Президенттік басқару формасы: ел тағдырын өзгерткен шешім
Президенттік басқару формасы: ел тағдырын өзгерткен шешім
1,030
оқылды

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда «Президент лауазымын енгізу туралы» заң қабылданған болатын. Сөйтіп, ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты ел Президенті етіп сайлады. Кейін 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев ел басқару өкілеттілігіне көпшіліктің қалауы негізінде ие болды. Содан бері Қазақстан президенттік ел басқару формасының игілігін көріп келеді.

Бүгінде әлем бойынша пре­зиденттік басқару формасына негізделген саяси жүйе құрған 50-ге жуық мемлекет бар. Сонымен бірге президенттік, парламенттік бас­қару тәсілін құп көретіндер де аз емес. Академик Сұлтан Сартаев президенттік билік идеясы жүзден астам мемлекетте түрлі формада жүзеге асырылғанын жазған еді. Сөйтіп, замана сынынан өтіп, жетіле түскен осынау басқару жүйесі Қазақстанның негізгі бас­қару формасына айналды. Оның да түрлі себебі болып еді. Дегенмен сонау 1990 жылы Президент лауа­зымын енгізу арқылы Қазақстан тәуелсіздік алуға нақты қадам жасаған болатын. Өйткені тәуелсіз елде ғана президент болады.

Дәстүрлі танымнан алыстамаған жүйе

Негізі, посткеңестік елдердің басым бөлігінде, соның ішінде Ор­талық Азия елдерінде прези­денттік басқару формасы кеңінен тарады. Басқарудың бұл жүйесін таңдауға жүздеген жылдарға кететін ай­мақтық саяси мәдениетте қа­лып­тасқан дәстүр мен КСРО кезіндегі билік үлгісінің әсері мол болған тәрізді. Қазақ халқы да өз та­рихында биліктің қабілет-қарымы жоғары, білікті ханға немесе қол­басшыға сеніп тапсырған кезде табысқа жетіп отырды. Қасым хан, Хақназар, Тәуке, Абылай ханның мысалы соған дәлел. Сондықтан тәуелсіздік алған кезде Қазақстан үшін президенттік басқару фор­масын таңдау қалыпты құбылыс болатын. Халық мұндай басқару формасын жатырқаған да жоқ. Әрі президенттік басқару формасы Қазақстанның әлеуметтік-эко­номикалық дағдарыстан шығаруға да септігін тигізген болатын. Жалпы, Президенттің ерекше мәртебесі билік бөлінісінде ай­рықша орын алды. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы теңдіктің қалыптасуына да ықпал етті. Өйткені Президент мемле­кеттік билік органдарының үй­лесімі мен тізе қоса жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс еді. Осы­лайша, президенттік басқару формасы билік тармақтары арасындағы шиеленістерді азай­тып, маңызды шешімдер қа­былдауға кедергі жасайтын фак­торларды жойып отыруға мүм­кіндік берді. Ал еу­разиялық кеңістікте бірден пар­ламенттік басқару формасын таң­даған мемлекеттер дамуы біршама тежелген сәттер де тіркелді. Мә­селен, Моңғолия 1990-жылдары парламенттік басқару формасын қабылдады да, партиялардың ықпалы артып, Үкімет тек заң шы­ғарушы органға есеп беретін деңгейде қалды. Нәтижесінде, мем­лекетті дамытуға ықпал ететін дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі жойылды. Әлі күнге популистік шешімдер арқылы халықтың көңілін табуға тырысатын пар­тиялар стратегиялық жоспар жасау, елді дамытуға қажет амал­дарға баруға келгенде табысты бола қойған жоқ. Ал Ресейде 1993 жылы президент пен парламенттің ара­сындағы текетірес қару қол­дануға дейін барған болатын. Әрине, мұның бәрі өтпелі кезеңде пре­зиденттік басқару формасынан қолайлы жүйе жоқ екеніне дәлел болады. Дегенмен мәселе формада емес, президент ретінде ел бас­қарған тұлғаның қарым-қабіле­тінде екені анық. Қазақстан бұл тұрғыдан алғанда «жолы болған» мемлекет.

