Бұрын қой-қозымыз өрістен қайтпай қалса ауыл-ауылды аралап, жоғалған малды іздейтін едік. Бұл күнделікті ауыл тіршілігінде кездесетін жағдай. Ал бүгінде малға емес, адамға іздеу салған хабарландырулар көбейді. Мұндай жайсыз хабарға құлақ үйренгені сондай, тіпті селт етпейтін жағдайға жеттік.
Статистиканы сөйлетсек, ел аман, жұрт тыныш уақытта елімізде жыл сайын із-түзсіз жоғалатындар саны 1 000-нан 1 500-ге дейін жетеді. Мәселен, 2020 жылдағы 12 айдың көрсеткіші бойынша елімізде із-түзсіз жоғалып, тіркеуде тұрғандар саны – 3 202 адам. Оның ішінде 975 әйел бар. Кәмелеттік жасқа толмағандар саны – 286. Ал құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқармасының дерегі бойынша 2016 жылы – 95, 2017 жылы – 66, 2018 жылы – 61, 2019 жылы – 70, 2020 жылы 64 адам хабар-ошарсыз кеткен. – Статистикаға сәйкес жоғалған адамдардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Бас прокурордың 2017 жылғы 4 тамыздағы №78 бұйрығының талаптарына сәйкес хабар-ошарсыз жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау, сот арқылы оны өлді деп тану, мәйіттің табылуы немесе тұлғаның өлімі туралы фактісін анықтау, жоғалған күннен бастап он жыл ескіру мерзімінің өтуі (қылмыстық іздестіру ісінен басқасы), осы тұлғаға қатысты істі басқа іздестіру ісімен біріктіру көзделген. Хабар-ошарсыз кеткен тұлғаның жоғалған күннен бастап он жыл өткеннен кейін басталған іздестірудің ескіру мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап үш жылды құрайды, – дейді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы Т.Нұрұнбетов. Жоғалған адамдардың уақыт өте келе өліп қалғаны, мәйітінің табылуы жиі кездеседі. Мысалы, былтыр жұмысқа шығып, үйіне қайта оралмаған Медетбай Орынбаевтың денесі араға 15 күн салып, қала ішінен табылды. – Бауырымның өліміне кінәлілер қамауға алынды. Тергеу алдымен Қызылорда қалалық Полиция департаментінде қаралды, одан кейін облыстық Полиция басқармасында өтті. Өйткені бұл қылмыс Қызылорда облысын шулатты. Облысымызда адамдардың жоғалып кетуі күннен-күнге артып келе жатқаны өтірік емес. Табылмай жатқандары қаншама? Менің бауырым Медетбай Орынбаевтың мәйіті қылмыс жасалғаннан кейін 15 күн өткен соң табылды. Өкініштісі, денесі ыстық күннің астында біршама уақыт жатып қалған. Тек сүйегін қара жерге тапсырдық. Бауырымды 2020 жылы 2 мамыр күні талтүсте өлтірген. Мәйіті қаланың қақ ортасында жатып, жарты ай өткен соң табылды. Оны өлтірген қылмыскер інімнің телефонын алып пайдаланып жүрген. Қаланың ішінде күндіз болған қылмысты ешкім көрмеген. Сонда ол жердің учаскелік полициялары қайда қарап жүрді? Тергеушілер қалай мұндай қылмысты аша алмады? Осындай сұрақтар мені жиі мазалайды. Қаланың сыртында болса айыптамас едім. Бауырым қайтып келмейді. Осы қайғыдан есеңгіреп отырғанымызда артынша Мұрат Орынбаев 2020 жылдың шілдесінде із-түссіз жоғалып кетті. Содан бері іздестірудеміз. Мұрат бауырымды көрген, білген жандар болса, Алланың разылығы үшін хабар беріңіздерші. Ет жақын бауырымызды коронавирустың өршіген кезінде жоғалтып отырмыз. Полицияға бірнеше мәрте арыздандым, іздеу жарияланды, бірақ, әлі күнге хабар жоқ, – дейді екі бауырынан айырылып қалған қызылордалық Айкүміс Орынбаева. Ағайынды Медетбай мен Мұратты танып-білетіндер олардың оғаш қылығы болмағанын айтады. Марқұм Медетбайдың ұсталық өнері де болған. Ағаш ойып, темірден түйін түйген ол әркез адал еңбекпен нәпақа тауып жүріп, қаскөйлердің қолынан қаза болды. Ал марқұмның қазасынан кейін інісі де хат-хабарсыз кеткен. Әзірге Мұратты көрдім-білдім деген нақты ақпарат жоқ. Жоғалған жандар туралы іздестіруге берілген ақпарат әрқилы. Бірі жұмысынан үйіне қайта оралмаса, ал енді бірі іс сапардан ізім-қайым жоқ болған. Тіпті, жай серуендеуге шыққан жандар да үйіне кері қайтпаған. Былтыр 15 ақпан күні әдеттегідей таңертең жүгіріп, дене шынықтыруға шыққан Тынымбай есімді кәсіпкер де әлі күнге табылған жоқ. Сол сәттен бастап ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіруге кіріскен. Тіпті, ерікті жастар да қаланың әр түкпірін тінтіп шықты. Бірақ жетпісті алқымдаған азамат табылған жоқ. Оқиға қала ішінде болса да, жүгіруге шыққан адам бірде-бір бейнебақылау камерасына түспеген. Сонда Қызылордада жоғалған адамдарды жер жұтып жатыр ма? Осылай деп ашынған жақындары іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. – Полиция қызметкерлері азаматтардың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, іздестіру кезінде жоғалған адамның жоғалу мән-жайлары, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары, оның түр-әлпетінің белгілері, жоғалған адамның соңғы болған орны туралы мәлімет жинайды. Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді полицейлер. Хабар-ошарсыз кеткендердi жылдар бойы үздіксіз іздей беруге мүмкіндік те бола бермейтіні рас. Жоғалған азаматтардың арасында 5-6 жылдан бері ізі табылмай келе жатқандары да кездеседі. Азаматтық кодекстің 28-бабына сәйкес хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек екен. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ал үш жылдан кейін, жақындарының өтінішімен сот шешімі шығарылады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады. Хабар-ошарсыз кеткен адамдардың ішінде әйелдерден гөрі ерлер көп болатын көрінеді. Құқық қорғаушылар мұны ер адамдардың қызметтік іссапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, автокөлік не жүк тасымалына байланысты алыс жолға жиі аттануымен байланыстырады. Ал балалардың жоғалу дерегі бойынша Қызылорда облысында (18 жасқа дейінгі балалар) 2016 жылы 22, 2017 жылы 12, 2018 жылы 10, 2019 жылы 12, 2020 жылы 4 кәмелет жасқа толмағандар хабар-ошарсыз кетті деп танылған. Ал жоғалғандар арасында аман-есен табылғандары санаулы ғана.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы