Бүгінде түйесін өткізе алмаған қазақ түйеқұстан пайда көріп отыр. Еділбай қойы кәуәпқа ғана жарап қалса, елтірісі қоқысқа тасталған қаракөлдің етін асып жеуден әрі аса алмайтын күйге түстік. Одан гөрі сырттан алдыртқан қымбат ешкінің сүті әлемдік сұранысқа ие. Сондай-ақ кезінде сиырды мал демеген елдің кәсіпкерлері енді шетелдің «асылтұқымды» ірі қарасына зәру. Қысқасы, қазақы төрт түліктің еті мен сүті қазақ ауылдарында ғана тұтынатын өнім деңгейінен көтеріле алмай тұр. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз...» деген Қазыбек бидің заманынан айналайын дейсің осындайда.
Африкада түйе, Қазақстанда түйеқұс өтімді
Өкінішке қарай, елімізде Ойсылқара төлінен түсетін пайда аз болып тұр. Баяғыдай емес, қазір оның жүнi өте арзан. Мысалы, үлек түйе 3-4 келi, ұрғашы қоспақ 7-8 келi, буралары 15 келiге дейiн жүн бередi. Бiрақ оның құны күзеуге кеткен шығынды да өтемейдi екен. Мамандардың айтуынша, түйе шаруашылығының дамуына оның етiн көп тұтынбайтынымыз да кедергi келтiрiп отыр. Оған қоса, екi жылда бiр рет қана боталайтын бұл түлік тым баяу көбейедi. Сондықтан Қазақстандағы түйе шаруашылығында онша iлгерiлеушілік жоқ. Әйтпесе, 60-жылдары түйе шаруашылығы бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған ел едік. Сол сәтте түйе шаруашылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары алғаш Қазақстан территориясында жарияланып тұрған. Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде қымыранның құнары мен пайдасы Таяу Шығыс пен араб елдерiнде зерттелiп, түйенiң етi мен сүтi мектеп пен балабақшаның ас мәзiрiне енгiзiліп отыр. Өйткені оның сүтiнiң құрамында демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына шипа болатын кальций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты микроэлементтер көп. Сонымен қатар Қазақстанға «Атамекен» ҰКП Біліктілік орталығының шақыртуымен келіп, жұмыс істеген БҰҰ Азық-түлік ұйымының неміс сарапшысы Марио Юнан түйені Сомали елінің көп өсіретінін айтты. Әлемдегі түйелердің 3/1 бөлігі сол елде шоғырланған көрінеді. Оның етін өндіру жағынан да алдымен Сомали, одан кейін Эфиопия алда келеді екен. Енді өзіміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы елімізде 246 375 түйе тіркелген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 116 540, жеке шаруашылықтарда 129 835 бас түйе бар. «Түйе шаруашылықтарына демеу беру үшін үлкен өткізу нарықтарын ұсыну керек. Мәселен, түйе етін әскери бөлімшелердің тамақтану рационына консервідегі бұқтырылған ет немесе жаңа сойылған ет күйінде беруді міндеттесе, ішкі нарықтың өзінде біршама сұраныс пайда болар еді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің «ет өңдеу комбинаттары халал сертификатына сай шұжық өнімдерін дайындаса» деген ұсыныстары бар», – дейді Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов. Алайда Қазақстанда 2 жылда бiр боталайтын түйенiкіне қарағанда, 5 жылда бiр-ақ рет жұмыртқа шайқайтын түйеқұстың етi қадiрлi болып тұр. Алғаш рет Қостанай облысындағы Қарабатыр шаруа қожалығында қолдан өсіріле бастаған түйеқұс шаруашылығы енді біраз өңірде жанданып келеді. Себебі түйеқұстың еті денсаулыққа пайдалы, холестерині аз, протеині көп диеталық ас деп есептеледі. Сырқаттар мен спортшылар үшін таптырмайтын тағам екен. Ауа райына үйрене бастаған әр түйеқұс күн сайын 2,5 келі құрама жем жейді. Ол үшін бор мен кальций қосылған шөп, жүгері, бидай және соя ұны қоспаларынан тұратын азық-түлік жеткілікті. Сонымен қатар біреуі күніне 10 литрдей су ішеді. Ал жыныстық жағынан 3-5 жасында жетілген құс негізінен сәуір мен қазан айында аптасына бір-екеуден жұмыртқалайды. Салмағы 1,5-2 келі жұмыртқаны қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады. Бір қызығы, жұмыртқасын түнде қоразы, күндіз мекиені басады. Одан балапандар 6-7 аптадан кейін шығып, 6-8 айда ересек құсқа айналады. Он