Әлеуметтік желілерде Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық аумағына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары қайтыс болған жандарын жер қойнына тапсыра алмай отырғаны, ауыл жанындағы зиратқа мәйіттерді қоюға тыйым салынғаны туралы жариялап, дабыл қаққан болатын.
Осыған орай «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы тексеру жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтады. Расында да, ауыл жанындағы қорым толып кетіп, орын болмағандықтан, онда адам жерлеуге тыйым салыныпты. Жергілікті билік бұл мәселені дер кезінде шешпегеніне байланысты жағдай асқынып, тұрғындар тарапынан наразылық туындаған. Қарабұлақ ауылы жергілікті жұртшылық зиратта марқұмдарды жерлеуге тыйым салғаны бойынша шағым түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялауға мәжбүр болған. Ақыры партияның тікелей араласуы нәтижесінде Алматы облыстық мәслихатының депутаты Асқар Сүлейменовтің көмегімен Қарабұлақ ауылы маңынан өтеусіз негізде мұсылмандар және христиан зираттарына арнайы жер телімі (11.02 га) бөлінді. Мәселеге дер кезінде назар аудармаған Панфилов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы С. Мықтыбаевқа «ескерту» түріндегі партиялық жаза тағайындау туралы шешім қабылданды. Жағдай партиялық бақылау комиссиясы тарапынан бақылауға алынды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы