UFC-де тағы бір қазақ файтері
UFC-де тағы бір қазақ файтері

Қытайда тұратын қазақ жігіті Сайран Нұрданбек 22 мамырда UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Қандасымыз UFC Fight Night 188 турнирінде австралиялық Джошуа Кулибаомен (8-1-1) күш сынасады.

Қазақ спортшысы жарысқа қытай елінің атынан қатысады. Лас-Вегастағы айтулы сайыс кешінде Коди Гарбрандт (12-3) пен Роб Фонт та (18-4) өнер көр­сетеді. Олардың айқасы сол күнгі кез­десу­дің негізгі жекпе-жегі саналады. Сондай-ақ бұл күні қазақстандық Жалғас Жұмағұловтың (13-5) бұрынғы қар­сыласы бразилиялық Раулиан Пайва (20-3) кезекті айқасына шығады. Сайранның дебютті жекпе-жегіне бір айға жуық уақыт бар. Спортшы осы ара­лықта кездесуге дайындығын пысықтап, қарсыласын жан-жақты зерттейді. Қандасымыздың қарым-қабілетін, қы­тай еліндегі жекпе-жек өнерінің қанша­лықты дамығанын, UFC басшылығының Азиядағы спортшыларға неліктен қызығушылық танытып отырғаны жө­нінде Қуаныш Қаппас айтып берді. – Сайранды жергілікті халық  «Ша Илан» деп атайды. Ол сондай-ақ Қытайда «қасқыр» деген лақап атпен де танымал. Нұрданбек Қытайдағы Луньюнь ММА спорт залында жаттықтырушы Лонг Юн Чжанның командасында жаттығады. Нұрданбек өткізген 25 жекпе-жектің 24-і Қытайда, ал біреуі Моңғолияда өтті. Лас-Вегастағы UFC Apex-ке жоспарланған UFC дебюті спортшы үшін ерекше болмақ, – дейді қаппас. Ол бір сөзінде Қытайда бокстан, ережесіз жекпе-жектен жарыстар көп өтетінін, бірақ мұндай төбелес түрлеріне халық қатты қызыға бермейтінін айтып қалды. Соған қарамастан аталған спорт түрлеріне көп қаржы бөлінеді екен. Спортшылары әлемдік жарыстарда кере­мет нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жүрмесе де, өз елдерінде жекпе-жек кеш­тері көп өтетінін айтады. – UFC-ге кез келген спортшы бара бермейді. Деңгейі жоғары файтерлер қабылданады. Екінші жағынан Қытайда халық көп. Сондықтан ол елдегі спорт­шыларды бұл ұйымға тарту жарысты ұйымдастырушылардың өздеріне де тиім­ді. Өйткені көрермені артады. Сон­дықтан UFC басшылығы Қытайдың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның спортшыларын алғанды құп көреді. Азия елдеріндегі халқы көп мемлекет болған­нан кейін де бұл елдің спортшылары аталған ұйымда өнер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, кейінгі бір айдың ішінде Қы­тайдың 4 спортшысы UFC-мен келісім­шарт жасасқан. Қазақстанда да бір-екі жылдықта бірнеше спортшылар осы ұйымға қабылданды, – дейді Қуаныш Қаппас. UFC Сайран Іле-Қазақ автономиялық облысы Күнес ауданында дүниеге келген. ММА-дегі 25 жекпе-жегінде 19 мәрте жеңіске жетіп, 6 рет жеңілген. ММА-да кәсіби дебютін 2016 жылы өткізді. Бір жыл ішінде ол 4 рет рингке шығып, барлығында да жеңіске жетті. Бірақ кейіннен екі рет жеңіліске ұшырады. Алайда осыдан кейін ол тағы бір жеңіс сериясын бастады. Кейінгі жекпе-жегін желтоқсан айында өткізген. Бірінші раундта қытайлық Танжао Вангты жеңді. Жалпы, 2020 жыл Сайран үшін өте сәтті жыл болды. Ол коронавирус белең ал­ғаны­нан қарамастан Қытайда алты бірдей жекпе-жек өткізді. Енді Сайранның қарсыласы туралы аз-кем әңгімелейік. Джошуа Кулибао UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде аме­рика­лық Джалин Тернерден нокаутпен жеңілді. Одан кейін сегізбұрышқа қазан айында шықты. Канадалық Чарльз Джур­динмен (11-3-1) өткен жекпе-жегі тең аяқталды. 26 жастағы аустралиялық файтер үшін бұл UFC-дегі үшінші жекпе-жегі көп нәрсені шешкелі тұр. Өйткені сол сәтсіз екі жекпе-жектен кейін ол үшінші ұмтылысында жеңіске жетуге бар күшін салады. Әйтпесе, спортшының аталған ұйымда қалуға мүмкіндігі азаяды. Ал Сайран үшін дебютті кездесуін сәтті бастау маңызды. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2014 жылы Қытайдан келген тағы бір этникалық қазақ Жұмабек Тұрсын (20-9-1) UFC-де өнер көрсеткен болатын. Өкінішке қарай, қандасымыз барлық үш жекпе-жегінде де жеңіліс тапқаннан кейін ұйымға мүше спортшылардың қатарынан шығып қалды. Бұған дейін UFC-де Қазақстанның атынан Мария Агапова, Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов өнер көрсетті. Арман Оспанов пен Арман Әшімов 2020 жылдың соңында Ultimate Fighting Championship лигасымен келісімшартқа отырды. Алдағы екі-үш жылдықта спорт сахнасында, әсіресе жекпе-жек түрлерінен қазақ спортшы­лары атой салар күні де жақын. Шетте жүрген тағы бір қазақ оғланының UFC-дегі жолы ашық болғай дейміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