Полицейлер сейф ұрлаған ұрыны 10 жыл бойы іздеп, Алматыдан тапты  
Полицейлер сейф ұрлаған ұрыны 10 жыл бойы іздеп, Алматыдан тапты  

Шығыс Қазақстанда 10 жыл іздеуде жүрген ұры Алматыда ұсталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2011 жылы 4 адам Өскеменде сауда үйінде сейф ұрлаған. Олар дүкеннен ішінде 3,5 миллион теңгесі бар сейфті ұрлап кеткен. Қылмысқа қатысы бар үшеуі ұсталып, сотталды. Бірақ ұрының біреуі осы уақытқа дейін бостандықта жүрген. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев: «10 жыл өтсе де, полицейлер күдіктіні іздеп тапты. Ұры Алматы қаласында ұсталды», – деді. Қазір 44 жастағы күдікті Алматыда уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Алдағы уақытта оны Өскеменге жеткізеді.

Бұған дейін қылмысын мойындап, полицияға барған күдіктіні полицейлер «ертең кел» деп үйіне қайтарып жібергенін жазған болатынбыз.