Қытайда тұратын қазақ жігіті Сайран Нұрданбек 22 мамырда UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Қандасымыз UFC Fight Night 188 турнирінде австралиялық Джошуа Кулибаомен (8-1-1) күш сынасады.
Қазақ спортшысы жарысқа қытай елінің атынан қатысады. Лас-Вегастағы айтулы сайыс кешінде Коди Гарбрандт (12-3) пен Роб Фонт та (18-4) өнер көрсетеді. Олардың айқасы сол күнгі кездесудің негізгі жекпе-жегі саналады. Сондай-ақ бұл күні қазақстандық Жалғас Жұмағұловтың (13-5) бұрынғы қарсыласы бразилиялық Раулиан Пайва (20-3) кезекті айқасына шығады. Сайранның дебютті жекпе-жегіне бір айға жуық уақыт бар. Спортшы осы аралықта кездесуге дайындығын пысықтап, қарсыласын жан-жақты зерттейді. Қандасымыздың қарым-қабілетін, қытай еліндегі жекпе-жек өнерінің қаншалықты дамығанын, UFC басшылығының Азиядағы спортшыларға неліктен қызығушылық танытып отырғаны жөнінде Қуаныш Қаппас айтып берді. – Сайранды жергілікті халық «Ша Илан» деп атайды. Ол сондай-ақ Қытайда «қасқыр» деген лақап атпен де танымал. Нұрданбек Қытайдағы Луньюнь ММА спорт залында жаттықтырушы Лонг Юн Чжанның командасында жаттығады. Нұрданбек өткізген 25 жекпе-жектің 24-і Қытайда, ал біреуі Моңғолияда өтті. Лас-Вегастағы UFC Apex-ке жоспарланған UFC дебюті спортшы үшін ерекше болмақ, – дейді қаппас. Ол бір сөзінде Қытайда бокстан, ережесіз жекпе-жектен жарыстар көп өтетінін, бірақ мұндай төбелес түрлеріне халық қатты қызыға бермейтінін айтып қалды. Соған қарамастан аталған спорт түрлеріне көп қаржы бөлінеді екен. Спортшылары әлемдік жарыстарда керемет нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жүрмесе де, өз елдерінде жекпе-жек кештері көп өтетінін айтады. – UFC-ге кез келген спортшы бара бермейді. Деңгейі жоғары файтерлер қабылданады. Екінші жағынан Қытайда халық көп. Сондықтан ол елдегі спортшыларды бұл ұйымға тарту жарысты ұйымдастырушылардың өздеріне де тиімді. Өйткені көрермені артады. Сондықтан UFC басшылығы Қытайдың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның спортшыларын алғанды құп көреді. Азия елдеріндегі халқы көп мемлекет болғаннан кейін де бұл елдің спортшылары аталған ұйымда өнер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, кейінгі бір айдың ішінде Қытайдың 4 спортшысы UFC-мен келісімшарт жасасқан. Қазақстанда да бір-екі жылдықта бірнеше спортшылар осы ұйымға қабылданды, – дейді Қуаныш Қаппас.