Талдықорған қаласы Ashyq жобасына қосылды. Кәсіпкерлік нысандарының ішінде алғашқы болып қалалық Fortuna кафесі QR-код алды. Бұл туралы JETISÝ MEDIA ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Оналбаев хабарлады.
Ashyq жобасына қатысты өткен баспасөз мәслихатына Талдықорған қалалық СЭБ басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мелдебаев, Талдықорған қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова қатысты. Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оналбаев Ashyq жоба вирустың таралу қаупін азайтып, карантин шаралары кезінде өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті. Қосымшаны пайдалану бизнес нысанына шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоба QR-код және ПТР дерекқорымен интеграция есебінен келушінің мәртебесін – ол вирустың тасымалдаушысы болып санала ма, жоқ па, соны анықтауға мүмкіндік береді. Кіреберісте келушінің мәртебесін анықтау үшін оның QR- кодын сканерлейді және түсіне байланысты мәртебесін белгілеп, соған сай келушінің нысанға кіру-кірмеуі анықталады. Fortuna кафесі Талдықорған қаласындағы мобильді қосымшасын пайдаланған бизнес субъектілері арасында бірінші нысан болды. Тестілеу жүйесі бизнес нысаны үшін де, мекемеге келушілер үшін де қолдануға өте қолайлылығын көрсетті. Қазір Ashyq жобасына қатысуға 17 өтінім келіп түсті. Барлық жаңа қатысушы өтінімдерін infokazakhstan.kz сайты арқылы бере алады. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану орындары, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қауымдастық арқылы тапсырады», – дейді Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары. Айта кетсек, QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Жобаның талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жеке кабинетте бір апта бойы оқуға және тест режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін код пайда болады. Келушілерге App Store және Play Market-тен Ashyq мобильді қосымшасын жүктеу, телефон нөмірі бойынша авторлану, ЖСН енгізу және өзінің баруын тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеу қажет. Сондай-ақ шығу кезінде де бекіту үшін оның QR-кодын сканерлеу керек. Келушіде смартфон болмаған немесе осы мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қиындықтар туындаған жағдайда жауапты тұлғаға-мекеме қызметкеріне қосымшада рөл беріледі, оның көмегімен ол келушінің ЖСН енгізу арқылы кіруін тіркей алады. Сонымен қатар бизнестің өзі клиенттің мәртебесін ғана көреді: жасыл, көк, сары немесе қызыл. Ол адам туралы басқа деректерді көрмейді. Қызыл мәртебе қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйді оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды білдіреді. Сары белгіде қозғалысты ішінара шектеу-пайдаланушы ПТР дерекқорында жұқтырған науқаспен байланыста болғаны жөнінде көрсетілген: пациентке үйде оқшаулану режимін сақтай отыра, үйінен 500 метр жерден аспайтын азық-түлік және аппараттық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етілген. Көк. Бұл мәртебе үшін ПТР міндетті болатын жерлерден басқа қозғалыс шектеулері деректер көзінде жоғын білдіреді. Жасыл күй қозғалыста ешқандай шектеу жоқ екенін көрсетеді және бұл пайдаланушы дерекқорда covid-19 теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде анықталған. Қазір Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес-қоғамдастықпен Ashyq жобасы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілуде және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі жасалып жатыр.Болат АБАҒАН, Алматы облысы.