депар­­таменті қожалық иесінің арызы негізінде жүргізген тексеріс бары­сында 40 жастағы шопанды құ­рықтап, оны темір торға тоғытты. Міне, осы екі деректің өзі мал­шылар арасында қой терісін жа­мылған «қасқырдың» көп екенін айғақтап тұр. Сондықтан «Малшы­­­лар мектебі» сынды оқу ордасынан білікті һәм сенімді шопанды алып, келісімшарт негізінде жұмыс жа­сағанға не жетсін?

Бұл да бір мәселе

Тағы бір мәселе – төрт түліктің жол-көлік оқиғаларының орын алуына түрткі болуы. Егер Сарысу немесе Талас ауданына жолға шыға қалсаң, қараусыз жүрген үйір-үйір жылқы мен ірі қараны автожолдың бойынан көресіз. Тіпті, түн мезгі­лінде жол үстіне шығып кетіп, мал­­ды көлік қағып кеткен оқи­ғаларға да куә болғанбыз. Об­лыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы төрт түліктің жолға шығып кетуінен 18 жол апаты болып, 30 адам жарақаттанып, 2 адам қаза тапқан. Ал 2020 жылы 12 жағдай тіркеліп, 33 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Осы сандар­дың өзі терең ойға қалдырады. Жоғарыда аталған автожол­дармен күнделікті қатынап жүрген такси жүргізушілердің де айтар базынасы аз емес. – Өз басым жол үстінен малды көлік қағып, жол апаты болған 15 оқиғаға куә болдым. Бір жағдайда тіпті мал иелері жүгіріп келген­­­діктен арам өліп қалмасын деп Тараз қаласындағы шұжық цехына жеткізіп бергенім бар. Ақкөл мен Ойық арасындағы жол да қиын. Әсіресе, түн мезгілінде келе жат­қанда жолға шығып кеткен жыл­қыларды көлік жарығымен әзер көріп, бұрылып үлгересің. Жылқы малының жарыққа қарай жүгіретін жаман қасиеті бар. Сондықтан түн мезгілінде жолмен барынша сақ жүруге тырысамыз. Мұның бәрі ауылдық жерде бақташының бол­мауынан. Сиыр басына айына 1 500 теңгеден белгіленіп тұрса да, ешкім мал баққысы келмейді. Орта есеп­пен 50 сиыр бақсаң, айына 75 000 теңге. Бұл аз ақша емес. Алайда мал бағып жүруді көпшілік қиын көретіндей, – дейді Марат Сидуалы есімді жүргізуші. Бір жылдары «Қазақстан темір жолы» мекемесі шойын жолдың бойына малдары шығып жеткен аза­маттарға айыппұл салып, бұл мә­селені жіті бақылауына алған болатын. Содан кейін мұндай ке­леңсіздіктер тиылған. Бәлкім, осы жүйені автожолға да қолдану керек шығар? Сонда ауылдағы ағайын төрт түлігіне ие болып, малды табынмен, отармен, үйірмен бағу жолға қойы­лар. Ол сәтте ел ішінен шопандар да шығатыны анық.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы