Белгілі сарапшылар, қоғам өкілдері, тілшілер мен мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен ZOOM платформасы арқылы онлайн-форматта конференция өтті.
Жоба авторы «Прогресс» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Марал Абдреисов «Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін онлайн сервис әзірлеу» жобасы жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Енді қазақстандықтар мемлекеттік сатып алуды оңай бақылай алатын OpenTender.kz онлайн-платформасын пайдалана алады. Бұл жүйе журналистерге, атқарушы органдарға, сарапшылар мен Қазақстанның белсенді тұрғындарына мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасап, сараптауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу ресми порталында мәліметтерді іздеу мен сараптау кезінде біраз қиындық туады. Оған мәліметтердің ауқымы үлкен болуы мен құрылымының күрделілігі себеп болып тұр (келісімшарттың деректері мен мәнін анықтау үшін әр шарттың сілтемесіне өту керек). Платформаны жасаушылар OpenTender.kz сайтын әзірлеу кезінде осы мәселені шешуге тырысқан. Сайтта деректерді іздеу және іріктеуге арналған қолайлы жүйе бар. Мемлекеттік сатып алудың ресми сайтымен салыстырғанда сайт келісімшарттың нақты бөліктері бойынша іздеуге мүмкіндік береді.Қазіргі күні сайтты әзірлеушілер мәліметтерді сараптайтын төрт модульді ұсынды:
-
Бағаларды сараптау – келісімшарттың жүзеге асырылған бөліктері бойынша іздеуге көмектеседі.
-
Жылдам сатып алу – өткізілген барлық сатып алу мен қай хабарландырудың қай уақытта жеңіске жеткенін нақты уақытпен көрсетеді.
-
Қосымша келісім – тауар немесе қызмет құны алғаш айтылған бағамен салыстырғанда қанша есе артқанын көрсетеді.
-
Қатысушылар бойынша фильтр – сатып алуға қатысушы (тапсырыс беруші немесе жеткізуші) туралы толық ақпаратты ұсынады.