Қызылорда облысында жыл басынан бері 64 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 20 адам қайтыс болып, 90 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды. Осының бәріне кім кінәлі? Сапасыз салынған жол ма, арқасы қозған жүргізуші ме? Тәртіп сақшыларының сөзінше, жол апатының жиілеуіне жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, желмен жарысқан «шумахерлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы секілді факторлар себеп болған көрінеді.
«Жыл басынан бері орын алған көлік апаттарына қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ең бастысы, апаттың алдын алғанымыз дұрыс. Сол бағытта қазір мектеп оқушылары офлайн форматтағы оқуға көшуіне байланысты білім беру орындары аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ювеналды полиция және патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Сондықтан тұрғындар белгіленген жылдамдықты асырмай, қарсы бағытқа шықпай, автокөлікті мас күйде басқармай, жол ережелерін қатаң сақтаса деймін. Жолда жүру ережелерін бұзу деректерін анықтауда «Азаматтық патруль» белсенділігін арттыру қажет. Полиция бекеттерімен қамтылмаған жерлерде жол ережесін бұзуды, азаматтық белсенділік танытып, фотобейнеге түсіріп, анықтаған деректер бойынша қатысты тиісті шара қолданылады», – дейді Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.Жыл басынан бері облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол-көлік оқиғаларына тікелей септігін тигізетін құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел профилактикалық іс-шара өткізілуде. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 2-3 айдың өзінде 60-тан аса жол-көлік оқиғасы болып үлгерді. Бұған қатысты тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы еместігін алға тартады. Қалай болғанда да бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс екені анық. Жалпы, ауыл болсын, қала болсын, ересектердің барлығы жаппай автокөлік тізгіндеген заман болған соң, жаяу жүргіншілер көшенің қай бөлігінде жүрсе де қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаны абзал.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕК,
Қызылорда облысы