«Жер – малды, мал – қазақты асырайды», – дейді ел даналығы. Алайда бүгінде төрт түлігін бағатын шопан таппай жүрген шаруалар аз емес. Малшылардың жалақысын өсіріп, түрлі деңгейдегі әлеуметтік пакеттерін ұйымдастырып беріп жатса да, шопан болуға көп адам құлықты емес. Мұндай жағдайда енді қайтпек керек? «Екі қолына бір күрек» таппай жүрген жандарды мал бағуға қалай үгіттейміз?
«Малшылар мектебі» мәселені шеше ала ма?
Жалпы, бұл мәселені 2019 жылы Жамбыл облысындағы «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Сайранбай Дөненбаев өзекті етіп көтерген болатын. – Бүгінде қожалықтарға жұмыс күші жетіспейді. Малшылардың жалақысы, тұрғын үйі, балаларын оқытатын интернат ашып берсек те, олар жұмыстан қашады. Жергілікті жердегі жастарды жұмысқа тартайын десең, олардың құлығы жоқ. Неге осы жастармен ауыл әкімі жұмыс істемейді? – деп С.Дөненбаев сол тұста малшылардың тапшылығын айта отырып, әкімдердің жұмысын сынға алған. Бұл байламды қожалықтардың дені қолдап отыр. Мәселен, «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС төрағасы Аманжол Әкетаевтың айтуынша, 3 отар қойын бағатын шопан табу қиынға соғып отыр екен. – Қазір қойымды бағып отырған үш малшым бар. Алайда сақпан уақытында мал бағатын адам таппай қиналып қаламыз. Көп жағдайда малшы болуға жасы егде тартқан кісілер келісіп жатады. Ал қанша жағдайын жасасаң да шопан таяғын ұстауға жастар құлық танытпайды. Сондықтан жастарды осы салаға қызықтыру үшін бір жүйе қажет сияқты. Бәлкім, мемлекеттік деңгейде малшыларды ынталандыратын бағдарлама жасап, малшылықтан да мол табысқа кенелуге болатынын көрсету керек пе деп ойлаймын, – дейді шаруа. Мұндай бағдарламаны Байзақ ауданы «Жадыра» шаруа қожалығының төрайымы Гүлнар Даулетбаева да ұсынып отыр. Оның айтуынша, ауданнан «Малшылар мектебін» ашу қажет екен. – Шаруа ғана емес, аудандық мәслихаттың депутаты болғандықтан, «Малшылар мектебін» ашу мәселесін көтеріп отырмын. Бұл мектепте мал бағудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, мал шаруашылығына қатысты ветеринария, осеменатор сияқты мамандықты да игертпекпіз. Сонымен қатар «Малшылар мектебінен» тәлім алған әр шопанның құқығын қорғап, олардың жұмысқа тұруына да ықпал етеміз. Яғни, адамдарды оқуға қабылдамас бұрын, өңірдегі шаруаларға қанша шопан қажет екенін анықтап, олармен келісімшарт жасаймыз. Ал біздің мектептің түлегін шопан етіп алған қожалық оған жеңілдетілген пайызбен несие алуға, алдына мал салып беруге және оны қысқы жемшөппен қамтуға міндеттеледі. Тиісінше біздің шопан ол шаруашылықта кемі 3-5 жыл мал бағуы қажет болады. Қазір көп адамдар банктен несие алайын десе, оған кепілге қоятын дүние таппай қиналуда. Міне, «Малшылар мектебінің» қызметіне жүгінген қожалықтар шопанның несие алуы үшін өзінің қора-жайын кепілге қойып береді. Келісімшарт бойынша 5 жыл мал баққан адам осы уақыт ішінде өз төрт түлігінің де санын көбейтіп, кейін жеке-дара шаруашылық құра алады. Қазір осы бағдарламаны қожалықтарға ұсынып, жан-жақты пысықтап жатырмыз. Егер бұған мемлекеттік деңгейде қолдау болса, әр ауданнан «Малшылар мектебін» ашуға мүмкіндік туар еді, – дейді Г.Дәулетбаева.Қой терісін жамылған «қасқыр» көп
