Қызылордадағы қылмыс: тұрғындар неге алаңдаулы?
Қызылордадағы қылмыс: тұрғындар неге алаңдаулы?

Қызылордада жол-көлік оқиғасы мен заңсыз есірткі саудасы тыйылар емес. Тұрғындарды алдап соққан алаяқтардың қулығына да құрық бойламай тұр.

Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері 64 жол-көлік оқиғасынан 20 адам қайтыс болып, 90  адам әртүрлі дене жарақатын алды. Осының бәріне кім кінәлі? Жолды сапасыз салғандар ма, арқасы қоз­ған жүргізуші ме? Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апатының жиілеуіне жүргізушілердің жол ережелерін сақ­тамауы, желмен жарысқан «шумахерлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы секілді түрлі  фактор себеп болған көрінеді.
«Жыл басынан бері болған көлік апат­тарына қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ең бастысы, апаттың алдын ал­ған дұрыс. Сол бағытта қазір мектеп оқу­шылары оффлайн форматтағы оқуға кө­шуіне байланысты білім беру орындары аума­ғында балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге ювеналды полиция және пат­руль­дік полиция қызметкерлері жұмыл­дырылды. Сондықтан тұрғындар белгілен­ген жылдамдықты асырмай, қарсы бағытқа шықпай, автокөлікті мас күйде басқармай, жол ережелерін қатаң сақтаса деймін. Жол­да жүру ережелерін бұзу деректерін анық­тауда «Азаматтық патруль» белсенділігін арттыру қажет. Полиция бекеттерімен қамтылмаған жерлерде жол ережесін бұзуды, азаматтық белсенділік танытып, фото- бейнеге түсіріп, анықталған деректер бойынша тиісті шара қолданылады», – дейді Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.
Жыл басынан бері облыс бойынша жол-көлік оқиғаларын алдын алу және оған тікелей септігін тигізетін құқық­бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел-про­филактикалық іс-шара өткізіліп отыр. Қа­былданып жатқан шараға қарамастан, 1-2 айдың өзінде бірнеше жол-көлік оқиғасы болды. Бұған қатысты тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасын алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емесін алға тартады. Пандемия алқымнан қысқанда алаяқ­тардың қылмысы да еселеп артты. Бұл «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кері ме? Әккі алаяқтар пандемияны пайдаланып, тұрғындардың көбін интернет желісі арқылы алдап соққан.
«Қылмыстың алдын алу, ізін суытпай ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол апатын болдырмау мақсатында күнделікті про­филак­тикалық жұмыс жүргізіп келеміз. Алай­да адамдарды алдап, сеніміне кіріп, оның мүлкіне қол сұғып, алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлер азаймай тұр. 2021 жылғы 3 айда 301 алаяқтық қылмыс тіркелді. Мұның бәрінде қылмыскерлер «пәтер, жер учаскесін жеңілдетілген несиемен алып беремін, жұмысқа орна­ластыруға көмектесемін» деп жәбірленуші­нің ақшасын иемденген. Аталған қылмыс­тың көбі интернет арқылы жасалып отыр. Сондықтан тұрғындардан бейтаныс, толық білмейтін, жеңіл табыс табуға уәде берген адамдарға сенімділік танытпауды сұрай­мыз. Ал енді интернет-алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, оның алаяқ екенін білсеңіз, онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасап, дереу құқық қорғау органына жүгіну қажет», – дейді Қызыл­орда облыстық Полиция департа­менті бас­ты­ғының бірінші орынбасары Ш.Ами­тов.
