Ресеймен арадағы шекара аумағына қатысты «Көптоғай» ауылының тұрғындары наразылық білдірген соң «Тасқала» ауылының жүздеген тұрғыны ауыл маңындағы карьерге қарсылық білдіріп, қоғамның назарын аударды.
Атырау қаласы маңындағы Тасқала ауылының жүзден астам тұрғыны жеке компанияның карьер қазу жұмыстарын жүргізуіне қарсы шығып, жергілікті билік өкілдерін талаптарын тыңдауға шақырды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, «ЭлитСтройКомпания» ЖШС-нің ауыр салмақты «КамАЗдары» Тасқала ауылынан Атырауға топырақ тасып жатыр. Тәулігіне бірнеше рет топырақ тиеген салмақпен өтетін «КамАЗ» көліктері канал арқылы өтетін көпірді бүлдіріп үлгерген. Каналдан өтуге арналған көпірде шұңқырлар пайда болып, жіктері ажырап жатыр. Ауыл ішімен топырақ тасымалдауға тыйым салынып, айналма жол белгіленсе де, көлік жүргізушілері құлақ аспай, қалаға төте жолмен жосып жүр. – Қарттар бар, ауыл тұрғындары – біз бармыз. Үйлеріміздің іргесінде қазылып жатқан карьерге келісім бере ме, жоқ па оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Карьер қоршаған ортаға ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығына да үлкен зиян келтіреді. Жел тұрған күндері біз осы шаңды жұтамыз. Ал бізде жел тұрмайтын күн болмайды. Қолда бар малымыздың жайылым аумағы да қысқарып қалды. Біздің пікірімізді білу үшін қоғамдық тыңдаулар неге ұйымдастырылмады? – дейді ауыл тұрғыны Абай Уәли. Бұл кездесуде жергілікті тұрғындар Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев пен «ЭлитСтройКомпания» ЖШС өкілінен ұзаққа дейін мәселенің мәнісін сұрап, жібермеді. Кездесуде тұрғындар ауыл әкіміне мүддемізді қорғамадың деп реніш білдірсе, ауыл әкімі Е.Өтешқалиев «ЭлитСтройКомпания» ЖШС-нің қолында құжаттары бар, кәсіпкерлер заң бойынша әрекет етіп жатыр» деп турасын айтты. Оның айтуынша, жерді бермес бұрын құзырлы органдар жан-жақты тексеру жүргізіп, зерделегені дұрыс. Әкімнің сөзін «ЭлитСтрой-Комапния» ЖШС өкілі Ғаділбек Өмірзақов және Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан растады. Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, Атырау облысы бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беретін комиссиясымен өткізілген 2017 жылы 26 желтоқсандағы конкурс қорытындысы хаттамасымен «ЭлитСтройКомпания» ЖШС Атырау қаласы маңындағы Алғабас учаскесінен сазды жыныстарды барлау жұмыстарын жүргізу үшін жеңімпаз деп танылған. – Бұл жерлерді жалға беру облыс әкімінің қаулысымен бекітілді. Біз өзгерте алмайтын нормативтік құжаттар бар, өйткені оны тек орталықтан ғана жүзеге асыруға болады, – деді Қ.Арыстан. Ауыл тұрғындары топырақ тиеген ауыр техникалары арқылы көшенің бойын шаңдатып, ауыл маңайын терең қазып сұрықсыз еткен «ЭлитСтройКомпания» ЖШС-нің карьер қазуға рұқсатын тоқтату туралы талаптарын орындамаса, тағы да наразылық танытуға шығатынын айтты. Ауыл тұрғындарының талабынан соң, карьердегі жұмыс уақытша тоқтатылды. Қазір халықтың тілегін және кәсіпкердің құқығын ескере отырып, аталған мәселені шешу жөнінде құзырлы органдардан ұсыныстар жинақталуда. Айтарлығы, ауыл тұрғындары Тасқала ауылының іргесінде тағы екі карьер орны барын айтып отыр. Олардың біреуі үлкен қоқыс орнына айналып барады. Тұрғындар «ЭлитСтройКомпания» ЖШС-нің иелері де қазіргі карьерді пайдаланып, табыс тауып, кейін иесіз қалдырып кетеді деп алаңдап отыр. Сайып келгенде, бір аптада жерге қатысты екі наразылық та қоғам назарын өзіне аударып отыр. Мәселені халықтың талабына сай шешуде жергілікті атқарушы билік қандай ұтымды іс атқарарын күтеміз...