Ізгілікке үндейтін жандар
Ізгілікке үндейтін жандар

Пандемия бізді волонтерлермен жақыннан таныс­тыр­­ды. Иә, бұдан бұрын да түрлі марафон мен халықаралық жарыста волонтер көмегіне жүгінетінбіз. Бірақ халыққа көмек ауадай қажет тұста олар әркімнің жанынан та­былды. Осындай ізгі іс талай жанның басын біріктірді. Қа­­­­зір елімізде 50 мыңнан астам волонтер мен 200-ден астам ұйым бар. Қызығы, әрқайcысының бағыты бөлек.

БҰҰ-ның тренер волонтері

Арслан Оразғалиев Жас-Талап жәрмеңкесінен кейін волонтер бо­луға шешім қабыл­даған. Содан бері 5 жыл өтті. Алғаш рет арда­герлер үйі­не көмекке барғаны, шай ішіп, бата алғаны көпке дейін есінде қал­ған. Бастапқыда ұйым аты­нан қарттар үйінде, балалар үйінде, мүм­­кіндігі шектеулі жан­­дармен бір­ге жұмыс істе­­ген. 2017 жылдан бас­тап Арс­лан бастаған ұйым меди­ци­налық бағытқа бет бұрған. «Қазір волонтерлер арнайы шақырту алып, даярлаудан өтті және республикалық деңгейде во­лонтер-амбассадор стату­сы­на ие болды. Біз мектептерде арнайы бі­лім беру орындарында оқитын жас­тарды волон­тер­лікке баулып тре­нинг ұйым­дастырдық. Ал індет өршіген тұста әдеттегідей медици­на­лық волонтерлік жұмысты жал­ғастырдық. Әлеуметтік желі ар­қылы вирустан қорғану жолдарын және түрлі дәрі-дәрмекті ретсіз пай­даланудың салдарын түсін­дірдік. Меди­цина қызметкер­леріне тамақ апарып, көпреттік бетперде тігіп, қала халқына та­раттық. Табыссыз қалған бір­неше от­басына азық-түлік жағы­нан көмек көрсеттік. Қайырым­дылық азық-түлік қор­жындары бүгінге дейін таратылып жатыр. Айта ке­терлігі, қатаң ка­рантин кезінде саулық жобасы ая­сын­да медицина қызмет­кер­леріне көмекші ретінде емха­налар мен ауруханаларда ке­зекшілікке шық­тық», – дейді ол. Волонтер жылының жа­былу салтанатында Ақтөбе об­лысының тумасы «Салауатты өмір салты но­минациясы» бойынша жеңіске жет­ті. Бұл қандай бағыт десеңіз, то­лы­ғырақ түсіндіріп берейік. Бұл ба­ғыт бойынша жұмыстар жас­өс­пірімдермен ересектерге қа­тар жүргізіледі. Әсіресе, ре­­по­дуктивті денсаулық, отба­сын жоспарлау, контрацепция, СӨС, туберкулез бен АИТВ жұқ­пасы туралы кеңінен ақпа­рат таратып, тіл­деседі. Оның айтуынша, жасөс­­пірімдер аталған тақырыпты жіті түсі­ніп, қандай да бір қиындық туса, волонтер кө­мегіне жүгі­неді. Жасөспірімдер өз­дерін еркін се­­зінуі үшін ойын тү­ріндегі тре­­­нингті жиі ұйым­дас­тырады. ДДСҰ күнтізбесіне сәйкес жұмыс істегендіктен, волон­терлік топ­­­тың еңбегі БҰҰ тарапынан оң баға алған.

