Маңғыстау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймаққа енуіне байланысты өңірдің Бас мемлекеттік-санитарлық дәрігері Ғ. Надуевтың жаңа қаулысы шықты. Өңірде 26 сәуірден бастап карантин күшейтіледі. Жаңа қаулыға сәйкес сенбі және жексенбі күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың қызметі шектеледі. Сондай-ақ, спорт кешендері, спорт-сауықтыру орталықтары мен фитнес орталықтары демалыс күндері жұмыс істемейді. Мемлекеттік органдар (ұйымдар), ұлттық компаниялар, бизнес-орталықтар және басқа да офис қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс режиміне және 20%-ы күндізгі жұмыс режиміне ауыстырылады. Балабақшалар 15 баладан аспайтын кезекші топтармен жұмыс істейді. Супермаркет, гипермаркет жұмысы кешкі сағат 23:00-ге дейін жалғасады. Қоғамдық тамақтану орындары 20:00-ге дейін ашық болады.