Елімізде жойылатын мамандықтар аз емес
Елімізде жойылатын мамандықтар аз емес
347
оқылды

Пандемия көпшілікке онлайн жұмыс нәтижесінің оффлайндағы жұмыстан айырмасы жоқ екенін дәлелдеді. Кейбірі табысын есе­леп, екі-үш жұмысты қатар атқа­рып жүр. Десе де, еліміздегі жұ­мыс­сыздардың саны артып ке­леді. Осы орайда Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі қажетті мамандықтар атласын жасап жатыр. Картадан жойы­лып бара жатқан маман­дық­тар мен жаңа пайда болған сала­лардың тізімін таба аласыз. Сонымен, елі­мізде қандай маман тапшы?

Дәрігер мен IT маман керек

Иә, республикада ресми түрде тіркелген 449 мың жұмыссыз бар. Әрине, бәрін бірден жұмыспен қамту мүмкін емес. Бірақ түрлі мемлекеттік бағдарлама мен жобаның маңызын айта кеткен жөн. Біразы «Еңбек» бағдарла­ма­сы арқылы нәпақасын тауып жүр. Жағ­дай соңы осы сценарийге әкелмес үшін министрлік мамандықтар атласын жасауды қолға алған-ды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға мамандық таңдар алдында картаға бір қарап алған дұрыс деп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қазір еңбек нарығының құ­рылымы өзгеріп жатыр. Кей маман­дық­тар мүлдем жойылған. Оған қоса, бір­қатар қызмет түрінің онлайнға ауысқаны бар. Өз кезегінде министрлік өзгерістен алыс қалмай, қажетті мамандықтар атласын жасап шыққан. Нәтижесінде, 239 жаңа мамандық пайда болды. Жаңа мамандықтар цифрлы технологиялар саласына қатысты түзілген. Мысалы, қазір есепшілер, жалақы санайтын мамандықтар жойылып барады. Себебі жаңа автоматтандырылған техно­логиялар енгізіліп жатыр. Бара-бара бұл жұмыс орындарының қыс­қарып, автоматтандырылатынын нұс­қайды. Осыған сай, министрлік жаңа пайда болған мамандықтарға байла­нысты оқыту курстарын ұйымдастыруды қолға алады. Қанша жаңа мамандықтар дәуірі дегенімізбен, елімізде әлі де денсаулық сақтау мамандарына сұраныс көп. Әсіресе, білікті дәрігерлер жетпейтін өңір­лер жетерлік. Одан кейін еңбек на­ры­ғына онлайн форматта жұмыс істей­тін IT мамандар да керек. Сол үшін ми­нистрлік қажетті мамандықтар кар­­­­­та­сында өңірлер бойынша талдауды қолға алмақ. Бұл бір жағынан аймақтағы тапшы мамандықты анықтап берсе, екін­ші жағынан дипломы бар жұмыс­сыздарға көмек болмақ.

Менеджерлерге сұраныс басым

Әлеуметтік желідегі жарнама мен жұмыс іздеу порталдарындағы сұра­нысқа сай осындай тұжырымға келдік. Онлайн болсын, оффлайн болсын биз­нестің қызып тұрған шағында менед­жерге қолқа салатындар көп. Байқа­саңыз, карантиннен кейін бизнесті жан­дандырып, оны цифрлы түрге лайық­тау да менеджердің ықпалындағы іс. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін аса қажет мамандық екені дауыс. Оның үстіне, аталған бизнестің еліміздің ІЖӨ-сі (29,5%) үшін маңызды рөл ойнайтыны тағы бар. Дегенмен бұл тек аталған сала үшін емес, ойын-сауық, коммерция, жарнама мен білім саласы үшін де керек. Мәселен, қосымша білім беретін орталықтар локдауннан кейінгі жағдайды түзеу үшін менеджердің көмегіне жүгінді. Ағылшын, араб, орыс және түрік тілін үйрететін орталықтың жетекшісі Малика Қыдыржанның айтуынша, локдаун кезінде орталықтың жұмысын оффлайннан онлайнға көшіруге білікті менеджердің септігі тиген. Нәтижесінде, қатаң карантин кезінде де табыс түсіп отырған. Менеджерлермен қатар E-commerce және IT технологиялар саласы маман­дарына да алдағы 5 жылда сұраныс артпаса, төмендемейді. Өйткені аталған мамандық иелері бизнестің онлайн форматқа көшуіне тікелей себепші. Соның ішінде IT мамандарды алатын болсақ, таргеттік және контекстік жар­нама беру, digital-маркетологтер, SMM мен SEO-мамандар, мобильді қосымша жасаушылар, инженерлерге сұраныс көп. Экономика үшін алмағайып кезең екені белгілі. Кәсіпкерлер қашан лок­даун болатынын, қай кезде акция түсіп, қашан құны көтерілетінінен хабарсыз. Сол үшін көпшілігі Big Data талдау­шыларының көмегіне сүйенеді. Мұндай мамандар талдаумен, деректерді баға­лаумен, статистикалық ақпаратты өң­деумен айналысады. Бұдан кейінгі кезек сату жөніндегі мамандарда. Байқасаңыз, әлеуметтік желіде қандай да бір тапсырыс жаса­ғыңыз келсе, белгілі бір нөмірге жазуды өтінеді. Міне, сізбен байланысқа шы­ғатын осы – сату жөніндегі мамандар. Сізге ненің керек екенін нұсқап, қалаған сұрағыңызға жауап береді. Сол үшін сауда секторында жұмыс істейтіндер жарнаманың артықшылығын түсініп, заманауи ерекшеліктерді жақсы білетін мамандарды қолға түсіргісі келеді. Алдағы онжылдықта нанотехнология мен робототехниканың қарыштап да­митын кезеңі екенін ескерсек, инно­вация саласындағы мамандардың көмегі керек. Ғылымның еңбек нарығындағы кей мамандықтың жойылуына ықпалы тағы бар. Өйткені ірі кәсіпорындар ро­боттардың көмегін қабыл алуға дайын. Болашақта әуежайда, қонақүйлерде, мекемелерде роботтар жұмыс істейтіні айтылады. Тіпті, күнделікті жаңалық оқитын дикторларды құлтемірлер ал­мастыруы мүмкін. Жоғарыдағы мамандықтарға шолу жасағанда еңбек нарығының түрленгені көрініп-ақ тұр. Дене еңбегін қажет ете­тін жұмыс түрлері біртіндеп нарықтан шыға бастайды. Өйткені техниканың адамның орнына жұмыс істеп жүргенін көз көріп жүр. Ой еңбегіне қатысты бірқатар салада да өзгеріс бар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей жаңа мамандықтарды игеріп, өмір бойы білім алатын уақыт жетті. Оның үстіне, за­манауи мамандықтар жайында оқыта­тын қысқа курстар көбейіп кеткені тағы бар.  

Айбике ЖАНАСЫЛ