Тәуелсіздікті нығайтқан басқару формасы

Қазақстанға президенттік басқару жүйесінің пайдалы екені тәуелсіздік алмай тұрып-ақ белгілі болды. Саясаттанушы Айдос Сарым бір сұхбатында «Қазақ КСР Президенті қыз­метін тағайындау туралы» Қазақ КСР заңы жайлы айта келе «Бұл заңның қабыл­дануы – Қазақ­станның тари­хын­дағы үлкен белестің бірі. Себебі бұл кеңес дәуірінде қазақ елінің мем­лекеттік тәуелсіздік жолына нық басқан қадамы» деген еді. Расында да, Президент лауазымы енгізілген соң елде күрделі өз­герістер болды. 1990 жылдың 25 қазанында еге­мендік туралы дек­ларация қабыл­данды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жыл­дың 29 тамызында өз Жар­лығымен Семей ядролық полигонын жапты. Еліміздің мұнай-газ кешені кә­сіпорындарын орталықтың билі­гінен алып, Қазақстан меншігіне өткізді. Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру, сыртқы саясатты тәуелсіз жүргізу қатарлы бірқатар шешімді Н.Назарбаев тәуелсіздік жа­рияланардан бұрын қабылдады. Кейін Аралды құтқару қорын құрды. Сөйтіп, ел тағдыры үшін шешуші саналатын мәселелерді сол кездегі Жоғарғы кеңестің тал­қылауына салған да жоқ. Жоғарғы кеңес демекші, дамушы елдің бір­қатарына, соның ішінде еура­зиялық кеңістіктегі елдерге пар­ламенттегі партиялар мен жеке­леген депутаттардың ымыра­сыз­дығы талай кедергі жасаған. Қа­зақстан тарихында да Жоғарғы кеңестің күрделі әлеуметтік-эко­номикалық дағдарыс кезінде елді тығырықтан шығаратын ше­шім­дерді қабылдауға кедергі жасаған тұсы болды. Сондықтан 1995 жылы қабылданған Конституцияда пре­зиденттік басқару формасы кү­шейтілді. Ал 1990-1993 жылдары елде іс жүзіне парламенттік билік болды деуге болады. Президенттік басқару формасы қабыл­данға­нымен, Жоғарғы кеңестің ықпалы зор еді. 1993-1995 жылдар пре­зиденттік басқару формасы то­лығымен қалыптаса бастады. Бұ­рынғыдай Президент Минис­трлер кабинетінің де рөлін атқа­руды тоқтатып, Үкімет жасақталды. Пре­зидент Әкімшілігі қатарлы бірқатар құрылым пайда болды. Академик С.Сартаев осынау ке­зеңді Президенттің басқаруымен атқарушы билік күшейген кезең ретінде сипаттайды. Ал 1995 жылы қабылданған Конституция Қа­­зақстанды іс жүзінде толық­қанды президенттік басқару формасына көшкен мемлекет деңгейіне шы­ғарды. Сөйтіп, түрлі реформа жа­сап, елді дамытуға қажет өзекті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туды. Әрі Н.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық саясаттың біріз­ділігі мен жалғастылығын қамта­масыз ете білді. Жолдау­ларында жыл сайын нақты бағыт белгілеп, даму жос­парларын әзірледі. Ті­ке­лей өз бас­­тамасымен жүзеге асы­­рылған бағдарламалар арқылы эко­­номи­каны дамытып, халықтың әл-ауқатын көтерді. «Қазақ­стан-2030» және «Қазақстан-2050» страте­гиялық бағдарламаларын қабыл­дады. Сөйтіп, елдегі жалпы ішкі өнім көлемі көбейгенше, инвес­торлар Қазақстанның сенімді се­ріктес бола алатынына әбден көз жеткізіп, мол қаржы аударған соң түрлі реформаны жүзеге асыр­ғаннан кейін ғана парламенттік рөлін арттыру бастамасын қолға алды. «Алдымен экономика, содан соң саясат» ұстанымына берік бола отырып Н.Назарбаев Қазақстан тәрізді мемлекеттер үшін пре­зи­­­денттік басқару формасынан қолай­лы жүйе жоқ екенін дә­лелдеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы саясатты жалғас­­тырып келеді. Оның «Күшті Президент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет» фор­муласын берік ұстану қажет дейтін принципі президент­тік басқару формасының әлі де өзекті бола түсетінін, Қазақстанда демо­кра­тияның өзіндік мәдениеті мен үл­гісі қалыптаспайынша, по­пу­листік ұрандарға ерудің қажеті жоқ екенін аңғартады. Оған көрші елдердегі оқиғалар да куә. 2005 жыл­дан бері бірнеше рет саяси төң­керіс жасаған қырғыз елі пре­­зи­­­денттік басқару формасын кү­шей­туге мәжбүр болып отыр. Ал біз­дің халық өзгенің қатесінен де сабақ ала бі­летіні бар.  

Ардақ СҰЛТАН