2021 жыл жастардың саясатқа келу жылы болды – Амалбек Өміртай
2021 жыл жастардың саясатқа келу жылы болды – Амалбек Өміртай
210
оқылды

Маркс пен Энгельс те жастардың арзан еңбек күшін пайдалануды зерделеді, капиталистік қоғам жастардың мінез-құлықтары жиынтығын топтастырып оны саяси құралға айналдырудың алғышарттарын қалыптастырды. Айтпағым, жастардың қоғамдағы рөлі адамзаттың әртүрлі даму кезеңдерінде өзгерістерге ұшырап отырды, қазір ше...

Жастардың қоғамдағы әлеуметтік топ ретіндегі статусы ХХ ғасырдың басында айқын көрініс тапты. Алыстан емес, тарихымыздығы Алаш қозғалысына белсене араласқан тұлғалардың орташа жасын да жобалап қараңызшы. Осы ретте Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін әлемдік деңгейдегі мемлекет пен жастар арасындағы байланыс жайында маңызды ғасырда жазылған еңбек деуге болады. Екі дүниежүзілік соғысты бастан кешірген адамзат өмірінде, я ХХ ғасырдың екінші жартысында жастардың қоғамдағы әлеуметтік-саяси маңызы айқын көрініс тапты. Мәскеудегі қазақ жастарының «Жас тұлпарға» топтасуы, 1968 жылы «Отыздан асқандарға сенбеңдер» деп ұрандаған АҚШ студенттерінің саяси толқулары, Қытайдағы «культурная революция» – мемлекет пен жастар арасындағы сол кезеңдегі ахуалды суреттеуге жеткілікті мысалдар деп ойлаймын. Әлем елдерінің жастар туралы мемлекеттік заңдар қабылдауы да осы кезеңге тура келеді екен. 1985 жыл Халықаралық жастар жылы деп қабылдануы, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан қозғалысы, 1989 жылғы Бейжіңдегі Тяннаньмэн алаңындағы оқиға жастардың әлеуметтік-саяси жүйені өзгертуге деген талпыныстарының ащы шындықтары.

Тәуелсіз Қазақстан... 2019 жыл –  Жастар жылы. 2020 жыл – Волонтерлар жылы. Меніңше, 2021 жыл жастардың саясатқа келу (тарту) жылы деп бағамдауға болады және бұл мемлекетіміз үшін де өте маңызды қадам екені сөзсіз.

Күні кеше «Nur Otan» партиясы жанынан Жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңестер, сондай-ақ 616 жас депутаттарды біріктіретін «Жас депутаттар корпусы» алқалы ұйымы құрылды. Бұл еліміздің бас партиясы мұрындық болған саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудағы маңызы зор тың талпыныстар. Еліміздің саяси-әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің бел ортасында, мемлекет пен қоғамның және жастардың алтын көпірі болу – жауапкершілік. Замандастарыма қажымас қайрат, еңбекте табандылық пен азаматтық ерік-жігер тілеймін!

Амалбек ӨМІРТАЙ, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты, Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы.