Бітімгерлік миссиялары: бейбітшілік – басты құндылық
Бітімгерлік миссиялары: бейбітшілік – басты құндылық
396
оқылды

Қазақстан – тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда ел ішіндегі ғана емес, аймақтық, тіпті жаһандық бейбітшілікті сақтауды басты ұстаным еткен мемлекет. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, Қарулы Күштерді енді жасақтап жатқан кездің өзінде Орталық Азияның, тіпті тұтас ТМД кеңістігінің қауіпсіздігі үшін сарбаздарын ұйымның сыртқы шекарасына жібергені бар. Сөйтіп, Қазақстан адамзаттың бейбіт өмір сүруіне мүдделі екенін көрсеткен. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.

 Бітімгерлік миссияны Елбасы бастаған

Негізі, Елбасы Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбітшілікке төнуі мүмкін қауіп-қатердің сан қырлы екенін жақсы білді. Елді іштен ірітуді көздейтіндер әдетте сыртта отырады. Ал сырттағылар ел шекарасына шиеленіске толы, түрлі қақтығыс болып жатқан өңірлер арқылы жақындайтыны сөзсіз. Одан бөлек, аймақтық қақ­тығыстар мен тұрақсыз ахуал босқындар легін көбейтеді де, олар­дың бір бөлігі Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін. Сондықтан ел ішіне экстремистік идеялардың енуіне, босқындар армиясының қалыптасуына, аймақтағы әлеу­меттік-экономикалық жағдай­дың шиеленісуіне жол бермеу үшін Қазақстан алдымен посткеңестік елдердің аумағындағы, кейін тіпті жаһандық масштабтағы бітімгер­­лік миссияларына қатысты. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тура мағынасында айтқанда бітімгер тұлға болатын. Н.Назарбаевтың бітімгерлік миссиясы КСРО тарамай тұрып-ақ басталды. Елбасы 1990 жылдың сәуірінде ҚазКСР Президенті болып сайланған сәттен-ақ бітім­герлік миссиясын бастады. Өйткені дәл сол кезде Кавказда Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін жанжал басталған болатын. Дәлірек айтқанда, 1988 жылы басталған жанжал екі жыл ішінде әбден шиеленіскен еді. Сон­дықтан Н.Назарбаев пен Ресей президенті Б.Ельцин Таулы Қа­рабақтағы қантөгісті тоқтатуды маңызды деп санап, араағайындық жасауға кірісті. Екі елдің пре­зиденттері 1991 жылғы 20-23 қыр­күйекте Баку, Степанакерт және Ереван қалаларында болып, бір­неше кездесу өткізген еді. Ал 1992 жылғы 27 тамызда Елбасы Алм­а­тыда Қазақстан, Әзербайжан және Армения сыртқы істер ми­нистр­лерінің үшжақты кездесуін ұйым­дастырды. Осылайша, Қазақ­стан Кавказдағы жанжалдың тоқтауына мүдделі болды. Одан бөлек, Қа­зақстан Иранның ядро­лық бағдар­ламасына қатысты дауды шешу үшін 2000 жылдары бірнеше мәрте диалог алаңын ұсынған болатын. Сөйтіп, батыс елдері мен Тегеран өкілдерінің мәселелерді үстел ба­сында талқылауына мүм­кіндік берді. Сонымен бірге Ауған­стан­дағы, Сириядағы со­ғысты тоқтатуға қатысты талай ұсыныс айтылды. Ауғанстанды қалпына келтіру үшін еліміз ұдайы гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Ал Сириядағы соғысты тоқтату үшін қарсыласушы топ өкілдерін бір үстелдің басына жинаған «Астана процесі» деп аталатын формат бүгінде көпке танымал. Әрине, араағайындық жасап, жанжалдасушы тарапты келісім­­ге келуге шақыру оңай іс емес. Алайда 30 жылға жуық уақыт ішіне Н.Назарбаевтың бітімгер ретіндегі келбеті қалыптасты. Бәлкім содан да шығар, аймақтық саясатта Қазақстанның диалог алаңын ұсынғанын құп көретіндер пайда болды. Мәселен, 2015 жылы Түркия Ресейдің Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін екі елдің арасындағы байланыстың түзелуі­не тікелей Назарбаевтың ықпал еткені бар. Тіпті, түрік саясаткер­лері мен масс-медиасы Ресеймен арадағы кикілжіңді шешуге Назарбаевтың араласқанын қа­лай­тынын бірне­ше мәрте тұс­пал­­­­даған. Кейін шы­­ны­мен де Қазақстан басшы­сының арала­суымен Р.Ердоған мен В.П­утин кездесіп, мәселелер ше­шілді. Бұл оқиға отандық дипло­матия мен еліміздің бітімгерлік миссиясы тарихында қалатыны сөзсіз.