Негізі, шаруаның көтеріп отырған бастамасы қолдауға тұрарлық. Себебі малшы таппай жүрген қожалықтар былай тұрсын, ұры шопандарға жем болып жатқаны қаншама? Мәселен, былтыр шілде айында Қордай ауданындағы «Қалижан» шаруа қожалығының шопандары иесіне білдірмей малдарды біртіндеп ұрлаған. Бұл дерек бойынша 28-30 жас аралығындағы Аңырақай ауылының үш тұрғыны құрықталды. Ұсталғандар осы шаруа қожалықтың шопандары болып шығып, көпшіліктің жағасын ұстатты. Олар малдың жоқ екенін білдірмес үшін төрт түлікті біртіндеп барымталаған. Алдымен төрт ірі қараны, бірнеше күннен кейін тағы алтауын айдап әкеткен. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Ал биылғы наурыз айында Байзақ ауданында малшы қожалық иесінің 61 жылқысы мен 169 қойын сатып жіберіп, тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызды. 2020 жылғы қараша айынан бастап шопан болып келе жатқан азамат осы мерзім ішінде шаруаға 36 миллион 680 мың теңге шығын келтіріп, оңай олжаға кенеліп келген. Облыстық Полиция департаменті қожалық иесінің арызы негізінде жүргізген тексеріс барысында 40 жастағы шопанды құрықтап, оны темір торға тоғытты. Міне, осы екі деректің өзі малшылар арасында қой терісін жамылған «қасқырдың» көп екенін айғақтап тұр. Сондықтан «Малшылар мектебі» сынды оқу ордасынан білікті һәм сенімді шопанды алып, келісімшарт негізінде жұмыс жасағанға не жетсін?Бұл да бір мәселе
Тағы бір мәселе – төрт түліктің жол-көлік оқиғаларының орын алуына түрткі болуы. Егер Сарысу немесе Талас ауданына жолға шыға қалсаң, қараусыз жүрген үйір-үйір жылқы мен ірі қараны автожолдың бойынан көресіз. Тіпті, түн мезгілінде жол үстіне шығып кетіп, малды көлік қағып кеткен оқиғаларға да куә болғанбыз. Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы төрт түліктің жолға шығып кетуінен 18 жол апаты болып, 30 адам жарақаттанып, 2 адам қаза тапқан. Ал 2020 жылы 12 жағдай тіркеліп, 33 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Осы сандардың өзі терең ойға қалдырады. Жоғарыда аталған автожолдармен күнделікті қатынап жүрген такси жүргізушілердің де айтар базынасы аз емес. – Өз басым жол үстінен малды көлік қағып, жол апаты болған 15 оқиғаға куә болдым. Бір жағдайда тіпті мал иелері жүгіріп келгендіктен арам өліп қалмасын деп Тараз қаласындағы шұжық цехына жеткізіп бергенім бар. Ақкөл мен Ойық арасындағы жол да қиын. Әсіресе, түн мезгілінде келе жатқанда жолға шығып кеткен жылқыларды көлік жарығымен әзер көріп, бұрылып үлгересің. Жылқы малының жарыққа қарай жүгіретін жаман қасиеті бар. Сондықтан түн мезгілінде жолмен барынша сақ жүруге тырысамыз. Мұның бәрі ауылдық жерде бақташының болмауынан. Сиыр басына айына 1 500 теңгеден белгіленіп тұрса да, ешкім мал баққысы келмейді. Орта есеппен 50 сиыр бақсаң, айына 75 000 теңге. Бұл аз ақша емес. Алайда мал бағып жүруді көпшілік қиын көретіндей, – дейді Марат Сидуалы есімді жүргізуші. Бір жылдары «Қазақстан темір жолы» мекемесі шойын жолдың бойына малдары шығып жеткен азаматтарға айыппұл салып, бұл мәселені жіті бақылауына алған болатын. Содан кейін мұндай келеңсіздіктер тиылған. Бәлкім, осы жүйені автожолға да қолдану керек шығар? Сонда ауылдағы ағайын төрт түлігіне ие болып, малды табынмен, отармен, үйірмен бағу жолға қойылар. Ол сәтте ел ішінен шопандар да шығатыны анық.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы