Жетім саны азайған жылдар

Жетім саны азайған жылдар

Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісінің бірі – Қазақстанда балалар үйінің азайғаны. Бұрын еліміздегі балалар үйінде 19 800 бала тәрбиеленсе, қазір оның 4 600-і қалған. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар мен ел басшыларының ерен еңбегі.

Статистикаға сүйенсек, балалар үйінде тәрбиеленушілер қатары жылдан-жылға азайып келеді. Бұл сөзімізді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да растайды. Уәкілдің балалар үйін жауып тастау керек екенін айтып жүргеніне де біраз болды. Аружан Саинның айтуынша, қазір елімізде 109 балалар үйі мен интернат бар. «Балалар үйінде шамамен 4 600 бала қалды. Бұл көп емес. Негізі, балалар үйлерін толығымен жауып тастауға болады. Ол үшін мемлекеттік мекемелерді кәсіби фостерлік отбасылармен алмастыру қажет. Бүгінде әлемнің көптеген елінде мәселені осылай шешіп жатыр. Олар барлық интернатты жауып тастады. Ата-анасыз қалған балалар интернатқа емес, кәсіби отбасы қамқорлығында болады. Мұндай отбасылар мемлекетке жұмыс істейді» деген еді уәкіл. Бұрын отбасылардың бала асырап алуында түрлі кедергі болатын. Кейін арнайы сайт ашылып, бала асырап алғысы келетін отбасының бүкіл мәліметті алуына мүмкіндік жасалды. Әрі балалар үйінде бала санының азаюына «Ана үйінің» ашылуы да септігін тигізді.

Қанша балалар үйі бар?

Өткен жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде қанша бала балалар үйінде тәрбиеленіп жатқаны туралы нақты деректі әлеуметтік желідегі парақшасына жазған еді. Ми­нистрдің айтуынша, Қазақстанда 4 193 бала осындай мекемеде тұрып жатыр. «10 жыл ішінде (2010-2020 жж.) балалар үйіндегі тәрбиеленушілерінің саны 70 пайыз азайды» деп жазды Білім министрі. Яғни, 10 жыл бұрын жетімдер үйінде 14 052 бала болса, қазір олардың саны – 4 193 бала. Ал балалар үйінің саны 210-нан 101-ге қысқарған. «Айта кетерлігі, балалар үйлері қолдау орталығына айналады. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам белсене атсалысты. «Тәлімгерлер» мен «Аналар үйі» сияқты жобаларды да ерекше атап өткім келеді. Десе де, түйткілді мәселелер бойынша жұ­мыс әлі де жүріп жатыр» деген-ді министр. Әр бала өз отбасында, ата-анасының қасында өскісі келеді. Ал балалар үйіндегі бала да қамқорлық күтеді. Сонда олар өздерінің қажет екенін, қоғамда өз орны бар екенін сезінеді. Сол себепті баланы асырап алатын отбасының болғаны абзал. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның айтып жүргені де осы. Ол фостерлік отбасылардың тиімді тұсы көп дейді. Сол арқылы бала үнемі отбасының назарында және қамқорлығында болады. Ол үшін елімізге шамамен 350-500-дей фостерлік отбасы қажет. Бұл жыл сайын ата-анасының асырауынсыз қалатын 1 500 баланы орналастыруға жетеді. Ол үшін әрбір фостерлік отбасы 3-5 баладан алуы керек. Осылайша, интернат мәселесі де оңай шешілетін болады. Мамандардың айтуынша, елімізде балалар үйінде тәрбие­ленушілер қатарының азаюына тағы бір себеп, мәлімет базасының құрылуы. Осы портал ашылғалы бала асырап алғысы келетіндер түрлі бюрократиялық кедер­гілерге тап болмай, өте қысқа мерзімде бала асырап алуына мүмкіндік бар. Ал биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 3 893-ке азайыпты. Балаларды асырап алатын отбасылар саны артқан. Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынан айырылған балаларға арналған ұйымдар саны да азайған. Жетім балалар саны да кеміп келеді. Бұл да көңіл жұбатарлық жұбаныш. Статистикаға қарағанда, соңғы кездері жетім балаларды бауырына басуға ниетті отбасылардың қатары артқан. Ерлі-зайыптылар асырап алудан бөлек, баланы патронаттық тәрбиеге де ала алады. Тіпті, отбасы мүшелеріне жетімдер үйіндегі ұл-қызды демалыс немесе мереке күндері үйге алып кетуге рұқсат етілген болатын. Жаңа жүйе көп күттірмей, оң нәтижесін бере бастады.

