Шетелге қашып кеткен қанша қылмыскер ұсталды?
Шетелге қашып кеткен қанша қылмыскер ұсталды?

Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асыловтың айтуынша, шарттың мақсаты – іздеуде жүрген күдіктілерді қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселесін реттеу.

2019 жылы Солтүстік Македониямен бірлескен шартқа қол қойылды.

«Оның бірі – Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шарт. Бұл Шарттың негізгі мақсаты – іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселесін реттеу. Шартта ұстап берудің келесі негіздеріне тоқталсақ, біріншіден, екі елдің де заңына сәйкес, әрекет қылмыс болып саналуы тиіс. Екіншіден, қылмыстық жауапқа тартылатын адам кемінде 1 жылға бас бостандығынан айыруға жазалануы қажет. Үшіншіден, сот үкімін орындау үшін іздеудегі адамның өтелмеген жазасының мерзімі кемінде 6 ай болуы керек», – деді Берік Асылов.

Ал «Қазақпараттың» жазуынша, мына жағдайларда: – егер сұратушы Тараптың заңнамасы бойынша қылмыс үшін өлім жазасы көзделсе; – іздеудегі адам ақталған болса немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылса; – мерзімі өтіп кетсе; – іздеудегі адам сол елдің азаматы болса; – сұратылған адам әскери қылмыс жасаған болса; – нәсілі, діні, саяси көзқарасы үшін айыпталуы не сотталуы мүмкін болса адамды ұстап бермейді. «Бүгінде Солтүстік Македония мен Қазақстанда жасырынып жүрген адамдар жоқ. Бүгінгі күні Қазақстан 20 мемлекетпен ұстап беру туралы шарттар жасады. Болашақта Малайзия, Доминикан, Перу, Аргентинамен осындай шарттарға қол қоямыз. Былтыр елімізде жасырынып жүрген 64 шетел азаматын ұстап бердік. Бізге шет мемлекеттер 56 қылмыскерді қайтарды», – деді Берік Асылов.

Біз бұған дейін Храпунов, Әблязов, Стати ісі – Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарға 13 миллиард теңге жұмсайтынын жазған болатынбыз.