Өскеменде қабырғасы сөгілген жаңа үй тұрғындарды шошытты
Өскеменде қабырғасы сөгілген жаңа үй тұрғындарды шошытты
126
оқылды

Жаңадан тұрғызылып жатқан үйлердің сапасына налитын Өскемен тұрғындарының құрылыс компанияларына деген сенімсіздігі бұл оқидан кейін  арта түсті.

22 сәуірде таңғы сағат төрт шамасында көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасындағы сайдинг қаптамасымен араға салынған тас-топырақ опырылып түскен.  Былтыр желтоқсан айында дәл осы үйдің қарсы қабырғасы сегізінші қабат тұсынан құлап, онсыз да жылуы нашар үйге қосымша соққы болған еді. Өскеменде Момышұлы 14 десе, «тағы не болды?» деп елеңдеудің жөні бар. Құрылыс материалдарына арналған қаражатты әбден үнемдеген құрылысшы компания тұрғын үй пайдалануға берілісімен-ақ, таратылып, ізін суытқан. Ал жайлы үйді аңсап келген тұрғындар енді қиранды астында қалмаудың қамын ойлап, түрлі инстанциялардан әділдік іздеп шырылдап жүр. Тұрғын үйдің тағы бір қабырғасы осының кебін кигелі тұрғанын қаптаманың ісініп тұрғанынан көруге болады. Қыстағы жағдайдан кейін прокуратураға да, қалалық әкімдікке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке де жүгінген үй иелері төленіп жатқан ақшаларының желге ұшқанына наразы. Енді жөндеу жұмыстарын мойнына алған қазақстандық ипотекалық компания арнайы тексеріс жүргізіп, жазда ғана іске кірісетінін мәлімдеді.