Өзгелер үшін жан бергендер

Еліміздің бітімгерлік мис­сиялары жайлы сөз еткенде, әрине Қазақстан сарбаздарының ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетіп, Тәжікстандағы азаматтық соғысты тоқтатуға атсалысқаны еске түседі. Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Тәжікстанға әскер жіберу туралы шешім қабылдады. Өйткені Тә­жікстанда 1992 жылы азаматтық соғыс басталып, көптеген адам мерт болған еді. Тіпті, тәжік-ауған шекарасын күзеткен ешкім бол­мады. Ал есірткі, қару-жарақ кон­трабандасы осы иен қалған шека­радан ТМД елдеріне өтіп жататын. Елбасы сол кездегі оқи­ғалар жайлы: «1992 жылғы 11 қарашада күрделі ахуалға орай, Тәжікстанның Жоғарғы Кеңесі ТМД елдеріне республикаға бітімгерлік күштерін енгізу туралы өтініш жолдады. 1993 жылғы 22 қаңтарда Минскідегі ТМД саммитінде мемлекет бас­шылары бұл үндеуді қарас­тырып, қолдады. Осыған байланысты, мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде құрамында шекара, ішкі және жаяу әскер түрлерінен құралған ро­талары бар 700 адамдық жеке құрама батальонды Тәжікстанға ауған шекарасының ең қатерлі учаскелерінің бірін күзетуге жі­беруге бұйрық бердім. Өкінішке қарай, кейбір сарбаздарымыз опат болды. Олар біздің ортақ мүддемізді қорғауда өздерінің жауынгерлік борыштарын абыроймен атқарды» деп жазды «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында. Ал тәжік-ауған шека­расында 2001 жылға дейін 50-ге жуық сарбазымыз мерт болған еді. Соның ішінде 1995 жылғы сәуірде тосқауылға түсіп қалған қазақ­стандық ротаның ерлігі ерекше есте қалады. Сол шайқаста 17 жауын­геріміз қаза тауып, 50-і жа­раланған. Қазақстан сарбаздары Тәжікстанда бейбітшіліктің ор­науына атсалысып, сол жолда ба­рын салған болатын. «Қазақстан батальоны, тәуелсіз мемлекеттердің басқа да бөлімшелерімен бірге, тәжік жерінде бейбітшілік орнатуға ықпал етті. Алдына қойылған міндеттерді орындау барысында қазақстандық сарбаздар бірнеше мәрте Тәжікстан аумағына енуге әрекет жасаған қарулы құрылымға соққы берді, қару-жарақ пен есірткі тасымалына тосқауыл қойды. Олар жағдай тұрақталған 2001 жылға дейін тәжік-ауған шекарасын күзетті. Осы уақытта батальон құрамында 8 мыңнан астам адам қызметтен өтті, көп­теген офицер мен солдат көр­сеткен ерлігі үшін орден-медаль­мен ма­рапатталды» деп жазды кейін Нұрсұлтан Назарбаев. Ал 2003 жылы «Қазбат» Иракқа аттанған болатын. Қазақ әскерлері бес жыл бойы Ирак жерін жарыл­ғыштан аршу, суды тазалау, Ирак сарбаздарын оқыту сияқты көп­теген қызмет атқарды. Мина жа­рыл­­­ған кезде сарбаздарды құт­қармақ болған Қайрат Құдабаев атты офицеріміз сол Ирак жерінде көз жұмды. Бес жылда «Қазбат» сарбаздары 4 млн-нан астам мина мен жарылғыш заттың көзін жойып, 6 718 текше метр су та­зартты. Ирак әскери адемияс­ы­ның 872 курсантына жарылғыш затты жоюдың әдісін үйретті. Лаңкестік әрекеттер мен бұрын төселген мина, фугастардың жары­луынан зардап шеккен 5 мың­нан астам азаматқа медициналық кө­мек көрсетті. Ал 2007 жылдан бері қа­зақстандық бітімгерлер Батыс Са­хара, Кот-д'Ивуар, Ливан сияқты елдерге жіберілді. Сол жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы мис­сияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқан. Ал Ливанға арнайы рота 2018 жылдан бастап жіберіле бас­тады. Президент Қ.Тоқаев Ли­ванға арнайы әскери бөлім жіберу Қа­зақстанның бітімгершілік әлеуетін арттыратынын айтқан болатын. «БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қыз­меткерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлім­шелерін ұсынды. Бұл бөлім­шелер қазіргі бітімгершілік опера­циял­арында барынша сұраныс­қа ие» деген еді Президент. Яғни, Қа­зақстанның бітімгерлік мис­сиясы еліміздің БҰҰ аясында беделінің өсе түсуіне септігін тигізіп жатыр.  

Ардақ СҰЛТАН