Маман жетіспеушілігі және жұмыс істеп жүрген ветеринарлардың әлеуметтік тұрмысын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Сенатор өз сауалында кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керектігін айтты. Ауыл жастары үшін грант санын арттырып, ветеринарлардың жалақысын өсіру керектігін атап өтті. Осыған орай, ветеринар мамандардың тапшылығы, олардың әлеуметтік мәселесі туралы «Отқанжар» ЖШС бас зоотехнигі, Нұра аудандық мәслихатының депутаты Тілек Жақантайдың пікірін білген едік. «Біріншіден, бір ауданда АШМ агроөнеркәсіп кешені ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті яғни (инспекция) бұл Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Екіншіден, аудандық ветеринариялық лаборатория (ауруларды тексеретін – ред.), бұл - облысқа қарайтын мекеме. Үшіншіден, аудандық ветеринария бөлімі малға сырға тағу, т.б. жұмыс істейді. Бұлардың бюджеті аудандық әкімдікке қарайды. Төртіншіден, аудандық ветеринария станциясының мамандары бүкіл қара жұмысты істейді. Малдан қан алады, вакцинация жасайды, мал емдейді, өткізетін етке анықтама береді, етті тексереді және т.б. Бұл мекеме бұрын ауданға қараған, қазір облысқа қаратып жатыр. Ең қиыны, осы 4 мекеме арасындағы қағазбастылық қажытты. Мәселен, бүкіл жұмысты істейтін ветеринар 45 шақырым жердегі жайлауға малдан қан алуға кетті дейік. Ал бір кісі малын сойып, етке өткізер болса, ол кешке дейін ветеринарды күтіп отыру тиіс. Дәрігер жайлаудан келгенімен, ЭАСУ немесе ИСЖ базасы ашпаса тағы күтеді. Ең қиыны, ветеринар ауылда жоқ болса, мал иесі ауру малын сойып, бүкіл ауылға ауру таратпасына кепілдік жоқ. Айталық, Сібір жарасының белгілерін екінің бірі біле бермейді. Сібір жарасына шалдыққан ауру малды сойып алған ауыл тұрғындарының жаппай ауруға шалдықпасына кім кепіл?», – дейді.Оның айтуынша, ветеринарлар даярлайтын 10 жоғары оқу орнында соңғы 3 жылда 3602 адам білім алған. Былтыр 826 маман оқу бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен 12 адам ғана осы салада шетелде оқыған. Оның кейбірі мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған.
Осыған дейін Экологиялық кодекске көңілі толмаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Осы норманы жазғандар 2-3 ай ауылға барып, тауық пен сиырды ажыратып келсін» деген еді.
Бұған дейін Сібір жарасын жұқтырған ағайындылар туралы жазған болатынбыз.