Чемпиондар лигасында биыл жаңа чемпион анықталады. Өйткені өткен жылғы чемпион немістің «Бавария» командасы бұл маусымда былтырғы ерлігін қайталай алмады. Төрт құрлықтың басты додасының кубогына төрт үміткер таласады. Алдағы аптада дүйім жұрт асыға күткен Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары қайта жалғасады.
Жанкүйерлер үшін қос турнирде финалға қай командалардың шығатыны емес, қайсысының жеңімпаз атанатыны қызық болып тұр. Чемпиондар лигасы басталған тұста букмекерлік кеңселер қатысушылардың арасында екі команданы ерекше атаған еді. Оның бірі – Пеп Гвардиола жаттықтыратын ағылшындық «Манчестер Сити», екіншісі – былтырғы чемпион – «Бавария». Алайда «неміс мәшинесін» орта жолдан ПСЖ ойыншылары тоқтатты. Букмекерлік кеңселер әлі күнге дейін «Манчестер Ситиді» басты фаворит санайды. Пеп Гвардиоланың шәкірттері бірнеше жылдан бері осы турнирді жеңіп алуға күш салып жатыр. Былтыр француздық «Лион» командасынан жеңіліп, бұл мақсаттары кейінге қалған. Бұл жолы сол ұмтылыстарын тағы бір рет қайталап көрмек.
Қос турнирді жеңуге мүмкіндігі жоғары командалар жайында спорт комментаторы Ермек Төрениязов айтып берді.
– Биыл еурокубоктық ойындарда ағылшындық клубтардың үстемдігі анық байқалады. Чемпиондар лигасында екі бірдей ағылшын клубы жартылай финалға шықты. Бұл турнирде ағылшындық финалды көріп қалуымыз ғажап емес. «Челсидың» да чемпиондыққа таласуға мүмкіндігі бар. Өткенде кубоктық ойында «Манчестер Ситидің» өзін 1:0 есебімен жеңіп кетті. Меніңше, «Челси» мен «Манчестер Ситидің» бірі топ жаруы мүмкін. «Сити» ішкі чемпионатқа алаңдамаса да болады. Премьер лига чемпиондығы таяқ тастам жерде тұр. Сол себепті көп күшті олар Чемпиондар лигасына салады деп ойлаймын.
Еуропа лигасында да екі ағылшындық клуб бар. Олар – «Арсенал» мен «Манчестер Юнайтед». «Арсеналдың» АПЛ-дағы жағдайы мәз емес. Еурокубоксыз қалуы мүмкін. Олар Еуропа лигасын жеңіп алуға тырысады. «Вильярреалды» қиындықсыз жеңеді деп үміттенемін. «Манчестер» енді биыл қалай да бір кубок алуды ойлап отыр. Ішкі біріншіліктегі жағдайы жаман емес. Екінші орында тұр. Олар да Еуропа лигасын жеңіп алуға басты үміткер. Қарсыластары «Романың» қарқыны аса мықты емес. Бұл турнирде де қос ағылшындық клуб финалға шығатын секілді, – дейді Ермек Төрениязов.
Бір қызығы, француздық ПСЖ командасы аталған турнирде кіл мықты клубтардың бәрін еш қиындықсыз жеңді. «Барселонамен» 1/8 финалдың бірінші ойынында-ақ келесі кезеңге сенімді қадам жасады. Қарымта кездесуде көп күш жұмсамай-ақ өз дегеніне жетті. Одан кейін «Баварияны» жарыс жолынан шығарды. Енді оларға тағы бір үздік клуб – азулы «Манчестер Сити» қарсылас атанды. Енді «қалалықтармен» ойын да Неймар мен Мбаппе бастаған футболшыларға оңайға түспесі анық.
Маусым басында «Реал Мадрид» футболшыларының біраз сынға ұшырағанын да айта кеткен жөн. Бірақ Зинедин Зиданның командасы тез жинақталып, әр ойын сайын қарқын алып келеді. Эль-Класикода «Барселонаны» жеңіп, жартылай финалға «Ливерпуль» командасын қапы қалдырды. Ендігі мәселе – «Реал» осы жеңісті жолын Чемпиондар лигасында жалғай ала ма? Көпті осы сауал қызықтырады.
– Чемпиондар лигасындағы төрт команда да мықты. Төртеуі де үлкен жеңістен дәмелі. ПСЖ бірнеше жыл бойы жартылай финалға шығып келе жатқан команда. Финалға сынық сүйем жетпей қалып жүр. «Челсидың» да Чемпиондар лигасын жеңбегеніне біраз болды. «Манчестер Ситидің» бапкері Гвардиола алдына тек биік мақсат қоя білетін маман. Ол да осындай мүмкіндікті уысынан шығарып алғысы келмейді. Командасы жарап-ақ тұр. Бірақ та осы төрттіктің ішінде ең тәжірибелісі – «Реал Мадрид» командасы. Корольдік клуб пен ПСЖ финалда кездеседі деп ойлаймын. Жеңісті Зиданның шәкірттері тойлайтын шығар. Ал Еуропа лигасында «Арсенал» мен «Рома» финалдық ойынды сарапқа салуы мүмкін. Мен осы турнирде көпшілік күтпеген жағдай болады-ау деп отырмын. «Рома» чемпион атанса таңғалмаймын, – дейді спорт журналисі Мадияр Қазыбек.
Күні кеше УЕФА ресми сайтында Чемпиондар лигасының жартылай финал ойындарының кестесі жарияланды. Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы «Реал» мен «Челси» арасындағы алғашқы матч 27 сәуірде Мадридте өтеді. Қарымта кездесу 5 мамырда Лондонда болады. ПСЖ мен «Манчестер Сити» арасындағы алғашқы матч 28 сәуірде Парижде, ал жауапты матч 4 мамырда Манчестерде өтеді. Турнирдің финалы 29 мамырда Стамбұлдағы «Олимпийский» стадионында өтеді.
Қалай дегенмен бізді алда қызыққа толы тартысты ойындар күтіп тұр. Бұл ретте «Чемпиондар лигасы – тосынсый турнирі» екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан алдағы ойындарда көпшілік күтпеген нәтиже тіркелуі әбден мүмкін.
Абылайхан ЖҰМАШ