Құқық қорғаушылар интернет-алаяқ­тарына алданып қалмау үшін, ең бірін­шіден, интернет арқылы тауар алатын сайттың жалған емес екеніне, оның мекенжайы, телефонына көз жеткізу қажет екенін ескертіп, ақпаратты анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуге кеңес береді. Нақтырақ айтсақ, интернет-алаяқтыққа – интернет-дүкендер арқылы (QIWI әмияны), интернет арқылы қайыр сұрау, SMS алаяқтық және интернет-банкинг (Kaspi Gold және т.б.) арқылы жасалатын қылмыс жатады. Мәселен, өткен айда қала тұрғынының атынан белгісіз біреулер банктен  1,5 млн теңге  көлемінде тауарлық несие рәсім­деген. Жүргізілген жедел іздестіру жұмыс­тары­ның нәтижесінде осы қылмысқа күдікті 21 жастағы бұрын сотты болған аза­мат ұсталған. Сонымен бірге Арал ауда­ны Сексеуіл кентінде деструктивті діни ағымды ұстанған азамат сауда орталығына ұрлыққа түскен. Ұры сауда үйінің пластик терезесін бұзып кіру әдісін пайдаланып, кассадан 30 мың теңге және терминалды қиратып, 900 000 теңге көлемінде ақша ұрлағаны анықталды. Қызылордалық полицейлер қылмысты дер кезінде ашып, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізіп жатыр. Қылмыс пен алаяқтықтан бөлек, есірткінің заңсыз айналымы да үлкен проблемаға айналды. Облыс көлемінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар нәтижесінде өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 386 құқықбұзушылық анықталды. Былтыр полицейлер 4 рет «Дәрмек» жедел-профилактикалық, 1 маусым-30 қазан аралығында «Қарасора-2020» кең ауқымды іс-шарасын өткізген. Осындай ауқымды тексеріс кезінде есірткі өсірудің 27 дерегі далалық аймақтан, 48 дерегі үй, саяжай ауласынан және 1 дерегі мекеме аумағынан табылды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 63 адам ұсталып, оның 27-і қамауға алынды. Оқиға орнынан 31 437 түп сора өсімдігі жойылды. Заңсыз айналымнан барлығы 349 келі 322 грамм есірткі, марихуана және 6 дана атыс қаруы тәркіленген. Биыл да «Дәрмек» жедел-профилак­тикалық іс-шарасы біраз қылмыстың бетін ашты. 2021 жылғы 3 айда облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 30 құқықбұзушылық тіркелген, оның 8-і – есірткі затын сату, 1-еуі – есірткіні жарнамалау дерегі. Сонымен қатар ҚК-нің 296-бабында (есірткі, психотроптық заттармен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 20 дерегі анықталған.
«Есірткінің заңды айналымы саласын­дағы құқықбұзушылықты анықтау мақса­тында биыл 22-26 ақпан аралығында «Дәр­мек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде, Қызылорда облы­сы аумағында 16 дәріхана, 1 қойма және денсаулық сақтау саласындағы 5 мекеме тексеріліп, есірткі өткізудің 3 дерегі және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ко­декстің 427-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтың 8 дерегі анықталды», – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүл­жахан Қайырбергенова.
Айталық, кешенді жүргізілген опе­рация­лардың нәтижесінде Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларына аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдау дерегі анықталып, заңсыз айналымнан барлығы 18 келі 349 грамм есірткі заты тәркіленген. Сондай-ақ Жаңақорған ауданында 1 келіден аса есірткі затын сіріңке қорабына бөлшектеп, сату мақсатында тасымалдаған кент тұр­ғыны құрықталды. Жыл басынан бері ҚАЖД түзеу меке­мелеріне есірткі заттарын жасырын өт­кізудің 5 дерегі анықталғанын айта кеткен жөн. Ал былтыр ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға есірткі затын өткізудің 3 дерегі бойынша Қызылорда қаласының тұрғыны құрықталған еді.
«Есірткі  сату  және  тағы да  басқа  есірткі  заттарына  байланысты  жасалып  жатқан  қылмыс  пен  құқықбұзушылықтар  жайлы  хабарламаларды  қабылдау  үшін Қызылорда облысының Полиция депар­таменті  Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында   27-55-42  «Сенім  теле­фоны» жұмыс істейді», – деді Қызыл­орда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы