«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл-аймақты көркейтуге 800 млрд теңге бөлінеді. Жауаптылар жаңа емхана салып, мектепті жөндеуден өткіземіз деп отыр. Бастысы, білікті медицина мамандарын ауылға шақырып, сұрағандарын бермек. Сондай-ақ жоба жол мәселесі дейтін жанды жерімізді де «емдеуге» дайын. Аталған жоба бұрынғы берген уәдесінде тұрды ма?
500 мың жаңа жұмыс орны
3,5 мыңнан астам ауылдың 7 млн тұрғынына сапалы өмір үшін 800 млрд теңге бөлінеді. Бюджетті жұмсауға берілген 5 жыл ішінде нәтиже берсе игі. Өйткені жұмыстың жоғы, білім мен ғылым, медицина мәселесі ауыл жұртын тығырыққа тіреді. Ыңғайы келсе, қалаға көшіп, ел қатарлы өмір сүргісі бар. Үш ауысымды мектеп, маман тапшы емхана мен жақынды алыстатқан жол титықтатты, білеміз. Одан қалса, интернеттің жыры бар. Пандемия басталғалы балалар қыр асып, тау мен тасты кезіп интернет «іздеп» жүр. Жағдаймен жақыннан танысқан басшылар іске көшпесек болмас деп бекінген сыңайлы. Олай дейтініміз, 2025 жылға дейін ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту күн тәртібінде тұр. 5 мың мектеп жаңғыртылып, жаңа 315 мектеп салынады. Соның ішінде елді мекендердегі қосымша білім беру мәселесіне ден қойылмақ. Осылайша, білім сапасының ауыл мен қала арасындағы айырмасын қысқарту жұмысы жүреді. Қарасирақ баланың уақытын бос өткізбес үшін 748 мәдениет, 1 719 спорт объектісі жөндеуден өтеді әрі жаңасы бой көтереді. 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту жағы тағы бар. Тұрғын үй мәселесіне келсек, аталған бес жыл ішінде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскесі жеке тұрғын үй салу үшін қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоймай, 12 мың шақырым инженерлік желі салынып, жаңғыртылады. Экономика министрінің сөзіне сенсек, үйлердің 60%-ына табиғи газ тартылатын уақыт та алыс емес.Жолдар, жолдар...
Иә, жолдың жайын бөлек қозғамасқа болмас. Себебі еліміздегі ең өзекті тақырып – осы. «Жол азабын жүрген біледі». Көзбен көргендер шығыста Үржарға тасжолмен жеткенше «тозып» кететіндерін айтады. Өскеменнен ары қарай жатқан аудандарда да жол нашар. «Хабар 24» телеарнасындағы «Әкім» хабарымен ел аралайтын журналист Ақбөпе Тәңірберген өңір-өңірдегі тіршілікпен таныс екенін, соның ішінде Бөкейордасындағы жол жағдайына налығанын атап өтті. Оның айтуынша, ауданға жаңбыр жауса, жердің миы шығып, жол қатынасы үзіледі. Аталған ауданға Орал қаласынан ғана көлік қатынайтыны тағы бар. Аудан арасында такси қызметі жоқтың қасы. Жалпы, ел арасында «Бөкейордасы жолымен жүргендер Жезқазған – Қызылорда бағытындағы жолдың қиындығын ұмытатыны» жиі айтылады. Айтпақшы, Жезқазған – Қызылорда бағытындағы жолдың жөнделетіні хабарланған-ды. Мұны естіп жұрт бір марқайып қалған. Енді «Ауыл – ел бесігі» арқылы жергілікті маңызға ие жолдардың 95% жағдайы жақсартылып, ауыл ішіндегі 10 мың шақырым жол жөнделетіні көпке қуаныш сыйлады. Әсіресе, елдің шығысы мен батысы жобаның шарапаты тиетінінен дәмелі. Мемлекет басшысы да жағдаймен жақсы таныс. Жолдан өту үшін су кешіп, баратын жеріне бес айналып жететін тұрғындар жетерлік. Әсіресе, туризм аймағы дейтін Алматы облысындағы ауылдарда, оңтүстік өңірдегі елді мекендерде, орталықта, Батыс Қазақстандағы 70% жол жөндеуді қажет етеді. Ал жоба аясында жұмыс істейтіндерге «уәдеде тұрыңыздар» дейміз. Бұлай деуімізге ауызсу мәселесі себеп. Өйткені жоба жүзеге асқалы бері ауылдарды ауызсумен қамту жайы мұң болып тұр. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы Шемонайха ауданында су құбыры тартылғанмен, халық бірнеше жыл бойы ауызсуды бұрынғы құбырдан ішіп жүр. Ал Аягөз ауданында су тартуға бөлінген қаржы талан-таражға түскен. Жұрт телеарналардан көмек сұрап, жағдайды біржақты ете алмай жүргендеріне 3 жыл өткенін айтқан. Шарасыз тұрғындардың сапасыз ауызсудан ығыры шыққан. Қош, жоба бойынша алдағы бес жылда ауылдарды ауызсумен қамту 100%-ға орындалатыны айтылған-ды. Межелі уақыт жеткенде «құрғақ қасық ауыз жыртып» жүрмесін.