айға жақындаған әр балапан 100 келіге дейін ет береді. Тек олардың тас жұтып қоя беретінін ескеріп, қадағалап жүру керек. Әйтпесе, тұншығып өліп қалады. Одан басқа аса күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейтін түйеқұстың бойы 2-3 метр келетін ересек аталығы 150-160 келіге дейін ет береді. Оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісімен бірдей. Жалпы алғанда, бұл ерекше құстың еті де, жұмыртқасы да, терісі де қымбат. Сол себепті елімізде түйеқұс шаруашылығы үшін субсидия қарастырылмаған. Үкімет ол өз шығынын өзі өтейді деп шешіпті. Алайда түйеқұсты әкеліп, бағып, өсіріп, бірден пайдаға кенелемін деп жоспарлауға да болмайды. Мысалы, олар қыста терең төсеніште, жылыжайларда, ал жазда табиғи топырақтағы жайылымда тұрады. Бөлмесі құрғақ, мүмкіндігінше ашық, жарық, өте таза және жыл мезгіліне сәйкес келуі керек. Егер қандай да бір шарттар сақталмаса, саны мен сапасы бойынша кеткен шығынға сәйкес өнім бермейді және оларды өсіру тиімсіз болып есептеледі.Қойды қойып, ешкіні еншіледік
«Мал өсірсең, қой өсір. Өнімі оның көл-көсір» деген қазақ «Есің кетсе, ешкі жи» және «Ебін тапсаң, ешкі бақ» дегенді де айтқан. Өкінішке қарай, қойдың ертеден сақталып келген 22 түрін жойып алып, қазір қалған қаракөл мен еділбай тұқымының өзіне аса мән бермей отырмыз. Керісінше, қазақ шаруалары шетелдік «желіні жер сызған» сүтті ешкілерге аңсары ауып тұратын болыпты. Қазір әлемде 31 миллион басқа жуық қаракөл күтімге алынған. Орталық Азиядан бөлек, Иран, Ауғанстан, Намибия және Оңтүстік Африка елдерінде де шаруалар қаракөл қойын бағып, мол пайдаға кенеліп отыр. Олар қымбат бағалы теріден зор сұранысқа ие киімдер тігіп жатса, біз әншейін «тұқымы құрып кетпесін» деп қана бағып жүргенге ұқсаймыз. Тек етіне бола өсіріп отырған шаруашылықтар елтірісін елемейді. 90-жылдардың басында Қазақстан қаракөлінің басы 7 миллионға дейін жетіп еді. Сол кезеңде 2 миллион елтірі өңделген. Ал қазір терісі түгіл, қаракөл қойларының өзі 1-1,5 миллион бастан аспайды.Ангустан ақбас сиырымыз артық еді...
«Сиыр бақтым, сидаң қақтым» дегендей, қыста тебіндеп, өз бетінше жайыла алмайтыны болмаса, ауылда тек «бір сиырдың желініне қарап отырған» отбасы көп. Ал біз халықаралық стандартқа сай келетін етті, сүтті сиыр деп әлдеқандай етіп, шетелдің герофорд, ангус, симментал тұқымдарын тасымалдап әлекпіз. Сонда қазақтың етті әрі сүтті бренді – ақбас сиыр қайда қалды?! Ол да ТМД-да алғаш болып шығарылған арнаулы етті бағыттағы ірі қара еді ғой. 30-50-жылдары қазақ және қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы кең тараған тұрпаты бөлек бұл түлік сол сәтте үлкен ғылыми жаңалық ретінде жоғары бағаланған болатын. Кейін осы мәселе жиі көтеріле бастады. Шаруалар «шетелдің сиырларын тасымалдауға кететін шығынды өзіміздің ақбас сиырларды көбейтуге жұмсаған тиімді» деседі. Ал германиялық симментал тұқымын жерсіндіру үшін оны жергілікті сиырмен будандастырып, өзіндік ерекшелігі бар, өңір климатына бейім тұқым алынады-мыс. Симментал аналықтарының әр басына мемлекет тарапынан 225 мың теңге субсидия беріледі. Егер кәсіпкер несие алса, бір бас үшін төлеген 600 мың теңгенің әлгі 225 мыңы мемлекет тарапынан қайтарылады. Өйтіп мұхит асып келген «мықты тұқымды» жерсіндіре алмай, өлтіріп алғанша, өзіміздің ақбас сиырды өсіруге ынта қойғанымыз жөн-ау. Олай дейтініміз, кезінде 1,5 миллионға жуықтаған қазақтың ақбас сиырының қазір небәрі 270 мыңдайы ғана қалыпты. Ал оны өсіруді қайта қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндік туады екен. Өйткені далалы және шөлейт жерлердің табиғи жағдайына бейімделген, жайылым талғамайтын ірі қараның бұқасы орта есеппен 800-900 келіге дейін ет берсе, аналығы 450-500 келіге дейін тартады. Әйтпесе, Қазақстан Үкіметі қазір шетелдік асылтұқымдар үшін мал өнімдерінің 60 пайызын шеттен әкеліп жатыр.Еркеғали БЕЙСЕН