Мейірім әлемді құтқарады

Қатаң карантин кезінде дерт дендегенде адамдардың тыныс алу аппаратына мұқтаж болғанын көз көрді. Дәулет, Айнұр Тұрсын­баева бастаған бірнеше адам крауд­­фандинг арқылы ақша жи­нап, мыңдаған аппарат алды. Мегаполистер мен қалаларға жет­кізді. Осы тұста аты­раулықтар Дария Ер­бола­тованың есімін ерекше ықыласпен атайды. Өйт­кені волонтер ару әлеуметтік бағыт бойынша мүмкіндігі щек­теулі балаларға және ауырып жүр­ген ба­лалардың еміне 4 млн 436 мың теңге жинаған. Қаражатқа 15 тыныс алу аппаратын сатып ал­ған. Одан бөлек, қалалық ем­ха­на­­ларда пневмония және коронави­­руспен күресіп жат­қан медицина қызметкерлеріне арнап 14 жинақ және 10 дана бір­реттік меди­циналық қорға­ныс киім­дерімен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ ау­рухана дәрігерлеріне 500 меди­цина­­лық костюм сыйлаған. Тағы бір атыраулық во­лонтер Ғұмар Нұрисләм әлеу­меттік во­лонтерлік бойынша халықтың қол­дауымен жағ­дайы төмен екі отба­сына бас­пана сыйлаған. Со­ның ішінде 8 балалы отбасына және 4 ба­лалы жалғызбасты ана баспа­налы болған. Сондай-ақ ол ем­делуге мұқ­таж 4 баланың еміне қаражат жинаған. «Пандемия уақытында Аты­­рау қаласының тұр­­ғын­дарына 7 мың­ға жуық тегін дәрі-дәрмек тара­тылды. Тұр­мысы төмен отбасы­ларға азық-түліктер мен керекті препарат үлес­тірілді. Сондай-ақ каран­тин ере­желеріне орай Аты­рау қаласындағы көпір маңына бө­геу бекеттерінде тұрған тәр­тіп сақшыларына түскі ас та­ратылды. Атырау облыстық ауру­ханасында қажетті құрал-жабдықтар тасу үшін Жаңа­талап ауылының жас­тары жұ­мылдырылды. Ай сайын жағ­дайы төмен отбасылар мен көп­балалы отбасыларға азық-тү­лік пен тұрмысқа қажетті зат таратуды ұмыт қалдырған жоқ­пыз», – дейді ол. Волонтерлік бағыт жайын­да оқып, буллинг пен кибер­буллинг турасында ерікті бо­лып жүрген жас­тармен та­ныстық. Соның бірі – Назым Сапарова. Ол Юни­сеф Be kind бағдарламасының волонтері. Қазір елімізде осы та­қырып күн тәр­тібінде тұрғаны бәрі­мізге мәлім. Осы жайында кеңінен ақпарат та­ратып, мек­теп жасындағы бала­лар­ды бір­лікке шақыратын волон­тер­лер­дің әре­кеті мақтауға тұ­рарлық. «Юнисефтің бекіткен ар­найы тізімі бар. Біз еліміздің түкпір-түк­піріндегі мек­теп­терге сабақ береміз. Бай­қа­ғаным, балалар әлеу­меттік же­­ліде ойын ойнағанда боп­салаудың буллинг екенін тү­сін­бейді. Оларға ата-аналардан, қоршаған ортадан жеткілікті көңіл бөлінбейтінінен күні-түні смартфоннан айы­рыл­майды. Сондықтан «өзіне фейк ак­каунттан жазуы мүмкін» де­генді мүлдем түсінбейді. Екін­шіден, буллинг тақыры­бына келгенде орыс­­ша ауди­тория жақсы қа­былдайды. Қазақ балалары мо­­­мын, ой­ларын еркін жеткізуге аздап қор­қы­ныш бар сыңайлы», – дейді Юнисеф волонтері. Қызығы сол, Назым Сапа­­рова бірден Юнисеф өкіліне ай­налмаған. Жылдар бойы жи­наған тәжірибесі кастингте жеңіске жетуіне ықпал етті. Ол мұның алдында ТедхАлматы, Алматы марафоны сияқты шарада во­лонтер болған. Ол таңға таяу жи­налғанын, Бай­зақов көшесін жабу кезінде тұрғындар тарапынан боп­са­лағандар кездескенін еске алды. Бастысы, волонтер аруға біреуге қолғабыс еткен, бағыт көр­сеткен ұнайды. «Көпке кө­ме­гім тигені ба­қыт емес пе?» дегеніне үнсіз ке­ліс­тік. Сондай-ақ салауатты өмір сал­тын ұстап, ғаламшарды сақтап қалу мәсе­лесіне де сақтықпен қа­рай­ты­ны қуантты. «Қарлығаш» под­касы ар­қылы судың да сұ­рауы барын ай­тып, суды үнем­деудің жолдарын көр­сеткенде бәре­келді дестік. Эколо­гияға көңіл бөлетін жандар көбейсе, таби­ғат түрлене түседі емес пе? Иә, волонтерлік бағытты жа­нына серік еткен бірнеше жаспен тілдестік. Арасынан іріктеп, ерек­ше бағытта жүр­гендерді топтас­тырдық. Көп­шілікке таныс әлеу­меттік ба­ғытта жүргендері же­терлік. Сіз бен біз тереңіне бой­ламаған ба­ғыт­тардың да адамзат үшін маңызды екені есте жүрсін. Бір ғана қоқысты сұ­рыптап тас­тауға үндейтін волон­терлердің еңбегі ұшан-теңіз екенін бі­­­лесіз бе? Әсіресе, волонтердің әлеу­меттік желідегі парақ­­ша­сын оқығанда өзіңе керегін алып, әлемді өзгертуге үлес қо­са ала­­тыныңды сезесің. Сондықтан ерік­­тілердің әре­кеті әлемді мейі­рімге бөлеп жүр.

Айбике ЖАНАСЫЛ