Дендросаябақ ұжымы айыппұл салған полицейді сотқа бермек
Дендросаябақ ұжымы айыппұл салған полицейді сотқа бермек
138
оқылды

Көліктегілердің алтауы да Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақтың қызметкерлері екені белгілі болды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Олар жарылған су құбырын жөндеуге бара жатқан.

А.Асқаров атындағы дендросаябақтың қойма меңгерушісі Нұрлан Борисұлы: «Алдында бригадир отырды. Бәріміз авариялық ситуация деген соң қоймадан құрал-сайман алып, құбыр жарылған жерге жылдам жеттік. Бригадирдің машинасына отырып бардық», – дейді.

Видеодағы көлік дендробақтың бөлім меңгерушісінің атына рәсімделген. Бірақ ол мекеменің жұмысына пайдаланылады екен. Орталықтың аумағы үлкен болғандықтан, қызметкерлерге саябақ ішінде көлікпен жүруге рұқсат бар. Тек көлік жүретін басқа жол жоқ болған соң веложолақпен жүрге тура келеді екен. Бірақ  Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл жайтты заңға қайшы деп тапты. Полицейлер көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Жүргізушіге он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды. Алайда дендросаябақ заңгері бұл айыппұлмен келіспейді. Мекеме айыппұлды төлемейді деп отыр.

А.Асқаров атындағы дендросаябақтың заңгері Мөлдір Үсенбаева: «Дендрологиялық саябақ аумағында бейнабақылауға түскен автокөлікке саябақ аумағында жүруге бұйрықпен рұқсат етілген. Біздің тарапымыздан ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Саябақ аумағында веложолға резеңке төселмеген, асфальтті қызыл бояумен бояп қойған. Сонымен қатар саябақ аумағындағы жолдарды вело және жүргінші жолдары етіп салып тастауына байланысты автокөлікпен жүруге басқа жол жоқ. Бізге салынған айыппұлды заңсыз деп санаймыз. Бұл жайтқа қатысты сотқа жүгінеміз», – деді.

Бұған дейін Түркістан облысында теруге тыйым салынған қызғалдақты жұлғаны үшін тұрғын жауапқа тартылғаны туралы жазғанбыз.