Министрлердің жауапкершілігі күшейтіледі

Министрлердің жауапкершілігі күшейтіледі

Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін оқу қолжетімді бола түседі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бюджет заңнамасын жетiлдiру және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобала­рын мақұлдады. 

Алдымен депутаттар «Кейбiр заңнамалық актiлерге бюджет заңнамасын жетiлдiру мәсе­лелері бойынша өзгерiстер мен толық­тырулар енгiзу туралы» заң жо­басын І оқы­лымда құп­тады. Н.Нығ­матулиннің байла­мынша, мемлекеттің сыртқы қарызының қаражатын игер­мегені үшін мем­лекеттік ор­ган­ның бірінші басшысы ғана жаза­лануы тиіс. Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар шетелден тартылған қарыз ақшаны игеру үшін мем­органдардың және әкімдердің жауапкершілігін арттыру мә­селесін көтерді. Осы орайда олар бюджеттік бағдарламаны әзір­леген ведомст­воның тек бірінші басшысының дербес жауап­кершілігін бекітуді ұсынды. Ал Үкімет енгізген заң жобасында бірінші басшы немесе оның орынбасары жауапкершілік арқа­лайды деп көрсетілген бо­латын. Салдарынан министрлер мен әкімдер өз орынбасарын айыпты қылып шығаруы мүмкін. – Шетелдік заем қаражатын игермеу үшін жауапкершілік бұ­лыңғыр болмауы керек. Ол айқын жазылуы керек. Себебі әңгіме салық төлеушілер есебінен өте­летін мемлекеттің сыртқы бо­рышы туралы болып отыр. Бұл қаражаттарды игермеу бюджеттен қосымша шығын шығаруы мүм­кін. Сондықтан бұл норманы заңнамада нақты бекіту қажет. Мемлекеттік органның бірінші басшысының дербес жауап­кершілігі болуы тиіс, – деді Мәжіліс Төрағасы. Оның пікірінше, жергілікті бюджетті болжау кезінде өңір­лердің ерекшелігі ескерілгені жөн. Депутаттар жергілікті бюджетке түсімдерді болжау тәртібін жер­гілікті уәкілетті органдарға беруді ұсынады. Жиында Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге ин­к­лю­зивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басын ма­құлдады. Мәжіліс Төрағасы бі­лімді дамыту, білімді ұрпақ тәр­биелеу жолында еш­қандай кедергі болмауы керегін айтты. – Себебі ол біздің ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы білім, соның ішінде ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген. Осыған орай әзірленіп, бүгін ма­құлданған заң жобасында бірқатар маңызды мәселелер қам­тылып отыр, – деді ол. Енді инклюзивті білім берудің заманға сай стандарттары енгі­зіледі. Бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұр­ғылықты жері ескеріледі. Нұрлан Нығматулинің пікірінше, осы санаттағы балалардың мәрте­бесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр. «Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа құрбы-құрдастарымен бірдей, сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары дең­гейде ұйымдастыруға жол аша­тын болады» деп түйді палата Спикері.

Айхан ШӘРІП