«Ана үйі» көбейді

«Ана үйі» көбеюінің де тиімді тұсы бар. Ол балалар үйінің жабылуына септігін тигізді. «Ана үйінің» жұмыс істеуіне кәсіп­керлердің көмегі көп болды. Мұндай үйлер ашылғалы қиын жағдайға тап болған ана­лар өз баласын балалар үйіне тапсыруға асық­пайды. Қазір мұндай «Ана үйі» елі­міздің барлық аймағында жұмыс істеп тұр. Бірер жыл бұрын өткен VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру туралы ұсынысын қолдаған. «Көп­теген бизнесмен көмек көрсетіп, қайы­рымдылықпен айналысып келеді. «Ана үйі», жетімдер – бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін. Ал ол (кәсіп­кер) қандай бағытта қозғалу керек екенін көрсетіп отыр» деген болатын. Ең алғашқы «Ана үйі» Нұр-Сұлтан қаласында ашылған. Пилоттық жоба ретінде қаралған қоғамдық қордың мақсаты – балалардың жетімдер үйіне түспеуі. Қазір Қазақстан бойынша 18 қалада 22 «Ана үйі» жұмыс істеп тұр. Оған әр ай сайын кішкентай сәбиімен шамамен 20-25 қыз келеді. 4 800-ге жуық балалы анаға көмек көрсетілген. «Ана үйі» бас­панасы жоқ, ақшасы жоқ жас аналардың сәбиін тастамауына мүмкіндік жасап, қамқорлық танытып келеді. Келеңсіз жағдайға ұшырап қалған жас қыздардың көбі қайда барарын білмейді, баласын бағуға жағдайы жоқ, әке-шешесі үйінен қуып жіберген. Осындай қиын сәттерде олардың паналайтын орны – «Ана үйі». Осылайша, кәсіпкердің ұсынысы өз нәтижесін бере бастағандай. Соңғы жеті жылда осы жобаның арқасында 5 мыңнан аса әйел «баламды тастаймын» деген ойын өзгерткен. «Ана үйі» шарасыз қалған әйелдерге пана бола алады. Кішкентай сәбиі қасында. Ішер асы мен жатар орны да тегін. «Ана үйіне» келгеннен кейін қыздар өздерінің алдағы әрекеттерін ой елегінен өткізуге, ана бақытын сезінуге, жұмыс тауып, қаражат жинауға мүмкіндік алады. Мұнда оларға баланың жәр­де­мақы­сын рәсімдеуге көмектеседі, заңгер кеңес береді, психологиялық қолдау мен меди­циналық жәрдем көрсетіледі. Әке-шешесі қуып жіберген қыздарға баласын туып алуға жағдай жасалады. Жас босанған әйелден туған-туысқандары немесе бала­ның әкесі бас тартқан кезде жас анаға қол ұшын созып жіберсе, ешқандай ана баласын тастамайды. «Ана үйіне» жүктіліктің 8-9 айынан қабылданып, 6 ай бойы осы үйде болады. 6 айдан кейін міндетті түрде кетуі керек деген шарт жоқ. Әр ананың жағдайына қарай, шешім қабылданады. 6 ай ішінде қыздар міндетті түрде бір мамандықтың иесі болып шығады. Тігін тігеді, шаштараз болады, аспаздықты үйренеді. Психолог кеңесін алады. Осы аралықта қыздардың рұқсатымен туған-туыстарымен, бала­ның әкесімен сөйлесіп, тіл табысуға тырысады. Қыздардың 70 пайызын ата-анасы үйіне алып кетеді, 10 пайызы тұр­мысқа шығып, отбасылы болып жатады. Сәбидің атын қойып, бесікке салу, тұсау­кесер сияқты рәсімдер де жасалады. Мұ­ның бәрі «Ана үйінің» жас анаға көрсетер қамқорлығы. Қазір балаларын тастап кететіндердің де қарасы жылдан-жылға азайып келеді. Жетім балаларды бауырына басуға ықы­ласты отбасылар да көбейген. Тіпті, 4 мыңнан аса отбасы кезекте тұр. «Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арманы орындалып келеді. Барлық бала бақытты болу үшін жаралған. Мұқағали ақын жырлағандай, «Қандай рақат сәбилер жыламаған! Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде, Ұйқыдағы сәбидің келбетіне»...  

Айым БЕКТҰР