Тараз қаласында бір-біріне оқ атқан оқушылардың қылмысы әлі құпия сақталуда. Шөлдала иінін шулатқан жағдайға байланысты құқық қорғау органдары мардымды ақпарат бермей отыр. Ал ауруханаға түскен үш жасөспірімнің жағдайы қалыпты екеніне медицина мамандары сендіруде. Алайда өрімдей жастардың өлімнен қорықпай, атыс қаруын қолдануына не түрткі болған?
Жалпы, аталған оқиға 15 сәуір күні болған. Бытыра тиген үш жасөспірім ауруханаға түнгі сағат 03.30 шамасында түскен. Бірақ бұл жағдайды жергілікті билік пен тәртіп сақшылары төрт күн бойы жасырып келген. Тек 19 сәуір күні облыстық Полиция департаменті аз-кем ақпарат берді. «Тараз қаласының Полиция басқармасына кәмелетке толмаған үш баланың оқ-дәрі (бытыра) жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмысты жасаған күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы тұрақты, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Қылмыстық істің толық мән-жайы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды» делінген ресми ақпаратта. Ресми мәлімет осылай сөйлегенімен, ел арасында әртүрлі әңгіме желдей кезіп кетті. Бір анығы, бір-біріне қару кезенген жастар 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер. Арасында мектеп оқушыларынан бөлек колледж студенті де бар. Болжам бойынша жанжал Амангелді ауылынан бастау алып, Шөлдала иінінде жалғасын тапқан. Ауыл балаларымен ерегісіп қалған мектеп оқушысы мен оның достарына Шөлдала иіні «Сұлукөл» көшесінің бойындағы көпір маңында үш автокөлік мінген жастар оқ жаудырған. Осылайша, жасөспірімдер бір-бірінен есе қайтарған секілді. Ал мылтықтан атылған оқ балалардың аяғы және мойын тұсына тиген. Абырой болғанда, жаралылар ауруханаға дер кезінде жеткізіліп, жаны аман қалып отыр. – Балалардың жағдайы қалыпты. Ауруханаға алғаш түскенде денесіне тиген бытыраның саны көп болды. Сол себепті ота жасауымызға тура келді. Қазір барлығы палатада жатыр. Осы аптада үйлеріне шығады, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сатжанов. Ал Тараз қалалық Білім бөлімінің басшылығы жараланған балалар толық отбасынан шыққанын айтады. Сабақ үлгерімі де жақсы көрінеді. Осы таңға дейін бұзақылық қылықтары байқалмапты. Ұсталған күдіктілерге қатысты құқық қорғау органдары жұмған аузын ашпай отыр. Біле алғанымыз, ұсталған азаматтардың бірінің ата-анасы жапа шеккен жастардың үйіне барып кешірім сұрапты. Ал оқ тиген балалар арызданбайтынын айтып отыр. Десе де, бұл оқиғадан кейін мектеп директоры мен оның орынбасарына қатаң сөгіс түріндегі жаза берілген. Бірақ балалар қай мектептің оқушылары екені де құпия сақталып отыр. Алайда балаларын түн мезгілінде қараусыз жіберген ата-аналардың тәртіптік мәселесі қаралуда. Бұл бағытта арнайы комиссия жұмысын бастап кетті. Әрине, жасөспірімдерге қатысты мәселеде жан-жақты тексеріс қажет. Бірақ бұл оқиғаны барынша жасыруға жергілікті билік жан салып жатқаны түсініксіз. Естеріңізде болса, дәл осы Шөлдала иінінде өткен жылы 4 жасөспірімді 16 бала жабылып ұрып, бірін пышақтап өлтіріп қойған болатын. Ауруханада жантәсілім еткен бала №59 мектептің оқушысы еді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы