Қапшағайда кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
Қапшағайда кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
213
оқылды

Қапшағай қаласында мемлекеттік грант иеленіп, жеке ісін ашқан табысты кәсіпкерлер қа­тары артып келеді. Солардың бірі – көпбалалы ана Баян Ордабаева «Атамекен» ҰКП арқылы «Бизнес Бастау» негіздерін оқып шық­қан­нан кейін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, бүгінде кондитерлік өнімдер шығарып отыр.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасының мүмкіндігі мол. Қапшағай қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, осы бағдарламаға «жас кәсіпкер» және көпбалалы ана ретінде қатысқан Баян Ордабаева қолына бизнес негіздерін меңгергені туралы сертификат алған. Бұдан соң «Үйде пісірілген нан өнімдері» бизнес жобасын сәтті қорғайды. Соның арқасында 2,5 млн теңге мемлекеттік грант иеленіп, жеке ісін қолға алған. «Бизнесімді мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында бастадым. Енді оның одан әрі табысты жүргізуге талпыныс, еңбек, табан­дылық­пен қатар, қазіргі интернет желі­сінің де мүмкіндіктерін мол пайдаланып отырмын. Instagram желісіндегі парақшамда 10 мыңға жуық оқырманым бар. Биылғы наурызда өзімнің конди­терлік бизнесімді одан әрі кеңейттім, оның барлық жаңалықтарымен және мүмкіндіктерімен Bayan_cakes парақ­шасында оқырмандарымды таныс­тырамын. Алдағы уақытта жастарға, оның ішінде жұмыссыз азаматтарға өз білгенімді үйретіп, жаңа жұмыс орын­дарын құруды жоспарлап отырмын», – дейді жас кәсіпкер. Қазір кәсіпкер келіншек кәсібін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 3,0 млн теңгеге дейінгі грантқа қатысуды жоспарлап отыр. Сол сияқты өткен жылы «Шаштараз» курсын бітірген қапшағайлық жас талапкер Санжар Мейірманов та 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант иеленген. Ол бұл сомаға шаштараз маманына қажетті барбер креслосын, стерилизатор, қайшы, шаш алғыш машинка сынды құрал-жабдық сатып алды. Қазір сән салонында осы кәсібінен нәсібін тауып жүр. Болашақта шаштараз мамандығына оқытатын курс, өзінің жеке сән салонын ашуды армандайды. Жалпы, Қапшағай қаласы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ар­қылы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсына 150 адамды оқыту жоспарланған. Соны­мен бірге жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 200 АЕК көлемінде 45 адамға мемлекеттік грант және 25 адамға шағын несие беру межеленген. Осы жылдың 1 сәуіріне дейін 30 адам мемлекеттік грант, 3 азамат шағын несие алыпты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы