Көкшетауда Сарыарқа деген шағынаудан бар. Қаланың шет жағынан орын тепкен. Соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай тұрғын үйлердің қарасы көбейген. Баспананың бәрі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй кезегінде ондаған жыл бойы тұрған арнайы санаттағы адамдарға беріледі. Бірақ тұрғын үйлер салынса да, сапасыздығы жаңадан қоныстанған баспана иелерінің өмірін әуре-сарсаңға салған жайы бар.
Жақында ғана пайдалануға берілгенімен қабырғалары қақырап, іргелері сөгіліп жатқандары да жоқ емес. Тіпті, жертөлелері суға толып, тартылуға тиіс газы тартылмай, лифтісі үй салынып біткен соң-ақ істемей жатқандарын жиі айтамыз. Баспана жайы осындай болғандықтан тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне талай мәрте наз айтқан. Бірақ өкінішке қарай аталған мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді. Тұрғындарды алаңдататын жағдай мұнымен де бітпепті. Өйткені шағынауданда салынған жаңа тұрғын үйлердің мәселелерінен бөлек, сапасы сын көтермейтін инфрақұрылымның «жыры» тағы бар. Жүретін жолдары қысы-жазы ми батпақ пен көлкіген көлшіктерден бір арылмайды. Сондықтан тұрғындардың жұмысына яки оқуына жетуі қиямет-қайымға айналған. Өйткені автобус аялдамасына жету үшін ғана тұрғындар кемінде 20-25 минут жүруі керек. Оның өзінде жаңағы көлшіктердің ара-арасымен секіріп, қалың омбы қардан малтығып жүруге тура келеді.Алты жылдан бері автобус сұрап жүрміз
Тұрғындар Сарыарқа шағынауданында баспаналарын алғаннан бері майы шыққан жолдың машақатын тартып келеді. Әсіресе, көлігі жоқ адамдар үшін автобус аялдамасына жетудің өзі бір машақат. Бұл туралы жергілікті жұрт әлеуметтік желілерде жазып, қала мен облыс әкімдігіне талай мәрте шағымданған. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып, өзгерген ештеңе болмады. «Біз алты жылдан бері автобус сұрап келеміз. Автобус қатынасы мүлде жолға қойылмаған. Біз үйден автобус аялдамасына жеткенше 20-25 минут өте шығады. Ал өзің баламен немесе қолыңда жүгің болса онда аялдамаға жеткенше жарты сағаттан астам уақытың өтеді. Ол аздай жүретін жолымыз қашанда батпақ болып жатады. Тіпті, тротуар болмағандықтан ағып өтіп жатқан көліктерден су шашырап, киім бүліне ме деп немесе қағып кете ме деп те қорқасың. Аяққа пакет байлап шықпасаң мүлде жүре алмайсың. Әсіресе, шағынаудандағы 9/1, 9/3, 9/4 тұрғын үйлерде тұратын халық үшін аялдама өте алыс. Ал алты ай қыста, омбы қарды кешіп жүріп автобус аялдамасына баламен бару немесе базардан азық-түлік алып қайту қиямет-қайым», – дейді Көкшетау қаласы «Сарыарқа» шағынауданының тұрғыны Ризабек Кенжибаев. Қала тұрғындары автобус аялдамасын сұрап, қала әкімдігіне талай барған. Бірақ инфрақұрылымдарды жолға қойып, жол салу үшін әлі талай уақыт кететін сияқты.Күтіңдер, күтіңдер, күтіңдер...
«Менің зейнет жасына жетіп қалған әпкем осы Сарыарқа ауданында тұрады. Қыста мүлдем үйінен шықпайды. Өйткені автобус аялдамасы үйден бір шақырымнан астам қашықта орналасқан. Жету қиын. Ал көктемде қариялар батпақ кешіп қалай жүре алады? Билік өкілдеріне айтсақ, «күтіңіздер, сәл шыдаңыздар» деумен келеді. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай жөндеу жүрмеді. Тіпті болмаса, автобус аялдамасын жақындатып орналастырып берсе болатын еді ғой. «Ауызсуымыз нашар» деп едік, «күтіңдер» дейді. «Жолымыз жоқ» десек, тағы «күтіңдер», дейді, «газымыз жоқ, ыстық суымыз жоқ, автобусымыз жоқ» десек, тағы «шыдаңыздар» дейді. Шыдай-шыдай шыдамның да шегі таусылады ғой», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сәния Омарова.Күтіңіздер, ұзындығы үш шақырымдық жол салынады...
Аталған мәселе бойынша Көкшетау қаласы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрадық. Әкімдік болса шықпа жаным шықпашылаған тұрғындардың әлі де күту қажет екенін алға тартты. «Қазір Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Сарыарқа шағынауданында ұзындығы үш шақырымға созылатын жол құрылысының жобасын жасап жатыр. Аталған жоба жасалғаннан кейін ол мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жүзеге асырылмақ. Бұл жол Ғабдуллин көшесі, Назарбаев даңғылы және Петропавловск трассасы арасындағы көшелерді байланыстыратын болады. Осыдан кейін автобус қатынасындағы маршруттық желі де өзгертіледі. Тұрғындарды шыдамдылық танытып, күтуге шақырамыз», – деді Көкшетау қаласының әкімдігінен. P.S.Сонымен, әзірге Сарыарқа шағынауданында жол және автобус аялдамасының мәселесі жуық арада шешіле қоймайтыны белгілі болды. Дегенмен шаһар әкімдігі автобусты алты жыл күткен тұрғындарға жол салынатынына уәде берді. Оның қашан орындалатынын алдағы уақыт көрсете жатар.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы