Көшпелі қазақ кезінде халық үшін «жер дауы» деген күрмеуі қиын мәселе болатын. Бұл түйткіл талай ғасыр өтсе де, толық шешілер емес. 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын заң жобасына қарсылық білдірген-ді. Осыдан соң заң жобасына мораторий жарияланғаны есімізде. Биыл мораторий мерзімі аяқталды. Енді жер дауы қалай шешілмек?
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісіне шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жолдады. Көп ұзамай жер реформасына байланысты комиссия құрылған еді. Алғашқы отырысын 25 наурызда бастаған комиссия ендігі төрт жиын өткізіп үлгерді. Байқасақ, барған сайын комиссия мүшелерінің пікірі сан саққа бөлініп жүр. Бірі – қазақстандықтарға жерді жекеменшікке беруді сұраса, көбі бұған қарсы. Жалға беру жайында да талас бар. Субаренданы заңдастыру да айтылып қалды. Бұдан бөлек, Жер кодексінде талқыға салар тұстар жетерлік. Сонымен, жер комиссиясы нендей ұсыныс айтты, қандай өзгерістер енгізуге мүдделі? Комиссияның төртінші отырысында да айтылған ұсыныстар аз болмады. Соның ең бастысы «қазақстандықтарға жалға беруді жаңа мерзімге ұзартуға басымдық құқығымен ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақмерзімді жалға алу мүмкіндігін беру бойынша тиісті заң нормаларына өзгерістер мен толықтыру» болды. Әйтсе де, мұның бәрін тізбектеп жатқымыз келмейді. Бізді алаңдататын, халық үшін өзекті бірнеше мәселеге тоқталамыз. Соның алғашқысы – субаренда тақырыбы.Субарендаға қарсылар көп
Жер шетелдіктерге сатылмайды дегенмен, субаренда соның баламасы тәрізді дүние көрінеді. Егер Қазақстан азаматына жер жалға беріліп, ол оны шетелдікке қайта жалға бермесіне кім кепіл? Сондықтан субаренда қоғамның наразылығын қайта тудыратыны анық. Субаренданы заңдастыру мәселесін комиссия мүшелерінің ішінен «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев тілге тиек еткен болатын. Дегенмен бұған қарсылардың қарасы көп. Мысалы, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы субаренда тақырыбын мүлде жабу қажетін айтып отыр. – Жерді өз азаматтарымызға жекеменшікке беруге әлі ерте. Себебі заң жүйеленбеген, кейін қарастыруға болады. Ал қазақстандықтарға жерді жалға беруге болады. Дұрыс игермей жатса, мемлекет меншігіне қайтарып алсын. Субарендаға түбегейлі тыйым салу қажет. Жерді алып алған соң оны қалаған мүддесіне пайдалану заңсыздыққа апаруы мүмкін, – дейді ол. Бұл мәселе комиссияның алдағы отырысында қаралуы мүмкін. Бірақ халық та, комиссия мүшелерінің басым бөлігі де қарсы болып отырған бұл тақырыпқа нүкте қойылса керек.Ағаш егуді де шетелден үйренеміз бе?
Енді жер комиссиясынан тыс болып жатқан мәселелерге оралсақ. 14 сәуір күні «Жер қатынастары туралы» заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бір қызығы, жобаның 48-бабы, 2-тармағында шетел азаматтарына орман өсіру үшін жерді жалға беруге рұқсат ететіні жазылыпты. Тарқатып айтсақ, құнарсыз жерді шетелдіктер 25 жылға жалға алып, орман өсіріп береді-мыс. Кейбір Мәжіліс депутаттарының сөзіне сенсек, жалға берілетін жерлер ауыл шаруашылығы санатындағы жерлерден болмайды. Тек кәсіпорындар маңы мен тасжолдардың екі жағындағы көлемі аз жерлер ағаш отырғызу үшін берілмек. Ресми дерекке жүгінсек, жалпы ел аумағының 4 пайызын ғана орманды алқап құрайды. Яғни, жоғарыда айтқандай, шаруашылық жүргізуге жатпайтын көлемі аз жерлерге ағаш отырғызуды шетелдік инвесторларға міндеттейді екенбіз. Қазір бұл заң жобасы сынға қалды. Расымен де, «сол жерлерді шетелдікке жалға бермейінше көгалдандыру мүмкін емес пе?» деген сауал бізді де толғандырады. 2016 жылы белсенділер талап қойғанда жерді сатпауды және жалға бермеуді сұраған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл басында айтқан өз сөзінде «жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді» деп нақтылаған болатын. Аңғарсақ, заң жобасының 48-бабы, 2-тармағы Мемлекет басшысының сөзіне қайшы келетіндей. Әйткенмен, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұл заң жобасының комиссия талқылап жатқан мәселелерге қатысы жоғын жеткізді. Ал ағаш егу үшін шетелдіктерге жерді 25 жылға дейін жалға беру жайын сенатор екіжақты қараған жөн дейді. – Мәселен, Қызылорда мен Маңғыстау, Атырау облысында үлкен шетелдік зауыт, кәсіпорындар бар. Олар жерді қазды, маңайды бүлдірді, табиғи процестерді бұзды. Яғни, сол шетелдік кәспорындарды өндіріс аймағына ағаш егуге міндеттеу керек. Бұл бірінші жақтан дұрыс. Дегенмен екінші жақтан қарасақ, елімізге әлі өндіріс жүргізуге келмегендерді шақырып, көркейтсін деп жерлерді жалға беру жөн емес. Бір сөзбен айтсам, шетелдіктерге жер жалға берілмеуі тиіс, бірақ бұрыннан өндіріс жүргізіп жатқан шетелдік кәсіпорындар жерге ағаш егіп, көркейтуге міндеттеле берсін, – дейді депутат.Шешілмеген күрмеу көп
«Жерді шетелге сатпаймыз, жалға да бермейміз» дегенмен, бұған дейін қабылдап қойған шешім мен тәжірибелерді қайда қалдырарымыз беймәлім. Тек ауылшаруашылық жерлерінің көлемі бойынша Қазақстан әлемде 6-орын алады (219,8 млн гектар). Бірақ жерлерге кім иелік етіп, не істеп жатқаны туралы ашық дереккөзі жоқ. Егер мұндай дерек пайда болса, даудың өрши түсетін түрі бар. Жер беру цифрландырылмаған, бұл жасырын жемқорлық үлесін арттыра беретін сыңайлы. Ал жер кезегінде тұрған 1,5 млн азаматты қайда қоямыз?Мадияр ТӨЛЕУ