Еліміздің Ішкі істер министрлігі халықтан қару сатып алуды жалғастырып жатыр. Шамамен осыдан он шақты жыл бұрын басталған бұл процестің әлі тоқтамай келе жатқанына қарағанда, ел-жұртта қару көп тәрізді. Қару құнын бағалау мен қанша дана жиналғаны бөлек әңгіме, жалпы «бұл әдіс тиімді ме?» деген сауал бізді толғантады. Мұны жаппай қарусыздандыру деп айыптайтындар да бар. Шынында, азаматтардың өзін қорғау мүмкіндігін тартып алған жоқпыз ба?
Қару жинау қайта басталмақ
Жалпы, халықтан қару сатып алу, яғни ел арасынан қару жинау 2008 жылдан бастап іске асты. Содан бері 53 мың дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам патрон алыныпты. Бір қызығы, биыл жыл басынан бергі 3 ай ішінде осындай іс-шаралар аясында 600-ден астам қару тәркіленіп үлгерген. Оның 39-ы ойық ұңғылы қарулар екен, яғни оғы алысқа жететін әскери қарулар санатында. Дегенмен құқық қорғаушылар мұны қанағат тұтпайтын секілді. Жуырда Ішкі істер министрлігі (ІІМ) қазақстандықтарға заңсыз сақталған қаруды тапсырып, ол үшін ақша алуға тағы бір мүмкіндік берді. Кезекті акция 20 сәуірде басталды. Биыл халықтан қару сатып алу үшін республикалық бюджеттен тағы 95 млн теңге жұмсалмақ. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш берсе болғаны.Жарақ құны қанша?
Ал қарудың құнын тиісті комиссия бір ай ішінде анықтауы тиіс. Бағаның жоғары не төмен болуы қарудың күйіне байланысты болмақ. Мәселен, тым ескі, тозған қаруға ең төменгі баға – 30 мың теңге төленсе, жақсы сақталған қару үшін ең жоғары баға – 300 мың теңге беріледі. Төлемнің жоғары болуы тек қарудың күйіне ғана емес, түріне де байланысты. Автоматты ойық қарудың әрбір тапсырылған данасы үшін 290 мың теңге, ойық винтовкалар мен карабиндер үшін 145 мың теңге, тапаншалар мен револьверлер үшін 100 мың теңге төленеді. Ал тегіс ұңғылы мылтықтар 90 мың теңгеге дейін бағаланады. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн. Тіркелген қаруға немесе «криминалдық» деп аталатын жараққа, қолдан жасалған оқ-дәрілер, газды және жарақат салуға арналған қаруларға ақша төленбейді.Азаматтар қару ұстауға тиіс пе?
Әуелі мына сұраққа жауап берсек. Халықта мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қазақстандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұрадан қалған. Одан бөлек, тіркеу бойынша шектеулер енгізілгенге дейін табылған не сатып алынған қаруларды үйінде заңсыз сақтайды екен. Елден қару жинап алуды бұрыс іс дей алмаспыз. Қылмысты азайтуға мүмкіндік туар. Дегенмен мұнда азаматтардың өзін-өзі қорғау мәселесі бар. Яғни, қауіпсіздік жайы. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Азаматтық тұлғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құралдарына қатысты травматикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзетулерді қабылдады. Оның үстіне, қауіпсіздік қызметкерлері бұл криминогендік жағдайдың жақсаруына әкеледі деп сендірді. Сонау 2010 жылы «Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бұрын қолданыста болған «5+5» нормасын (бір адамның қолында аңшы қаруының ең көбі бес данасы болуы) «2+2»-ге дейін төмендетті. Яғни, аңшылардың қаруы азайды. Ал халықтың қолындағы қару тәркіленді. Тәркіленді демеске шара жоқ, себебі қаруды министрлік халықтың өз салығына, нарықтағы бағадан 3-4 есе кем құнына сатып алады. Заңгер Абзал Құспан халықты «жаппай қарусыздандыру» қауіпсіздік жайын ұмыт қылғанын айтады. – Ең әуелі шалғайда мал бағатындарға қиын. Қару-жарақтың «сақтау ережесі» деген болады. Малшылардың жағдайы оған келмейді. Қаруды тәркілеуге болады, егер құқық қорғаушылар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса. Бірақ олай болған жоқ. Мал ұрлығы көп. Мейлі, енді қауіпсіздік жайына тереңірек барсақ. Кез келген мемлекетте «Әскери доктрина» болуы тиіс. Бұл бізде жасалмады. Онда «ықтимал қарсылас» деген түсінік болады. Еліміздің геосаяси орналасу аймағын қараңыз. Қақтығыс болған жағдайда халықтың қауіпсіздігіне жауап берер өз шамасы болуы тиіс. Қазақстандағы қару сататын дүкен иелерінің 100 пайызы ресейлік азаматтар. Әскери ұйымдардың жаттығуында да солар. Ал бізде қару ұстай алатын азаматтар аз. Кеңес Одағы кезінде мектеп қабырғасынан бастап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қақтығыстың болу ықтималдығын ешкім жоққа шығара алмайды. Қылмыс өз алдына, жаппай қарусыздандыру процесіне өз басым қарсымын, – дейді ол. Сайып келгенде, елімізде қарудың көлеңкелі айналымы туралы деректердің болмауы құқық қорғаушыларды алаңдататын сынды. Қару тәркілеудің екіжақты әсері бар екенін білдік. Алғашқысы қылмысты азайтуға септесер болса, келесісі азаматтардың қауіпсіздік жайын ұмыттырады. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта да жан-жақты зерделеуді қажет етсе керек.Мадияр ТӨЛЕУ